Басты жаңалықтарТәуелсіздік — 30

Тәуелсіз елдің Нұрсұлтандары

Олар — еліміз егемендікке қол жеткізген тұста дүниеге келген құтты ұрпақ. Олар — қадамы батыл, қарыштап дамыған еліміздің құрдастары. Бүгінде бір-бір отбасының тірегіне айналған олар — еліміздің сәуле шашар нұры, үміт артар ұлы. Бүгінде тәуелсіз республикамыздың мерейін арттырып, халқының әл-ауқатының жақсаруы жолында аянбай еңбек етіп жүрген жастардың арасында олардың алар орны ерекше. Олар — тәуелсіз елдің Нұрсұлтандары.

1991 жылы еліміз өз тәуелсіздігін алған тұста дүниеге келген балалардың көбіне Нұрсұлтан есімі қойылғаны естеріңізде болар. 1 желтоқсан — Тұңғыш Президент күніне орай егемен елдің Нұрсұлтандарын әңгімеге тартып, тілдескен едік.

Тәуелсіздіктің құрдастары, Елбасының есімімен аттас азаматтармен  сіздер де таныс болыңыздар…

Мерекелердің бастауы

Хромтаулық Нұрсұлтан Көпжасаров үшін 1 желтоқсан — мерекелердің бастауы. Ол осы күні туған. Ал осыдан үш жыл бұрын шахтер жігіттің қуанышы еселене түсті. Дәл осы күні шаңырақ көтеріп, отбасын құрды.

Нұрсұлтанның есімін әулеттің үлкендері «тәуелсіз елдің ұрпағы ғой, болашағы нұрлы болсын, тұңғыш Президенттің жолын берсін» деп ырымдап қойған екен.

Облыстың күре тамыры саналатын Хромтау — әлеуеті жоғары аудандардың бірі. Қойнауы кенге бай, өндірісті өлкеде туған перзенттердің көбі шахтада жұмыс жасауды таңдайды. Нұрсұлтанның еңбек жолы да шахтада басталыпты.

— 2007 жылы 9-сыныпты бітірген соң Хромтау қаласындағы №4 кәсіптік лицейіне түстім. (Қазіргі атауы — Хромтау тау-кен техникалық колледжі. ред.) Аталған лицейде 3 жыл 10 ай білім алып, бүгінгі күнге дейін мамандығым бойынша жұмыс жасап келемін. Алғашында кенші болдым. Қазір ұңғымашы қызметін атқарамын. Бұл — шахтадағы ең негізгі жұмыстардың бірі.

Әр адам өз жұмысын, өз қызметін үлкен жауапкершілікпен атқаруы керек. Сонда ғана қоғамда да, адамның өз өмірінде де нәтиже болады. Өндірісті өлкеде, тәуелсіздік алған жылы дүниеге келгенімді мақтан етемін. Өздеріңіз білетіндей, Дөң кен байыту комбинаты расталған қорлары бойынша әлемде 2-орын алады. Ал мұндағы өнімнің сапасына тең келетін әлемде кен орны жоқ. Мен жұмыс жасайтын шахта еліміздің тәуелсіздігіне 10 жыл толған уақытта ашылыпты. Атауы да солай аталады. «Қазақстанның Тәуелсіздігіне 10 жыл». Қалайша мақтанбасқа!? — дейді кейіпкеріміз.

Нұрсұлтан жылда желтоқсан айы жақындаған сайын өзіне есеп беріп отыратынын айтады. Ол үшін жылдың он екінші айы күнтізбенің бастауы істеттес.

— Желтоқсан — еліміз үшін де, біздің отбасымыз үшін де мерекеге толы ай. Биыл тәуелсіз елімізбен қатар, менің құрдастарым да 30 жасқа толады. Жігіт үшін орда бұзар шақ. Ал Қазақстан — әлі де өзін-өзі танытуды қажет ететін жас мемлекет. Сондықтан біздің алдымызда үлкен міндеттер мен мақсаттар тұр. Көздеген мақсатқа жету үшін білім, қажымас қайрат, талмас талап, мұқалмас жігер қажет. Бұл қасиеттер тәуелсіз елдің ұрпақтарының бойында барына күмәнім жоқ, — дейді Нұрсұлтан.

