Тәуелсіздік — 30

Тәуелсіздік жемісі: облыс халқының 93 пайызы газбен, 97,3 пайызы ауызсумен қамтылды

Елімізде халықты газбен, ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі тәуелсіздік жылдарында ғана қолға алынды. Атап айтсақ, бұл бағыттағы жұмыстар алдымен еліміздің батыс өңірінде басталды. Тәуелсіздік жылдарында Атырау және Маңғыстау облыстарында тұрғындарды көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 99 пайызға жетті. Батыс Қазақстан облысы бойынша бұл көрсеткіш 96,2 пайызды құрады. Ал Ақтөбе облысында халықтың 93 пайызы көгілдір отынмен қамтылды. Сондай-ақ биыл халықты ауызсумен қамту көрсеткіші 97,3 пайызға жетіп отыр.

Өткенге көз жүгіртсек, кеңес заманы тұсында біздің облыста тек Ақтөбе, Қандыағаш қалалары, теміржол бойында орын тепкен Шалқар ауданы сияқты саусақпен санарлық елді мекендер ғана газбен қамтылған. Жалпы, еліміз егемендікке қол жеткізген тұста облыс халқының 40 пайызы ғана табиғи газды пайдаланыпты.

Кеңестік заманда облыс аумағынан Бұқара-Орал газ желісі өтіп жатқанымен, ауылдарға газ беру мәселесі күн тәртібіне қойылмаған. Мәселен, 1980 жылдардың соңында Жаңажолдан Қандыағаш пен Шұбарқұдыққа, Қандыағаштан Алғаға дейін газ құбырын тарту жұмыстары қолға алынғанмен, сан қилы сылтаулармен кейінге ысырылып, КСРО ыдыраған тұста жобаның бірде-бірі аяқталмаған күйі қалған. Тек тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өңірде қабылданған газдандыру бағдарламасының арқасында бұл елді мекендерге көгілдір отын берілді. Атап айтсақ, бұл бағыттағы жұмыстар алдымен Қандыағаш қаласында, одан кейін (1994 жылдың аяғында) Темір ауданының орталығы — Шұбарқұдықта жүргізілді. Нәтижесінде екі аудан орталығының тұрғындары көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. 1995 жылдан кейін өңірдегі басқа аудандарға да газ тарту жобалары қолға алынды. Осылайша 2016 жылы газбен қамтылмаған соңғы елді мекендер — Ойыл мен Ырғыз аудандарының орталығына көгілдір отын жеткізілді. Ал 2019-2020 жылдары тұрғындарының жалпы саны 10 мың адамнан асатын 13 ауылға газ құбырлары жүргізілді. Биылғы жылы тағы сегіз ауылға көгілдір отын берілді. Сондай-ақ ауылдарға құбыр желілерін тарту үшін құны шамамен 10 млрд теңге болатын бес жаңа жобаны жүзеге асыру басталды,​ яғни болашақта 13 мыңнан астам тұрғыны бар 25 ауыл газбен қамтамасыз етілмек. Олардың қатарында Жұрын, Қаракөл, Әлімбет, Құмқұдық, Құтикөл, Ащысай, Қаратаусай, Байтұрасай, Аманкөл, Жарма және т.б. ауылдар бар.
Ал ауызсуға келсек, елімізде 2000 жылдардан бастап халықты ауызсумен және су бұру қызметімен қамтамасыз ету бойынша мақсатты түрде жұмыстар жүргізілді. 20 жыл ішінде Қазақстанда «Ауыз су», «Ақ бұлақ», «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында 48,2 мың шақырым инженерлік желі салынып, халықты сумен жабдықтау деңгейі 92,6% пайызға жетті. Мысалы, 2002 жылы облыстағы 441 ауылдық елді мекеннің 59-ы (13%) орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесін пайдаланса, 2011 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ауызсу құбыры жүргізілген ауылдар саны 97-ге (24%) жеткен. Осылайша 2011 жылы, яғни осыдан тура он жыл бұрын облыс халқының 87 пайызы немесе 675 мың тұрғыны ауызсумен қамтамасыз етілген. Оның ішінде ауылдық елді мекендерде ауызсумен қамтылғандардың саны 199 мың адам болған.

Қазіргі таңда елімізде, оның ішінде өңірімізде тұрғындарды ауызсумен қамту үшін 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы іске асырылуда. Бұл мақсатта Елбасының кезінде берген тапсырмасына сәйкес жыл сайын кемінде 100 млрд теңге қаражат бөлінуде. Мәселен, былтыр қалалар мен ауылдарда сумен жабдықтау және су бұру желілерін дамытуға республикалық бюджеттен 113,6 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде 303 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде Ақтөбе облысында орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету бойынша 12 жоба іске асырылған. Ал биылғы жылы 5,8 мың адам тұратын тағы он ауылға су құбырлары тартылуда. Осылайша бүгінде облыс халқын сумен қамту көрсеткіші 97,3 пайызға жетіп отыр.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button