Тәуелсіздік — 30

Тәуелсіздік тұсында салынған жолдар

КСРО кезінде біздің республикамызда теміржол қатынасы болғанымен, ол негізінен, Ресейге бағытталған жолдар еді, ал Қазақстанның төрт бұрышын бір-бірімен жалғайтын жолдар салу қарастырылмады.

2014 жылы «Ұлытау төріндегі сұхбатында» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл туралы: «Кеңес Одағы кезінде барлық теміржол Ресейге қарай салынды. Ал көлденең жүретін, елді бір-бірімен қатыстыратын жол салынған жоқ. Ол Кеңес Одағының да, Ресейдің де ешқандай жоспарына кірмеді. Қазақстанды ешкім ойламады», — деді.

Автожолдар жайы да солай еді, негізінен, жерасты байлығын тасып әкету үшін ірі кен орны бар өңірлерге, үлкен қалаларға ғана асфальт жолдар төселді. Ал оның қызығын жергілікті халық көрмеді. Ондай өңірлер мен қалаларда қазақтар өте аз болғаны белгілі. Осы жердің байырғы халқы шоғырланған Ойыл, Ырғыз секілді өңірлерге жолдар салынбады.

Хромтау-Алтынсарин жолы

Жоғарыдағы сөзіміздің бір дәлелі — тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Ақтөбеден солтүстік облыстарға тікелей баратын жолдың болмағаны. Әсіресе ел астанасы бұрынғы Ақмола қаласына көшірілген тұста, мұның қиындығы қатты байқалды. Ақтөбеліктер елордаға барып келу үшін Ресей арқылы айналып, 4 рет шекарадан өтуге мәжбүр болды.

Сондықтан 2001 жылы Хромтау-Алтынсарин теміржолының құрылысы қолға алынды. Бұл — тәуелсіздік жылдарындағы еліміздегі екінші теміржол еді. Жол салу жұмыстары 53 айға жоспарланғанымен, мерзімінен ерте аяқталып, 2004 жылдың соңында пайдалануға берілді. Жол құрылысына 30 миллиард теңге шамасында қаржы жұмсалған.

Жолдың жалпы ұзындығы — 402,5 шақырым, оның 70 пайызы біздің облыстың аумағынан өтеді. Бұл жол Солтүстік пен Шығыстың батыс облыстармен қатынасын — 2 мың шақырымға, ал жолаушылар бағытын 1,5 мың шақырымға қысқартты. Ең бастысы — ақтөбеліктер Ресей кеденшілерінің тексерісінен құтылып, елордаға өз жеріміз арқылы, әрі тезірек жету мүмкіндігіне ие болды.

 Батыстан — орталыққа

Бейнеу-Жезқазған теміржолы арқылы Батыс пен орталық өңірлердің арасын жалғау көзделді. Оның құрылысы 2014 жылы аяқталды. Бұл жөнінде Елбасы: «…міне, еліміздің экономикасы ілгерілеп, 500 миллиард теңге ақша бөлінетін жағдайға жеткеннен кейін, осындай 1200 шақырымдық теміржол салынып отыр. Бұл — айта салғанға өте оңай. Ал маңызына келсек, алдағы 50-100 жылда пайдаланатын игілігіміз», — деген еді.

Бейнеу-Жезқазған жолының бір бөлігі біздің облыстың аумағы арқылы өтеді. Бұл — Шалқар-Бейнеу теміржол бөлігі. Шалқар-Бейнеу жолының ұзындығы — 471 шақырым. Оның 395 шақырымы біздің облысымыздың аумағы, яғни Шалқар, Байғанин аудандары арқылы өтіп жатыр. Жол бойында бірнеше стансалар мен разъездер орналасқан. Сондай-ақ бұл жол арқылы көршілес Атырау, Маңғыстау облыстары және Байғанин ауданындағы кейбір елді мекендер тұрғындарына еліміздің оңтүстігіне тікелей жетуге мүмкіндік берілді.

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай»

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің жалпы ұзындығы — 8445 шақырым. Оның 2787 шақырымы қазақ жерінен өтеді, ал Ақтөбе облысы аумағынан өтетін бөлігінің ұзындығы — 628 шақырым. Бұл бөлік 2013 жылы пайдалануға берілді.

Қазақстан бойынша жол құрылысына 825,1 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Бұл жол тек жүк тасымалы ғана емес, сонымен қатар елімізде туризм саласын дамытуға да игі әсерін тигізеді деп жоспарланды.

Біздің облысымыздағы осы жол бөлігінің бойында 54 қызмет көрсету нысаны орналасқан. Мамандардың айтуынша, жол бойынан күніне орта есеппен 10 мыңдай көлік өтеді.

Сондай-ақ Ақтөбе-Ырғыз автокөлік жолы да осы жолдың бір бөлігі ретінде салынды. Соның нәтижесінде бұрын облыс орталығынан Ырғызға 10-12 сағатта баратын жол, қазір 4-5 сағатқа дейін қысқарып отыр.

Жаңарған жолдар

Ақтөбе мен Ырғыздың арасы ғана емес, 30 жылда облыс орталығынан аудандарға баратын басқа да бірқатар жолдар жаңарды. 2005 жылы Ақтөбе-Хромтау жолы, бұдан соң Ойыл ауданының орталығына баратын жол пайдалануға берілді. Ойылдықтар бұрын облыс орталығына 5-6 сағат жүріп жететін болса, қазір бұл жолға 3 сағат уақыт жұмсайды. 2012-2013 жылдары Ақтөбе-Хромтау-Әйтеке би-Қарабұтақ тасжолы жөндеуден өтті.

Бүгінгі күні 831 шақырымдық Ақтөбе-Атырау-Астрахань жолының құрылысы жүріп жатыр. Бұрын ақтөбеліктер Атырауға Батыс Қазақстан облысы арқылы қатынаса, енді тіке жол арадағы қашықтықты екі есе қысқартты. Сондай-ақ бұл жол Темір, Байғанин аудандарымен қатынасты жеңілдетті.

Әрине, салынған жолдардың ұзындығынан бөлек, сапасы да бар екені белгілі. Жол құрылысына пайдаланылатын материалдардың сапасын жақсарту мәселесі де күн тәртібінде тұр. Бүгінгі күні жол құрылысына геоторлар пайдаланылып, сонымен қатар ғалымдар жергілікті шикізат арқылы материалдардың төзімділігін арттыру мақсатымен зерттеулер жүргізіп жатыр. Жалпы, облыстағы жолдардың 60 пайызы қанағаттанарлық жағдайда деп бағаланған.

Сондай-ақ биыл облыста 14,3 миллиард теңгеге 348 шақырым жол жөнделген.

 А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button