Басты жаңалықтарМәдениет

Халық шығармашылығын дәріптейтін орталық 

Биыл өңірдегі іргелі һәм байырғы мәдениет мекемесі — облыстық халық шығармашылығы орталығы 60 жылдығын атап өтті. Талай өнерпазға үлкен сахнаға жолдама берген бұл жерде қай кезде де жұмыс «қайнап жатады»… Түрлі кездесулер, тақырыптық кештер, бір сөзбен айтқанда, мәдени шаралар ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Мұндағы үйірмелерге келетін шәкірттер де көп. Өңірдегі кез келген мәдени-көпшілік шараның басы-қасынан табылатын аталған өнер ұжымының Ақтөбе руханиятындағы орны бөлек.

Біз облыстық халық шығармашылығы орталығы басшысының орынбасары Гүлнар Сейталинамен мекеменің тарихы, бүгінгі тынысы, сондай-ақ көкейкесті мәселелері жөнінде сұхбаттастық.

— Атаулы датаға орай көптеген шараның ұйымдастырылғанын білеміз. Соған қысқаша шолу жасасақ.

— Иә, 5 қараша күні облыстық халық шығармашылығы орталығы өзінің 60 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Мерекелік шаралар легі«Халық шығармашылығы — рухани жаңғырудың негізі» атты аймақтық практикалық конференциядан басталды. Басқосуда Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан, аудандардан келген әріптестеріміз өзара тәжірибесімен бөлісіп, халық шығармашылығын дамыту төңірегінде тұшымды ой-пікірлерін ортаға салды.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-түс келген мерейтой аясында ұжымның тарихы мен қызметі жинақталған «Өңір мәдениетінің мәйегі» кітабының және «Ер Едіге» жыр мектебінің ұстаздары мен шәкірттерінің музыкалық альбомының тұсаукесері өтті.

Сондай-ақ клубқызметкерлерінің «Ауыл айнасы» облыстық байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды. Артынша шеберлік сағаттары өткізіліп, «Өнермен өрілген жылдар» атты мерекелік концертке ұласты. Соңғы аталған шарада бірқатар қызметкерге атқарушы биліктен Алғыс хаттар, «Мәдениет майталманы», «Еңбек даңқы»төсбелгілері табысталды.

АЙТПАҚШЫ…

Облыстық халық шығармашылығы орталығы ақтөбеліктерге жыл сайын өткізетін дәстүрлі шараларымен де жақсы таныс. Атап айтсақ, өнер ұжымы «Жас дәурен» облыстық жастар мен студенттердің фестивалі, «Балдәурен» балалар шығармашылығы байқауы, Қазанғап атындағы «Ақжелең» халықаралық күйшілер байқауы, Нұрсұлу Тапалова атындағы «Бидің нұры — Нұрсұлу» республикалық би байқауы, аймақтық «Өнерім — өрісім» отбасылық ансамбльдер мен «Театр — өнердің ұлы көші» халықтық театрлар фестивальдерін ұдайы ұйымдастырады.

— Өткенсіз болашақ жоқ. Мекеменің бүгінгі деңгейге жетуіне атсалысқандарға, жалпы тарихына тоқталсаңыз.

—Облыстық халық шығармашылығы орталығы— өңірдегі барлық мәдени-демалыс мекемелерінің жұмысын үйлестіруші және әдістемелік-тәжірибелік көмек беретін заманауи орталық. Басты мақсатымыз— қазақтың өнер қазынасын жұртшылыққа кеңінен паш етіп, жас буын өкілдерін ұлттық рухта тәрбиелеу, салт-дәстүрімізді, ән-әуенімізді, күйлеріміз бен жырларымызды насихаттау.

60 жыл ішінде мекеменің атауы 4 рет өзгерді: облыстық халық шығармашылығы үйі, облыстық халық шығармашылығы және мәдени-ағарту ғылыми-әдістемелік орталығы, кейін қайтадан облыстық халық шығармашылығы үйі, ал қазіргі атауы —  облыстық халық шығармашылығы орталығы.

Осы жылдар ішінде Сергей Пузырев, Ираида Грибановская, Александр Великий, Лариса Сладкова, Владимир Гужан, Гүлсаяжан Есімбаева, Нұрлыбек Қалауов, Орынбасар Терековтер басқарды. 2017 жылдан бері мекемеге Ләйла Омарова жетекшілік етеді. Өз кезегінде халық шығармашылығы орталығының қалыптасуына Маржан Қорғанбаева, Нәзира Табылдинова, Айгүл Арынғазиева, Роза Тасирова, Райса Қомпақова, Сәкен Есенаманов, Наталья Петровалардың еңбегі зор.

Бүгінгі жағдайға келсек, орталық өңірдегі 197 қалалық, аудандық Мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардағы 1119 клубтық құрылымдардың, соның ішінде 156 «халықтық» және «үлгілі» атақтары бар көркемөнерпаздар ұжымдарының өнерін насихаттап, олардың шеберліктерін арттыру мақсатында түрлі ауқымдағы іс-шараларды ұйымдастырады. Мәселен, 1997 жылдан ­бастау алған «Жас дәурен» облыстық жастар мен студенттердің фестивалін, «Балдәурен» балалар шығармашылығы байқауын, Қазанғап атындағы «Ақжелең» халықаралық күйшілер байқауын, Нұрсұлу Тапалова атындағы «Бидің нұры — Нұрсұлу» республикалық би байқауын, аймақтық «Өнерім — өрісім» отбасылық ансамбльдер мен «Театр — өнердің ұлы көші» халықтық театрлар фестивальдерін, «Едіге деген ер екен» жыршылар байқауын, басқа да көптеген дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын іс-шараларды атап өтуге болады.

