Басты жаңалықтар

Димаш қазақты әлемге танытты

«Димаш Құдайберген — ән өнеріндегі құбылыс. Нағыз талант иесі. Қазақтың мәдениетін, ән өнерін шартарапқа паш етіп жүрген виртуоз. Оның әлі талай биіктерді бағындырарына сенімдімін және тілектеспін».  

ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, жерлесіміз — Димаш Құдайбергенді, сөзсіз, егемен елдің мақтанышы деуге болады. Ақтөбелік жігіт әншілік жолында бірталай белесті бағындырды. Мұнда Тәуелсіздіктің үлесі бары сөзсіз. Өйткені соның арқасында талай талантты ұл-қыздарымыз шетелге шығуға, дүниежүзілік додаларға қатысуға, жалпы, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алды.

Ақтөбедегі алғашқы концерт 

Димаш Құдайберген 2017 жылы Қытайда өткен «Мен әншімін» байқауында екінші орын алып, жүлдегер болған соң ғана әлемге танылып, өз елінде елене бастады дейтіндер бар. Бұл — қате пікір. Өйткені жерлесіміз оған дейін «Жас қанат» сынды ірі музыкалық байқауларда топ жарып, Қазақстанда азды-көп марапаттарды алып үлгерген жас болды. Халықаралық «Славян базары» байқауының жеңімпазы атанды. Артынша 2016 жылы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Димаштың Ақтөбедегі «Қоныс» спорт сарайында «Ұмытылмас күн» атты алғашқы есеп беру концерті өтті. Сол жылы еліміздің бірқатар қалаларында шығармашылық кешін өткізген жерлесіміздің туған жеріндегі өнер тойында халық әндері, әлем классиктері мен қазақ композиторларының, жалпы бірнеше тілдегі 20-дан астам туынды шырқалды. Сондай-ақ өзі сүйіп тыңдайтын Батырхан Шүкенов, Селин Дион, Алла Пугачевалардың репертуарындағы әндерге де кезек берілді. Сол кезде Димашқа қолдау көрсеткендердің қатарында кеш иесінің ата-анасы — Қанат-Светлана Айтбаевтар, ұстазы Марат Әйтімов, өнердегі ағалары Ерболат Құдайбергенов, «Алашұлы» тобы, сонымен қатар «Шах», «Step UP» би топтары болды. 3 мыңнан астам адам жиналған залда көрермендердің ақ пейілі ерекше сезілді.

Ел астанасындағы «Бастау»

Арада бір жыл өткенде, яғни 2017 жылдың маусым айында елордадағы «Астана арена» стадионында «ЭКСПО-2017» көрмесінің Ақтөбе күндері аясында Димаштың «Бастау» атты концерті ұйымдастырылды. 4 сағатқа созылған кешке көрермендер көптеп жиналды.

Бұл күні оны қолдауға қытайлық Терри Лин, «Евровидение-2012» байқауының жеңімпазы Лорин, ресейлік Кристина Орбакайте, қазақстандық Майра Мұхамедқызы сынды әншілерден бөлек, «Алау», «Кешyou», «Бастау», т.б. топтар келді.

Жарқ-жұрқ еткен түрлі түсті шамдар, бишілер тобымен ортада жарқырай көрінген ол қазақ, орыс, ағылшын, француз және қытай тілдеріндегі туындыларды кезек-кезек орындады. Бес бөлімнен тұрған шығармашылық кеш барысында дуэт те, күй де болды. Жүз пайыз жанды дауыста өткен концертте, әрине, мемлекеттік тілдегі әндерге басымдық берілді. Ал Димашқа келген көрермендердің қатарында қытай, орыс, француз жастары да табылды.  Олар кеш бойы ақ тілегі жазылған  парақшаларды жоғары көтеріп, жас талапқа өздерінің риясыз көңілін білдірді.

Ұлы даладан — Ұлыбританияға

2018 жылдан бері Димаш шығармашылық кештерін шетелде де өткізе бастады. Айталық, сол уақытта жерлесіміздің Лондон қаласында алғашқы концерті өтті. «DQ» шоуы Ұлыбританиядағы Қазақстанның мәдениет күндері аясында ұйымдастырылды.

ҚР Мәдениет және cпорт министрлігі мен сондағы елшіліктің қолдауымен өткен концерт екі сағаттан астам уақытқа созылды. Бұл күні «Indigo at the O2» концерт залында әлемдік хиттер де орындалды. Бұлардың арасында көпшілікке жақсы таныс «Adajio», «The Show Must go on», «If I Never Breathe Again» және «SOS d’un terrien» композициялары бар. Соңғысын Димаш қазақстандық спортшы Денис Теннің рухына арнады. Барлығы — 29 ән. Сондай-ақ көрермендердің алдында кеш иесі қазақтың ұлттық музыкалық аспабы — домбырамен «Адай» күйін күмбірлеткенін айта кету керек.

«Көздері жанып тұрған, шынайы көрерменнің алдында өнер көрсетіп, өзіңнің сүйікті әндеріңді орындағанда, концерттен қандай әсер алғаныңды бірден жеткізу қиын. Бір-ақ нәрсені айта аламын: мен өте қуаныштымын», — деп жүрекжарды лебізімен бөлісті концерттен соң Димаш Құдайберген.

