Басты жаңалықтарМереке

 «Елбасымен сұхбаттасу үлкен жауапкершілік жүктейді»    

Айгүл Әділова — Елбасымен бірнеше рет сұхбаттасып, ол туралы сериялық деректі фильмдер топтамасын ұсынған журналист. Ақтөбеде туып-өсіп, облыстық телеарнада еңбек жолын бастаған ол қазір «Хабар» телеарнасында арнайы жобалар бөлімінің жетекшісі болып еңбек етеді.

Тұңғыш Президент күні қарсаңында біз елордадағы әріптесімізбен Нұрсұлтан Назарбаевпен сұхбаттары, сапарлас болғандағы естеліктері жөнінде әңгімелескен едік.

— Сенің небәрі 18 жаста сол кездегі Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс іздеп, ауысқаныңды білеміз. Оқырмандарға алдымен бүгінге дейін қайда еңбек еткенің туралы қысқаша айта кетсең.

— Иә, кәмелет жасына жеткенімде арман қуып, сол жақта тұрайын деп бас қалаға барғанмын. Онымен бәрі мен ойлағандай болмай, Ақтөбеге оралуыма тура келді. Содан «Астана» телеарнасының өңірдегі меншікті тілшісі болып, тәжірибемді арттырдым. Оған дейін «РИКА ТВ», «Қазақстан-Ақтөбе» телеарналарында тележүргізуші, журналист, редактор ретінде еңбек еткенмін.

Дегенмен 2011 жылы «Еуразия» телеарнасының елордадағы жаңалықтар қызметіне ауысудың сәті түсті. Арада 4 жыл өткенде арнайы шақыртумен «Хабар» телеарнасына журналист болып қызметке орналастым әрі сол кездегі ел Президентінің пулына қосылдым. Соңғысының Мемлекет басшысына қатысты барлық жаңалықтарды жұртшылыққа жеткізумен айналысатыны белгілі.  Сол уақыттан, яғни 2015 жылдан бері мен тұңғыш Президент — Елбасы қатысқан барлық ресми шаралар, өткізген жиын-басқосулар жайлы хабар таратып келемін. Сондай-ақ қазіргі таңда «Хабар» агенттігі қорытынды жаңалықтар шығарылымын жүргізіп, арнайы жобалар бөліміне жетекшілік етемін.

— Көпшілікке «Хабар» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің жүргізушісі, Елбасыдан сұхбат алған журналист ретінде таныссың. Нұрсұлтан Назарбаевпен алғашқы сұхбатың есіңде ме?

— Әлгінде айтқанымдай, 2015 жылдан бері Елбасының атқарған жұмыстары туралы көрерменді құлағдар етіп келемін. Сол үшін де, ең алдымен, телеарна тілшісі ретінде  Нұрсұлтан Әбішұлының қатысқан баспасөз мәслихаттарына, белгілі бір кездесулерде сөйлеген сәттеріне, эксклюзивті сұхбаттарына куә болдым. Бұның бәрі сұхбат болып есептелетіндіктен, тап басып «алғашқы сұхбатым осындай уақытта болды» дей алмаймын. Бір анығы, ең алғаш рет Елбасынан отандық БАҚ өкілдерімен «Хабар» агенттігінің атынан сұхбат алғанмын.

— Солардың арасында ол туралы жақында ғана жарық көрген «Штрихи к портрету» деректі фильмдер топтамасы бәрінен ерекше шығар?

— Иә, мен үшін бұл — айрықша жоба. Әрі уақыты жағынан көлемді, жаңадан шыққан деуге де болады. 5 бөлімнен тұратын деректі фильмдер топтамасын біз тұңғыш Президент — Елбасының баспасөз қызметімен бірлесе дайындадық.

«Штрихи к портрету» арнайы жобасында өз басым Елбасын жаңа қырынан танытуға, бұрын-соңды айтылмаған дүниелерді қамтуға тырыстым. Әрине, 30 жылда ол атқарған шаруаның барлығын бір жобаға сыйғызу мүмкін емес. Бірақ біз бұрын-соңды айтылмаған, бәлкім, өз деңгейінде елге таралмаған тәуелсіздік табыстарына ерекше маңыз беруге күш салдық. Мұндағы ойымыз өскелең ұрпақ, жастар егемен елдің қалай орнағанын білсе деген ниет. Және Елбасының осы тұста қандай ерен еңбегі барын ұғындыру. Біле білгенге бұл көпшілікте кездесе бермейтін күш-жігер, мол білімді қажет етеді.

«Штрихи к портрету» арнайы жобасында Елбасыға әртүрлі сұрақтар қойылды, оны сан қырынан көрсеткіміз келді. Ғаламторда бұл сұхбаттар топтамасы бар, кез келген уақытта оқырмандардың көруіне болады.

— Тұңғыш Президенттің пулында болып, Елбасымен бірге 20-дан астам мемлекетті араладың. Қай сапар есіңде қалды?

