Басты жаңалықтарТәуелсіздік — 30

Еңбегі жанған арулар

Ел тәуелсіздігінің 30 және іскер әйелдер қауымдастығының 25 жылдық мерейтойы қарсаңында «Еңбегі жанған арулар» атты облыстық форум өтті.

Шығармашылық академиясында өткен форумға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, іскер әйелдер қауымдастығының Ақтөбе облысы бойынша төрайымы Күлшат Масалимова, басқарма басшылары, сондай-ақ облыстың барлық ауданынан келген іскер әйелдер қатысты. Форумның басты қонағы —Түркияның Бурса қаласынан келген ауыл әйелдері федерациясының төрайымы Сермин Чакалыоглу. Ал шараны Nur Otan партиясы жанындағы білім мен ғылымды дамытудың республикалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Гүлмира Қорғанбаева жүргізді.

Форумда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова нәзік жандылардың қоғамдағы, отбасындағы рөлі туралы айтып, форум қатысушыларына облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан ризашылық білдіріп, сәттілік тіледі.

— Қазақта «Әйел  бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар. Осы қанатты сөз бүгінгі форумға қатысып отырған барлық нәзік жандыларға арналған деп білемін. Жасыратыны жоқ, ең алғаш тәуелсіздік алған жылдары абзал аналарымыз отбасы-ошақ қасының тірлігімен қатар, қоғамдағы жұмыстарды да өз мойындарына міндет етіп алды. Күні бүгінге дейін ер-азаматтармен иық тірестіріп, үлкен қайсарлықпен еңбек етіп келеді.

Биыл еліміздің егемен ел болғанына 30 жыл, ал іскер әйелдер қауымдастығының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Облыста Күлшат Қабылбекқызы бастаған топтың жасап жатқан жұмыстарын көріп жүрміз. Бір мақсаты, бір мүддесі бар топ биік белестерді бағындырады. Біз сіздердің қоғам үшін  жасап жатқан істеріңізді, қосып жатқан үлестеріңізді жақсы білеміз, — деді Бұлбұл Елеусінова.

Жалпы, облыста 900 мыңнан астам тұрғын тұрса, олардың 30 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Оның ішінде 40 пайызы  — ауылдың әйелдері. Облыста жыл санап көпбалалы әйелдер саны көбейіп келе жатыр. Ажырасу жағдайы да төмендеген. Қай саланы алып қарасақ та, әйелдер үлесі жоғары.

Ақтөбеге арнайы келген Сермин Чакалыоглу форум барысында Бурсадағы ауыл әйелдері федерациясының қалай құрылғаны туралы айтып берді. Алғашында істерін «нөлден» бастаған федерация бүгінгі таңда қыздарға арналған бірнеше жатақхана салып, бірнеше құдық қаздырған. Сондай-ақ олардың «біздің ауылдың бірде-бір қызы жасаусыз болмайды» деген қанатты сөзі бар. Бұл федерациядағы әйелдер жағдайы жоқ отбасынан шыққан қыздардың жасауын жасап береді. Әрі барлығы тегін.

Сермин ханымның әңгімесінен соң, форум барысында ақтөбелік кәсіпкер келіншектер өздерінің бизнестегі жолдары туралы баяндады.

Бүгінде ақтөбеліктер үшін тәтті торттар пісіретін«Samal Cakes» бренді жақсы таныс. Форум барысында кондитерлік өнімдер шығаратын кәсіпорынның иесі Самал Асановажай ғана сүйікті ісінің қалай үлкен кәсіпке айналғаны туралы айтып берді.

Кәсібін осындан екі жыл бұрын жалдамалы пәтерде бастаған Самалдың бүгінде 6 дүкені, үлкен цехы және кондитерлерді дайындайтын мектебі бар. Аталған кәсіпорында 100-ден астам адам еңбек етіп жатыр. Күн сайын сауда сөрелеріне 1000-нанастам өнім шығарылады екен.

— Мақсатың айқын болса — арманың орындалады. Адам алдымен, өзіне қажеттіні айқындап, жүрегі қалаған ісімен айналысуы керек. Сонда ғана жетістікке апарар жол оңай болады, — дейді Самал.

Форум барысында Самал секілді бірқатар кәсіпкер қыз-келіншектер өздерінің бизнеске алғаш қадам басқан кездегі қиындықтары мен жеткен жетістіктерін баяндады.

Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова өңірдің әртүрлі салаларының дамуына өз үлестерін қосып жүрген 30 әйелді марапаттады.

Айта кетейік, форум кезінде ақтөбелік қолөнершілердің бұйымдары қойылған көрме ұйымдастырылды. Ал түстен кейін «Қазақстанның үздік дизайнері — 2021» Роза Бисекенованың ұлттық киімдер топтамасының көрсетілімі, сондай-ақ шеберлік кластары мен тренингтер өтті.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button