Концертке әлемнің 45 елінде тұратын жанкүйерлер көрермен боп келді. Мәселен, Ресейдің «ИТАР-ТАСС» ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында канадалық Челси Ивинг Димаш үшін екі сағат жол жүріп келгенін, оған еш өкінбейтінін айтыпты. «Оның өнеріне деген қызығушылығымның артуына Денис Тен себепші болды. Атақты мәнерлеп сырғанаушы Димаштың әнімен өнер көрсеткенде, «бұл қандай әнші?» деген сұрақ көкейімнен кетпей, ол туралы іздене бастадым. Сөйтіп, оның қалай жанкүйері болғанымды білмей қалдым. Мен оған барлық жақсылықты тілеймін», — дейді ол. Ал Лондон тұрғыны Мелисса Ловлок өзі ғана келіп қоймай, ата-анасын да үгіттепті. «Мен Димаштың шығармашылығымен ол Қытайдағы байқауға қатысқаннан бері таныспын. Ол екінші орын алғанда қатты қуандым. Ол туралы молырақ ақпаратты білмек болып, әрдайым YouTube сайты мен әлеуметтік желілерді қадағалап отырамын. Кеш иесінің өнері әке-шешеме де ұнап, бәріміздің енді Қазақстанға бармақ жоспарымыз бар. Ол тілегіміз де алдағы уақытта жүзеге асар», — дейді жанкүйер қыз.

Тағы бір көрермен Мәскеу қаласында туып, қазірде Ұлыбританияда тұратын Тамара да жерлесіміз жайлы Қытайдағы байқаудан кейін жете біле бастаған. «Сол уақыттан бері оның әндерін үнемі тыңдаймын. Мен оның құрметіне ашылған фан-клубтың мүшесімін. Айталық, Ұлыбритания мен Ирландиядағы Димаштың жанкүйерлер тобында 500-ге жуық адам бар. Болашақта қатарымыздағы қыз-жігіттердің саны әлдеқайда көп болатынына күмәнім жоқ», — деп ағынан жарылды Тамара.

Кремльді дүбірлеткен қазақ баласы

Ресей төрінде шығармашылық кешін өткізген қазақ әншілері соншалықты көп емес. Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаевадан кейін бұл бақытқа біздің Димаш жетті. 2019 жылдың  22-23 наурыз күндері Ресей Федерациясының бас қаласында ұйымдастырылды.

Ресми дереккөздерге сүйенсек, әншінің Мәскеудегі концертіне әлемнің 56 елінен 500-ге тарта жанкүйері жиналған. Димаштың шашбауын көтеріп, қолдау көрсетуге келгендердің қатарында еліміздің бірқатар облыстарынан арнайы барған тыңдармандары да болды. Дәстүр бойынша олар концерттің алдында кездесу ұйымдастыру арқылы өзара пікір алысып, танысты.

 

Шығармашылық кеште ұзын саны 20-дан астам қазақ, орыс, ағылшын, қытай, француз, испан, итальян тілдеріндегі әндер шырқалды. Жаңа туындылар да көптеп қамтылды. Әсіресе француз әншісі Лара Фабиан сөзін, композитор Игорь Крутой сазын жазған «Мадемуазель Хайд» әнін жиналғандар ерекше жылы қабылдаған. Екі жарым сағатқа созылған концертте Димаш өзінің ұстазы — Марат Әйтімовпен дуэт орындағанын да айта кету керек. Ал композицияларды бимен көркемдеген — «Тодес», «Астана балет» ұжымдары.

Әлгінде айтқанымыздай, концерттің басты ерекшеліктерінің бірі — Димаш ұстазға деген құрметтің әдемі үлгісін көрсетті. Мәскеудің төрінде өзінің Ақтөбедегі А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжінде тәлім алған ұстазы — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімовпен қос дауыста итальян тіліндегі әнді орындады. Димаш кішкентай кезінен-ақ осы сахнада ағайымен бірге өнер көрсетуді армандаған екен…

— Димаш маған сәлем бере келгенде, «екеуміз Кремльде өтетін концертімде дуэт орындасақ…» деп ұсынысын ортаға салды. Артынша итальян тіліндегі осы әннің өзіне ерекше ұнайтынын жеткізді. Бұл композиция «Крестный отец» фильмінен алынған, сөзін Ларри Кьюзик, ал әнін композитор Нино Рота шығарған. «Speak softly, love» деп аталады. Басқа тілдегі ән болса да, орындау соншалықты қиын болған жоқ. Көрермендер де жақсы қабылдады.  

Әрине, шәкіртіммен Кремльде ән айтқаныма қуаныштымын. Осындай ізет көрсеткеніне де разымын. Алдағы уақытта басқа да әндерді бірігіп орындаймыз деп ойлаймын, — дейді Марат Әйтімов.

Елеусіз қалмаған еңбек

Жоғарыда айтқанымыздай, Димаш — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Сондай-ақ өзі туып-өскен Ақтөбе қаласында облыс әкімінің қолынан «Ақтөбенің 150 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталды.

Ол Ресейдегі «Виктория» музыкалық сыйлығының «Классикалық музыкадағы жылдың вокалисі» номинациясының иегері. Бұл — жылдың соңында Ресейде үздік музыка мамандары, орындаушылар, композиторлар, ақындар, продюсерлер, журналистерге берілетін марапат. Барлығы — 15 аталым.

 P.S. Тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келген жерлесіміз Димаш Құдайберген туралы жазылатын дүние көп. Біз тек оның өнердегі ең басты деген асуларына тоқталуды жөн көрдік.

…Елмен бірге өсіп-өне бергей!

  Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button