«Дүниеде өнер көп, өнерді танып, қанаттандырушы шебер көп» дегендей, орталықта жоғары деңгейдегі, мәдени-демалыс қызметінің бағыттарын жетік меңгерген кәсіби мамандар жұмыс істейді. Олардың арасында Мәдениет саласының үздіктері, «Шапағат» медалінің иегерлері бар.

— Сөзіңіз аузыңызда, қазіргі таңда орталықта қанша ұжым еңбек етеді?

— Облыстық халық шығармашылығы орталығында 17 клубтық құрылым жұмыс істейді.  Оның  ішінде 11 ұжымның «Халықтық», «Үлгілі» атақтары бар. Мүшелерінің саны 150-ден астам адамды құрайды.

— Былтыр орталықтың басқа ғимаратқа көшкені белгілі. Бұл бұрынғымен салыстырғанда кең. Өнер мекемесіне жұмыс істеуге де ыңғайлы…

— Иә,2020 жылдың қыркүйек айында бұрынғы «Металлург» мәдениет үйіне көштік. Бұған дейін орталық ескі қаладағы Әйтеке би көшесі, 39-үйде 30 жыл бойы жұмыс істеген. Қазіргі ғимаратты Ақтөбе ферроқорытпа зауыты бізге сыйға тартты. 1949 жылы салынған үш қабатты бұл ғимараттың жалпы аумағы — 2646,2 шаршы метр. 370 орынға арналған көрермен залы бар. Келесі жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланып отыр.

— Ал шешілмей жатқан қандай мәселелеріңіз бар?

— Мәдениет саласындағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеру арқылы ғана сананы жаңғыртуға жол ашылады. Қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру — заман талабы екенін ұмытпауымыз керек. Осы орайда мәдени-демалыс мекемелері қызметкерлерінің кәсіби даму бағдарламасын дайындау қажет. Сондай-ақ қашықтан оқыту курстары да маңызды. Осы екеуіне көңіл бөлінсе, жақсы болар еді.

— Әлгінде айтқанымыздай, биыл — ел егемендігінің 30 жылдығы. Осыған байланысты қолға алынған шаралар, алдағы жоба-жоспарлар туралы айтсаңыз.

— Иә, алдағы айда ел болып қастерлі тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойлағалы отырмыз. Бұл атаулы датадан бөлек, Ыбырай Алтынсариннің 180, Жамбыл Жабаевтың 175, Қамбар Медетовтің 120,  Ахмет Жұбановтың 115, Бәкір Тәжібаевтың 95, Мұқағали Мақатаевтың 90жылдығына арналған көптеген шаралар өткізіліп жатыр.

Мұнымен бірге Ақтөбе өңірінде «Ер Едіге» жобасы жүзеге асырылып келеді. ҚР тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» бағыты бойынша қолға алынған жобаға жергілікті билік қолдау танытуда. Бұл жыраулық дәстүрді кеңінен насихаттауға, сөзсіз, игі ықпал етеді.Әз Наурыз мерекесі қарсаңында облыстық халық шығармашылығы орталығының жанынан «Ер Едіге» жыр мектебінің ашылуы да тәуелсіздіктің 30 жылдық тойына ұсынылып отырған үлкен сый екені анық.

Сонымен қатар «Күйшілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы ашылды. Төрағасы болып белгілі күйші, Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің бас концертмейстері әрі оқытушы Талап Хамзин тағайындалды. Осы орайда облыстық халық шығармашылығы орталығы «Күйшілер одағы» облыстық филиалымен бірлесе отырып, өңірде тұратын күйшілердің басын біріктіріп, олардың кәсіби біліктілігін арттырып, шығармашылық орта қалыптастыру бағытында жұмыс жоспарын әзірледі.

Орталықтағы «Ақтөбе әуендері» жергілікті композиторлар бірлестігінің де жұмысы айтуға тұрарлық. Жетекшісі — ақын, композитор, ҚР Мәдениет саласының үздігі Орал Байсеңгір. Қазіргі таңда облыс бойынша композиторлардың тізімі, репертуарлары мен ноталары жасақталып, «Ақтөбе өңірінің фольклорлық музыкасы» атты бес бағыттан тұратын антологиялық жинаққа енгізу жұмыстары жүргізілу үстінде.

Облыстық халық шығармашылығы орталығында жас айтыскерлер үйірмесі де жұмыс істейді. Қазақтың төл өнерін жаңғыртуда бұның аз да болса үлесі барына сеніміміз кәміл.

Қысқасы, орталықты рухани құндылықтардың насихатшысы деп атауға толық негіз бар. Өнерді қадір тұтқан ұжымның алар асулары әлі алда.

— Әңгімеңізге рақмет! Орталықтың 60 жылдық тойы құтты болсын!

— Бізді ұмытпай, әркез ақпараттық қолдау көрсететін облыстың бас газетіне де алғысымызды білдіреміз.

Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button