Басты жаңалықтарМереке

1 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні!

Қадірлі жерлестер!

Егемендіктің отыз жылдық мерейлі жылында ел тарихындағы елеулі кезеңді бастан өткерудеміз. Осы уақыт өлшеміндегі жетістіктерді Нұрсұлтан Назарбаевтай біртуар тұлғасыз елестету қиын. Ол ғасырларға жүк болар ауқымды істерді атқарды. Әлемдік тәжірибеде зайырлы елдер, түрлі кезеңде мемлекет басқарған қандай тұлға болмасын, оның болмысына зор құрметпен қарайды. Біздің бүгінгі атап отырған  ҚР тұңғыш Президенті күні — сондай құрметтің нышаны.

Еркіндік алып, өз алдымызға ел болу — ата-бабаларымыздың асыл арманы еді.  Оны көру біздің бағымызға бұйырды.

Осындай күрделі кезеңде тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  барлық жауапкершілікті өз мойнына алды. Елдің келешегі үшін батыл қадамдар жасады. Әлемдік қауымдастықтың сеніміне кірді. Инвестиция тартты.

Нарықтық экономикаға сай ахуал қалыптастыруда  тұңғыш Президент өзінің тума таланты мен саяси шеберлігін көрсетті.

Елбасының мемлекеттік жүйені жаңадан қалыптастырудағы еңбегі ерекше. Атқарушы құрылымдарды оңтайландырып, заң қабылдаушы қос  палаталы  парламентті, дербес сот жүйесін  қалыптастырды. Әлемдік талаптарға сай жаңа заңдарымызды бекітіп,  заңнамаларды, нормативтік-құқықтық актілерді әлемдік стандарттарға сай реттейтін талап қойды. Кеден бекеттерімізді белгілеп, шекарамызды шегендеді. Ел қорғанына лайықты әскер құрды. Төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріндегі елдердің басым көпшілігімен дипломатиялық қатынастар орнатты. Басқа да көптеген маңызды шаруалар тындырылды.

Елордамызды жаңалап, Ұлы дала төрінен жаңа қала бой көтерді.  Өңірлердің де өңі кірді. Түркістанды түлетті.

Таяуда ғана өткен Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды. «Бұл — отыз жылдық белесті елмен бірге өткерген Елбасы ретіндегі менің жас ұрпаққа жолдар үндеуім деп қабылдаңыздар» деп ағынан жарылды.

Осы жылдарда жеткен жетістіктерімізді бүгінгі күні Мемлекет тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаев еселеп ұлғайтуда. Ол саяси кеңістікте  еліміздің  беделін күннен-күнге арттыруда. Әлемдік державалармен және ықпалды мемлекеттермен тең құқылы, өзара ынтымақтастыққа бағытталған салмақты саясат жүргізуде.

Біздің жетістіктеріміз — елдің ауызбіршілігі мен ынтымағының жемісі, халқымыздың еңбекқорлығының нәтижесі. Дара туған тұлғаның тарихтағы лайықты бағасын болашақ ұрпақ берер.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табандылығы мен салиқалы саясатының арқасында бүгінгідей биіктерге жеттік. Елдегі өзара татулық, береке-бірлік, еліміздің тыныштығы мен бүтіндігі — баға жетпес байлығымыз.

Ұлық мерекеміз баршамызға құтты болсын!  Елдің ертеңіне деген сеніміміз берік, жарқын күндеріміз жақын болсын!

Оңдасын ОРАЗАЛИН,

Ақтөбе облысының әкімі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button