Жаңалықтар

Қараусыз қалған балалар

Бейсенбі күні қала әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Қала әкімінің орынбасары Айбек Көпеновтің төрағалық етуімен өткен отырыста  кәмелетке толмаған 7 бала мен 5 ата-анаға қатысты 4 бақылау ісі талқыланды.

Алдымен жасы отыздан асқан Элеонора есімді келіншектің мәселесі қаралды. Жалғызбасты әйелдің 8-сыныпта оқитын бір баласы бар. Элеонора ішімдікке салынған, үйінің жағдайы өте нашар. Мектеп директоры оның баласының тәрбиесіне еш көңіл бөлмейтінін, ата-аналар жиналысына қатыспайтынын айтты. 8-сыныпта оқитын Азаматтың оқу үлгерімі — қанағаттанарлық. Бала мектепте ашық, сабақтан қалмайды, тентек балалар тізімінде де жоқ. Бірақ үйінде оған ешқандай жағдай жасалмаған. Анасы жұмыссыз, әрі күн сайын үйіне бөгде адамдарды жинап, ішімдік ішеді. Комиссияға Азаматтың әкесі Руслан да қатысты. Комиссия мүшелері Азаматтың анасын ішімдіктен емдеу орнына жатқызып, баланы әкесіне бере тұру мәселесін де қараған. Бірақ  бүгінде екінші рет үйленіп, бөлек отбасын құрған Русланның баласын алып кетуге аса құлықты екені байқалмады. Өйткені ол бұған дейін баласын бірде-бір рет үйіне алып барып, бауырларымен таныстырмапты.

Комиссия мүшелері мәселені біраз талқыға салып, баланың анасын ішімдіктен емдеуге жіберетін болып шешті. Анасы мен баласының пікірлерін тыңдаған олар Элеонораны ана құқығынан айырмады. Соңғы рет ескерту берді. Жағдайды апта сайын инспекторлар мен мектеп әкімшілігі бақылап тұрады.

Комиссия отырысында қаралған тағы бір мәселе — кәмелетке толмаған үш қыз тәрбиелеп отырған отбасының жайы. Асхат пен Клараның отбасындағы ұрыс-керіске көршілері де алаңдап, ылғи полиция шақыртады. Ішімдікке тойып алып, үйінде ұрыс шығаратын отбасы бірнеше жылдан бері есепте тұр. Бірақ жағдай дұрысталар емес. Қыздарының үлкені — колледжде, ал ең кішкентайы 2-сыныпта оқиды. Бүгінде олар саяжайдан салып алған шағын үйде тұрып жатыр. Комиссия отырысына қатысқан мектеп директоры қыздардың тағдырына алаңдаушылық білдіретінін жеткізді. Отырыс барысында қыздардың да пікірі тыңдалды. Олар үйдегі ұрыс-керіс әкесінің алкоголь өнімдерін ішіп келетіндігінің кесірінен басталатынын айтты.

Комиссия ұзақ талқыдан соң, бір шешімге келді. Бұл мәселе бойынша Асхат әке құқығынан айырылды. Ал анасы Клара амбулаториялық жағдайда емделуге жіберілді. Балалар анасында қалды. Бірақ жағдай бақылауда болады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button