Тәуелсіздік — 30

«Азат» және ұлт жанашырлары

Кеше осындай атаумен Шығармашылық академиясында Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысына 30 жыл толуына орай облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті.

Конференцияға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, «Азат» қозғалысының ардагерлері, тарихшы-оқытушылар мен студенттер, БАҚ өкілдері қатысты.

Шарада облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова 90-жылдары азаттықтар халқымыздың денсаулығына ауыр зардап әкелген экология мәселесіне баса назар аударғанын, халықаралық «Невада-Семей» қозғалысы аясында Семейдегі және Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Қалдайбек, Атыраудағы Тайсойған, Ордадағы Нарын полигондарының жабылуына, сондай-ақ Байқоңыр мен Арал мәселелерін шешуге айрықша атсалысқанын атап өтті.

— Ғасырлар бойы қазақ елі аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізуге өз үлесін қосқан «Алдаспан» қоғамдық-саяси, мәдени бірлестігі —  облыста алғаш рет ресми түрде тіркелген қоғамдық бірлестік. Осы бірлестіктің құрамында бүгінгі күні ортамызда жүрген бірқатар абзал аға-апаларымыз болды. Олар ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ұлттық құндылықтарды қалпына келтіру, қазақ халқының ұлттық санасын ояту сияқты үлкен мәселелерді қолға алды.

Бүгінде 30 жылдық тарихы бар еліміздің өткен жолдарына, жеткен жетістіктеріне қоғамда жақсы да, теріс те пікірлер айтылып жүр. Дегенмен отыз жыл мемлекет үшін аз уақыт болғанымен, біз үшін бұл уақыттың құны бағалы, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұдан кейін конференцияда «Азат» қозғалысының мүшесі Серік Ерғали «Азат» қозғалысының Қазақстан тәуелсіздігі тарихындағы орны» тақырыбында баяндама жасады. Оның айтуынша, «Азат» қозғалысынан бұрын өңірде белсенді азаматтардың бастамасымен «Алдаспан» клубы құрылған.

  • Қазіргі жастар бұл жаңаша тарихты білмейді. Себебі тарихшыларымыз бұл тақырыпты әлі күнге дейін қаузамай отыр. Біз кеше облыс әкімінің қабылдауында болғанымызда, ол кісі қызметкерлеріне тапсырма берді. Алдағы уақытта осы жаңаша тарихты, атап айтсақ, 90-жылдары болған үдерістерді жоғары оқу орындарындағы тарихшылар, магистрлер зерттеу керектігін айтты. Біз осыны көптен күткенбіз.

Енді «Азат» қозғалысына келсек, біз сол кезеңде әр жерде жиын, дөңгелек үстел өткізіп, лекция оқыған жоқпыз, ашық түрде азаматтық позициямызды білдірдік. Бір таңғаларлығы, сол қозғалысқа кілең мүйізі қарағайдай азаматтар, көшбасшылар мүше болды. Былай алып қарасаң, көшбасшылардың өзара бірігуі өте қиын, дегенмен ұлттың жоғын жоқтауда сол көшбасшылар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білдік. Нәтижесінде, міне, егемендікке қол жеткіздік, — деді ол.

Жиында сондай-ақ С.Ташкенбай «Алдаспан», «Азат» — тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары», Е.Жайлыбай «Алдаспан» қоғамдық бірлестігінің 90-жылдардағы саяси орны мен атқарған жұмыстары», Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетінің профессоры Н.Абдоллаев «Қазақстандық демократияландырудың алғашқы қадамдары» тақырыбында баяндама жасап, сол кезеңде елде болған елеулі оқиғалар мен азаттықтардың тәуелсіздікке қол жеткізуде қосқан үлестері туралы айтып берді.

Конференция соңы «Атамекен» әнімен аяқталды.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button