Жаңалықтар

Өрт қауіпсіздігін сақтау — басты талап

Брифинг

Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында «Жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі» тақырыбында брифинг өтті.

Бүгінге дейін Ақтөбе қаласының аумағында 289 өрт тіркелді. Өрт салдарынан 5 адам қайтыс болып, 14 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. Бұл туралы брифингте Ақтөбе қаласындағы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, азаматтық қорғаныс подполковнигі Айбат Жаңабергенов мәлімдеді.

— Өрт көбіне жеке тұрғын үй секторында болады. Биыл 150 оқиға тіркелді. Жеке тұрғын үйлердегі өрттің шығу себебі — ақаулары мен жарықтары бар пештің дұрыс жұмыс істемеуі, газ баллондар. Біздің Ақтөбе қаласының төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері газ қызметімен, тұрғын үй инспекциясымен және еріктілермен бірлесіп, жиындар, жиналыстар, рейдтік іс-шаралар өткізіп, өрт қауіпсіздігіне қатысты жұмыстар жүргізеді. Көбіне біз қатты отынмен жылытылатын, әлі газдалмаған бау-бақша ұжымдарына көңіл бөлеміз. Ақтөбе қаласы бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған топқа жататын мың жарымнан астам отбасы біздің есебімізде тұр. Соларды үнемі бақылап отырамыз. Егерде сол жерлерде өрт қауіпсіздігі бұзылса, жергілікті билік өкілдерімен, пештерді тазалау жөніндегі үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, жұмыстарды бірге атқаратын боламыз. Екі апта бұрын Ақтөбе қаласы әкімдігінің қолдауымен біз осындай отбасыларға 150 газ құрылғысын (датчик) қондыру жұмыстарын бастап кеттік, — дейді Айбат Жаңабергенов.

Сондай-ақ басқарма бастығы күн салқындап, қар түскенде газ баллонының жарылысы жиі болатынын айтты. Мысалы,  биыл 7 наурызда таңғы сағат сегізде Кірпіштідегі «Керенсай» бау-бақша ұжымы, Еловая көшесі, 97-үйдің гаражында газ қазандығы жарылды, зардап шеккендер жоқ, тек материалдық шығын болды.

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Ақтөбе филиалының техникалық инспекция бастығы Ернар Мұқанов тұрғындарға өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтауды және үй жылыту үшін газ плита, газ баллондарды қолданбауды қатаң ескертті.

Ақтөбе қаласы ТЖ басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғаныс подполковнигі Ербол Әділбеков өрт сөндіру машиналары үйлердің аулаларына кіре алмайтынын, әсіресе ескі қаладағы үйлердің тығыз орналасқанын, аулаға кіреберісте көлікке кедергі келтіретін бетондарды алып тастау жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

Брифинг іnstagram және фейсбук желілеріндегі aqtobe_press парақшасында тікелей эфирде өтті.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button