Тәуелсіздік — 30

Үлгілі отбасылар марапатталды

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында көп жыл отасқан мерейтой иелерін салтанатты түрде құттықтау, биыл Тұңғыш Президент күні дүниеге келген сәбилердің ата-аналарына туу туралы куәліктерін табыстау, сондай-ақ көпбалалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапаттау шарасы өтті.

Шараға жиналғандар мерекелік дастарқан басында өнегелі әңгіме өрбітіп, әуезді әндер тыңдады.

Марапат иелерін Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айбек Көпенов құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ егемендік алған уақыттан бері ел дамуындағы маңызды салаларға тоқталды.

Биыл Ақтөбе қаласында Тұңғыш Президент күні 12 сәби дүниеге келген. Осы мерекеде сәбилі болғандардың бірі — 39 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны Талғат Әбубәкіров.  Жетінші перзенті дүниеге келген бақытты әке бүгінгі сый-құрмет үшін өз ризашылығын білдірді.

— Ұлымның атын Әбухан деп қойдық. Өзім жеке кәсіпкерлікпен айналысамын. Келіншегім Маржанкүл бала тәрбиесімен үйде отыр. Енді «Алтын алқа» иегері атанбақ. Ұрпағымыз тәуелсіз мемлекетте өмірге келіп, бақытты ғұмыр кешуде. Бүгінгі шарада құттықтап, сый-сияпат танытып жатқан ұйымдастырушыларға алғысымызды айтамыз, — деді ол.

Сондай-ақ бұл күні алтын (50 жыл), лағыл (40 жыл), маржан  (35 жыл) және інжу (30 жыл) той иелеріне, барлығы 11 отбасына сыйлықтар тарту етілді.

50 жыл отасқан Сабыровтар отбасы бүгінде үш баласынан тараған ұрпағының қызығын көруде.

Біз 1968 жылы шаңырақ көтердік. Шаңырақтың беріктігі ондағы сыйластық пен ауызбіршілікке байланысты. Отбасындағы басты құндылық — ең бірінші, үлкен сыйластық болу керек. Ерлі-зайыптылар тату болса, мейірімділік пен сүйіспеншілік қасиеті жоғары болатын болса, сол отбасынан шыққан балалардың да тәрбиесі жақсы, берік болады, —  деп санайды Шамшадин Сабыров.

Сонымен қатар мерекелік іс-шара барысында қала әкімінің орынбасары Мемлекет басшысының биылғы жылғы 1 қарашадағы №684 Жарлығына сәйкес 6 көпбалалы ананы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапаттады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button