Басты жаңалықтар

Екі ауылға көгілдір отын келді

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Мәртөк ауданында болды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуымен және бірқатар елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ көгілдір отын келген екі ауылдың қуанышына ортақтасты.

Алдымен облыс әкімі Сарыжар ауылындағы «Бай Орда» шаруа қожалығының жұмысымен, Тәңірберген ауылдық округіндегі жаңа әкімдік ғимаратымен танысты.

Бұдан соң Вознесеновка және Достық ауылдарында газ құбырын іске қосты.

Жұмыстар Nur Otan партиясының «Өзгеріс жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Екі елді мекенді газдандыруға 600 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген.

— Мемлекет басшысының берген тапсырмасы — халықтың әлауқатын арттырутұрмыстық жағдайын жақсарту. Биыл Тәуелсіздігімізге — 30 жыл.  Алғашқы жылдары халқымызға оңай болған жоқ. Нарықтың қыспағына шыдамай, біраз мекемелер жабылып қалды. Жұмыссыздық белең алып, жалақылары кешіктірілді. Дегенмен Елбасының сарабдал саясаты мен халықтың сабырлылығының арқасында егемендігімізді нығайтып, көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік пайда болды. Қала секілді, елді мекендерге де жағдай жасауымыз керек. Бүгін ауылдарыңызға көгілдір отын келіп жатыр. Ауылдың әрі қарай дамуы тұрғындарға да, яғни сіздердің бірліктеріңізге де байланысты, — деді облыс әкімі.  

Өңір басшысы ұзындығы 15 шақырым болатын Вознесеновка-Мәртөк бағытындағы жолдың орташа жөндеу жұмысымен танысты. Мердігер «Агрофирма Коквест» ЖШС биыл көктемде жұмысқа кіріскен. Жол жөндеу жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен 445 миллион теңге бөлінген. Облыс әкімі бірінші кезекте жұмыс сапасына назар аударды.

Оңдасын Оразалин аудан орталығындағы қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонынында да болды. 8 гектар аумақты алып жатқан нысанның құрылысына 190 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Сондай-ақ бұл күні өңір басшысы Мәртөк ауылдық округінде ұйымдастырылып жатқан облыстық ауыл шаруашылығы күніне де қатысты. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, агроөнеркәсіп кешені ел экономикасының басым бағыттарының бірі екенін баса айтты.

(Материалдың толық нұсқасын газетіміздің келесі нөмірінен оқи аласыздар)

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button