Елімізбен қатар, биылғы жыл Нұрсұлтанның жас отбасы үшін де сәттілікке толы жыл болыпты. Екінші рет әке атанып, қоныстойын тойлаған жігіт тәуелсіз еліне тұғыры биік болсын деген тілегін жеткізді.

Есімімді мақтан етемін!

Үлкендер азан шақырып қойған есімнің адам өміріне үлкен ықпалы барын айтады. Сондықтан қазақ баласына ырымдап қашанда мағыналы ат қойған. Біздің кейіпкеріміз де бұл ойымызбен толық келісетінін айтты.

Тәуелсіздіктің құрдасы Нұрсұлтан Сағынаев мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінен-ақ қатарларының алды болып, көшбасшылық қырынан таныла білді.

— Ұрпақ тәрбиесіне тал бесіктен бастап үлкен жауапкершілікпен қараған аталарымыз, нәрестеге жақсы есім қоюдың маңызы зор екенін айтады. Менің есімім еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Мен дүниеге келген уақытта әулетіміздің Айтбай есімді құдасы «Нұрын шашқан ел билейтін сұлтан болсын!» деген тілекпен есімімді Нұрсұлтан деп қоюды ұсыныпты. Үйдегілер бірден келіседі. Есімім өзіме ұнайды. Мақтан етемін. Тәуелсіз еліміздің дамуы мен гүлденуі жолында тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлының сіңірген еңбегі зор. Елбасымыз салып берген сара жолды әрі қарай жалғастыру тәуелсіз елдің Нұрсұлтандарының қолында, — дейді Нұрсұлтан Сағынаев.

Ол бүгінгі таңда Ырғыздағы Темірбек Жүргенов атындағы мектепте жұмыс жасайды. Информатика пәнінің мұғалімі және мультимедия кабинетінің меңгерушісі. Өз саласы бойынша жеткен жетістіктері де аз емес. Шәкірттері де республикалық деңгейде өз білімдерін дәлелдеп жүр. Бірақ оны Нұрсұлтан жетістік емес, мұғалімнің міндеті деп санайды.

— Мен үлкен отбасында дүниеге келгенмін.  Атам, ағаларым, апаларым өмір бойына ұстаздық қызмет атқарған жандар. Атам Сағынай география пәнінен сабақ берді. Осындай үлкен ұстаздар отбасынан шыққаннан кейін менің де мұғалім болмауға хақым жоқ еді. Сондықтан мектеп бітірген бойда «қайда оқуға барасың?» дегенде, мен ойланбастан, мұғалім боламын деп шештім және адаспағаныма көзім жетті. Қазір мен үшін шәкірттерімнің жетістіктері маңыздырақ. Сондықтан өзімді дамытып, жаңаша қырымнан танытып, заман талабынан қалмай, озық ойлы азамат ретінде қалыптастыру жолында қандай еңбектен де қашпаймын. Керісінше, кез келген ілім мен білімді игеруге, жас ұрпақты үйретуге дайынмын. Елбасымыздың өзі шахтада жұмыс жасап, тұлға ретінде еңбектің арқасында қалыптасқан. Мұны оқушыларыма да үнемі айтып отырамын. Жұмыс барысында әр балаға ерекше көңіл бөлемін, не дегенмен ертеңгі елдің азаматтарын тәрбиелеп жатырмыз ғой, — деген Нұрсұлтан Тәуелсіздіктің құрдасы болу үлкен жауапкершілікті жүктейтінін айтады.

