Тәуелсіздік — 30

«Асқар шыңдарға ту тіккен ауыл әйелдері»  

«Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығында өткен шара барысында облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова ауыл әйелдеріне республикалық деңгейде жарық көрген «Асқар шыңдарға ту тіккен ауыл әйелдері» кітабын табыстады.

— Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде елімізде көптеген іргелі жұмыстар жасалды, еліміз әлемдік деңгейде танылды, мойындалды. Мемлекетіміздің өркендеуі бағытында кәсіпкерлік саласында еңбек етіп жүрген әйел адамдардың да қосқан үлесі зор. Соның бір дәлелі —  жақында ақтөбелік кәсіпкер қыз-келіншектеріміз Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Ауылдағы әйелдер кәсіпкерлігі —  экономикалық тұрақтылық пен орнықты дамуға бастайтын жол»  атты Қазақстанның ауыл әйелдерінің IV республикалық форумына қатысып, бірқатары «Асқар шыңдарға ту тіккен ауыл әйелдері» республикалық кітабына енгізілді.

Жалпы, елімізде әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға арналған бірнеше бағдарлама жүзеге асырылып отыр. Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің жол картасы» секілді мемлекеттік бағдарламалар аясында әйелдер кәсіпкерлігі көптеген қолдау алып отыр. «Coca‑Cola белестері» атты әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жобасын да атап өтуге болады. Осындай бағдарламалар аясында ауылда өз кәсібін бастаған аруларымыз түрлі гранттарға ие болып, жұмыстарын жандандырып отыр. Сіздерді осындай жетістіктеріңізбен облыс әкімінің атынан құттықтай отырып, ел тәуелсіздігін нығайту жолында атқарып жатқан еңбектеріңізге сәттілік тілеймін, — дей келе Б.Елеусінова кітапқа енген әйелдерге сол кітаптарды, гүл шоқтарын табыс етті.

«Асқар шыңдарға ту тіккен ауыл әйелдері» кітабы биыл үшінші рет шығарылып отыр. Оған жыл сайын өткізілетін ауыл әйелдері форумына қатысқан жандар туралы мәліметтер енгізіледі.

— 2021 жылғы кітапқа ауыл әйелдері республикалық форумына қатысқан облыс ауылдарында тұратын 8 адам, ал былтырғы кітапқа халықаралық «Coca-Cola белестерi» грантының 3 иегері туралы ақпарат енгізілді. Олардың қызмет саласы, кәсібі, тіпті жас аралықтары да әртүрлі. Бірақ олардың бәрін бір —  ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту, нәтижелі жұмыспен қамту, ауыл халқының әл-ауқатын көтеру секілді ортақ мақсат біріктіреді. Біз бұл форумға тек кәсіпкер әйелдерді ғана емес, ауылда әр салада еңбек етіп жүрген қарапайым қыз-келіншектерді де тарттық, — дейді облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Дана Тынымқұлова.

Кітапқа енгізілген 11 әйелдің қатарында Мәртөк ауданы Бөрте ауылының мұғалімі, блогер Айнұр Жәкенова, Хромтау ауданындағы «Аманжол» шаруа қожалығының басшысы, жеке кәсіпкер Балсұлу Нәжмедденова, Мәртөк ауданы Жайсаң арнаулы колледжінің мұғалімі Динара Оразова, жасыл технологияларды қолдана отырып саңырауқұлақтарды өндіруге, жаңа піскен және қайта өңделген саңырауқұлақтарды өткізуге грант алған қарғалылық Зоя Полищук секілді бірқатар әйел адамдар бар.

Шара барысында халықаралық «Coca-Cola белестерi» грантының иегерлері өз жұмыстарының көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге Ойыл аудандық «Үкілі үміт» мүмкіндігі шектеулі жандар клубының мүшесі Гүлсім Елекбаева, ателье ашу, тауар өндіру, халық тұтыну грантының иегері ақтөбелік Нарқызы Тәжіғалиева және Мәртөк ауданынан келген «Мал шаруашылығы және тамақ өндірісі. Ешкі сүті негізіндегі ірімшік өндірісі» номинациясы бойынша грант иегері Сания Коханова өз өнімдерін қойды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button