— Иә, бұның барлығы пандемияға дейін болды. Шетелдік сапарлар туралы айтсам, ойыма бірден тығыз жұмыс кестесі, қыруар еңбек, жеделдік деген ұғымдар келеді… Шын мәнінде, Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге жүргенде оның еңбекқорлығына, іскерлігіне, мол тәжірибесіне тәнті боласың.

Сол кездегі Мемлекет басшысымен Қытай, Түркия, Жапония, АҚШ мемлекеттеріне жасаған ресми сапарларымыз есімде қалыпты. Бір күнде 5 шараға дейін қатысып, арасында келіссөздер жүргізуге уақыт табу айтуға ғана оңай. Жоспарланған жұмыстарды орындау үшін кейде ауқаттануға да уақыт таппайсың. Өйткені елдегі көрермендерге хабарды тез арада әрі жан-жақты жеткізу керек.

Журналист ретінде осындай сапарлардың қайсысында болсын, ең әуелі оның Қазақстанға пайдасы, екіжақты әріптестіктің өзімізге әкелер игілігіне баса мән беруге тырыстым. Неге десеңіз, теледидар алдында отырған көзі қырағы қауымға, ең алдымен, осы жағы қызық деп ойлаймын.

— Президент гранты, билік партиясы сыйлығының иегерісің. Тұңғыш Президент қоры ұйымдастырған байқауда «Үздік тележурналист» атандың. Бұның бәрі сол кездегі Мемлекет басшысының саған берген бағасы, құрметі екені сөзсіз. Өзіңе қай марапаттың орны бөлек?

— Мен үшін ең маңыздысы — эфирге шыққан бейнематериалыңа көрермендер тарапынан белгілі бір пікірдің болуы, арадағы кері байланыстың орнауы. Мәселен, көшеде сені бір адам танып қалып, «Елбасымен өрбіген сұхбатыңызды көрдім, сіздің арқаңызда осыны білдім», болмаса «осы мәселеге бұған дейін көңіл аудармаппын, сюжетіңізден кейін ойым өзгерді» дегендей пікірлерді естігенде, қанаттанып қаласың. Журналист үшін ең басты қуаныш — осы.

Осы орайда мен үшін Елбасының көршілес елдермен жақсы байланыстың түзілуіне жағдай жасап, өзгелермен шекарамызға қатысты ешқандай келіспеушіліктің болмауын әу баста-ақ алдын алуы — үлкен еңбек. Біле білгенге мемлекеттіліктің басты көрінісі бұл. Әйтпесе, осы шекара, ұлтарақтай жер үшін дүниежүзінде қаншама дау-дамайлардың болып жатқанын көріп жүрміз. Өзімнің авторлық бағдарламаларымда осыған ерекше тоқталуды жөн санаймын.

Әрине, мемлекеттік марапат, медаль, Алғыс хаттардың да өзіндік жақсылығы бар. Бірақ көрерменнің бағасы бәрінен биік. Өйткені ең бірінші кезекте біз солар үшін жұмыс істейміз.

— Әр журналист психолог та ғой, Елбасыны адам ретінде қалай сипаттар едің?

— Сөзсіз, Нұрсұлтан Назарбаев — әлемдік деңгейдегі бірегей тұлға. Осындай ірі тұлғамен сұхбаттасқанымда, мысы басып тұратынын бірден аңғардым. Яғни бетпе-бет отырғанда, оның осы мемлекетті құрған азамат екенін, онымен өткен әр сұхбаттың жауапкершілігі орасан екенін сезінесің.

— 1 желтоқсан — Тұңғыш Президент күнін қалай атап өтесің?

—  Мен үшін бұл символдық мәні терең мереке. Өйткені 30 жылдың ішінде еліміздің осындай белестерді бағындыруы, жаңа астананың тұрғызылуы үлкен еңбектің нәтижесі. Мұнда, сөзсіз, Елбасының орны алабөтен. Сондықтан ұлы тұлғаға құрметім жыл өткен сайын арта түспесе, кемімейтіні анық. Атаулы күнге де көзқарасым осындай. Жылда мерекені көтеріңкі көңіл күймен, әдетте әріптестермен бірге жұмыс орнында қарсы аламын.

Жалпы, Тәуелсіздік күні — менің ең сүйікті мерекем. Қастерлі құндылығымызды барынша ұлықтауымыз керек деп есептеймін. Әрі биыл егемендігіміздің мерейлі 30 жылдығын атап өткелі отырмыз. Осы орайда Қазақстанның дамуы жолында әр азамат алға ұмтылса, титімдей болса да өз үлесін қосса, соның игілігі болатынын түсінсе екен деймін.

Жерлестерімді алда келе жатқан атаулы датамен — 30 жылдықпен құттықтай отырып, бар жақсылықты тілеймін. Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button