— Адам болып қалыптасып, тұлға ретінде шыңдала түсу үшін әр сәт бағалы. Қазақ отыз жасты нағыз ер-азаматтың жасы деп санаған. Осы уақытқа дейін азды-көпті атқарған тірлігіміз бар. Кейде елімізде 30 жыл ішінде атқарылған қыруар шаруаларды көріп, менің жасап жатқаным түк емес екен деген ой да келеді. Бірақ жарқын болашаққа деген сенім бізді жігерлендіре, қайраттандыра түседі. Біздің атқарған ісімізден гөрі, әлі атқарар шаруаларымыз көп. Тек ынтымағы мен бірлігі жарасқан егемен еліміздің тәуелсіздігі баянды болсын! Әр отбасының дәулеті шалқысын. Бұл — менің ғана емес, барша тәуелсіз елдің ұрпақтарының тілегі, — деп қорытты сөзін Нұрсұлтан.

Жауапкершілік жүктейді

1991 жылы 1 желтоқсанда тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Президентінің жалпыхалықтық сайлауы өтті. Сайлау нәтижесі бойынша Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басым дауыспен жеңіске жетіп, ел Президенті болып сайланды. Дәл сол жылы 5 желтоқсанда шалқарлық Әдікердің төртінші нәрестесі дүниеге келді. Мұны жақсылыққа жорыған әке ұлына Нұрсұлтан деп ат қояды.

Үйдің кенжесі Нұрсұлтан бүгінде бір үйдің отағасы, үш баланың әкесі.  2012 жылы Ақтөбедегі көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжін бітірген соң бірден ауылға қайтады. Бүгінде Тоғыздағы мектепте электрик болып жұмыс жасайды.

— Тәуелсіздік күні жақындаған сайын ойша бала кезіме саяхаттап қайтамын. Мектебімізде 16 желтоқсанға қарсы мерекелік шара ұйымдастырылатын. Тәуелсіздіктің құрдасы ретінде талай шараға қатыстық. Ал еліміздің Тұңғыш Президентін осындан бірнеше жыл бұрын Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген кезде көрдім. Сол сәтте іштей қуанғаным рас, — деп бастады әңгімесін Нұрсұлтан.

Балалық шағы еліміздің тәуелсіздік алып, аяғынан енді тұрып келе жатқан кезімен тұспа-тұс келген ол осыдан 30 жыл бұрынғы Қазақстан мен қазіргі Қазақстанның жағдайын салыстыру жер мен көктей екенін айтады. Еліміздің саяси аренада  танылып, қазіргідей қарқын алуы алдымен Елбасының арқасы екенін де айтты.

— Егемен елдің құрдасы болғанымды мақтан тұтамын. Әрбір тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген ұрпақ мұны мақтан тұтуы керек. Тәуелсіздіктің қадірін балаға жастайынан ұғындыру қажет. Мәселен, біздің балалық шағымыз еліміздің енді аяқ басқан кезеңімен тұспа-тұс келді. Бала болсақ та енді тәуелсіздік алған еліміздің жағдайын көріп-біліп өстік. Ол кезең мен қазіргі уақытты салыстыруға келмейді. Қазір қалаған нәрсеңе оңай қол жеткізуге болады. Ол үшін барлық мүмкіндік бар. Тек ерінбей еңбек ету қажет, — дейді Нұрсұлтан Шәріпов.

Көп сөзге жоқ, шаруасына мығым, сабырлы жігіттің бүгінде өз шаруашылығы бар. Ірі қара өсіреді.

— Тәуелсіздік жылдарында барлық салаға жан бітіп, қарқын алды. Соның бірі —ауыл шаруашылығы саласы. Бүгінгі таңда бұл салада ілгерілеушілік бар. Ауылда тұрған соң, қораңда төрт түлік мал ұстайсың. Ал неге соны үлкен кәсіпке айналдырып, пайдаңа жаратпасқа? Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан да қолдау бар. Сондықтан осы бір атакәсіпті жалғастырып жатырмын, — деген Нұрсұлтан сөз соңында еліміздің мәртебесі биіктеп, атағы әлемге шарықтай берсін деген ыстық ықыласын жеткізді.

  Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button