Тәуелсіздік — 30

Өңірлерді жақындатқан жолдар

2014 жылы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық ахуал бірқалыпты бола қойған жоқ, ішкі, сыртқы факторлар, әлемдік нарықтағы жағдайлар ұлттық экономикаға да әсерін тигізді. Ақпан айында теңге девальвацияға ұшырады. Осындай қиындықпен басталған жылдың шежіресі одан әрі жағымды жаңалықтар, жарқын жеңістермен жалғасыпты.

Осы жылдың ақпан айында Ресейдің Сочи қаласында ХХІІ қысқы Олимпиада ойындары өтті. Олимпиадада қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қола жүлдеге ие болды. Денис алғашқы сын — қысқа бағдарламада 9-орын алған еді. Алайда келесі күні, шешуші сында ол төрт айналымды тулуп,  үш жарым айналымды аксель және аса қиын үш жарым айналымды каскады бар күрделі бағдарламаны таза орындап, екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 255,10 ұпаймен 3-орынға орнықты. Бұл тәуелсіз еліміздің спорт тарихындағы үлкен ерлік ретінде есте қалды.

2014 жылдың тағы бір елеулі оқиғасы: Жезқазған-Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл теміржол магистральдарының тұсауы кесілді. Еліміздің өңірлерін бір-бірімен теміржолдар арқылы жалғау, осылайша сөзден іске айналды.

Осы жылы 27 шілдеде Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі атанды.

Сондай-ақ 2014 жылы елімізде ең бірінші рет Еңбек күні атап өтілді. Астанада «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай» атты форум ұйымдастырылды.

2013 жылдың 22 қарашасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қыркүйек айының соңғы жексенбісі Еңбек күні болып белгіленді. Мұндағы мақсат — қарапайым еңбек адамының мәртебесін арттыру еді. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңына «Еңбек» орденін тағайындау туралы қосымша да енгізілді.

Ескірмейтін ерлік

Жыл басында ақтөбелік делегация Ресейдің Псков облысындағы Новосокольникиде болды. Новосокольники халқы өз жерінің фашист басқыншылары езгісінен азат болуының 70 жылдығын атап өтіп, оған Ақтөбе облысының делегациясын арнайы шақырды. Қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлова осы өлкені азат ету жолында ерлікпен қаза тапқан еді. Ақтөбеліктердің арнайы шақырылуы да сол ерліктің ұмытылмауынан екені түсінікті.

Ақтөбелік делегацияны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының сол кездегі басшысы Нәзира Табылдинова бастап барды. Топ құрамында «Қос шынар — Әлия, Мәншүк» қоғамдық қорының жетекшісі Ғалымжан Байдербес, Әлияның туған сіңлісі — Әліп Үсенова, т.б. болды.Новосокольникидегі салтанатты митинг «Есте ұстаймыз! Даңққа бөлейміз! Мақтан тұтамыз!» деген ұранды атаумен өткен. Одан бөлек делегация мүшелеріМонаково бауырластар зиратындағы батырлар рухына тағзым ету шарасына, Насвинск мектебіндегі кездесуге де қатысыпты.

Ақтөбеліктер Новосокольникиден кейін Невель қаласына барып, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың зиратына гүл шоқтарын қойды, батыр рухына Құран бағыштады.

«Ақтөбе» — Суперкубок иегері

Наурыз айында футбол маусымы басталды. Маусымның беташары — сол кездегі ең мықты қазақстандық командалар, ел чемпионы «Ақтөбе» мен Кубок иегері «Шахтердің» арасындағы Суперкубок үшін болған ойын еді. Ойын 9 наурызда өтті.

Өте тартысты өткен ойын уақытының 58 пайызында допқа «Ақтөбенің» футболшылары иелік еткен. Олар қарсылас жақтың қақпасына 18 рет шабуыл ұйымдастырған. Ал «Шахтер» «Ақтөбенің» қақпасына 10 рет шабуылдапты. Дегенмен, жалпы, ойын барысында бір-ақ гол соғылды. Ол — «Ақтөбенің» ойыншысы Данило Неконың голы. Есеп: 1-0. Жеңімпаз, яғни Суперкубок иегері — «Ақтөбе».

«Ақтөбе» осылайша маусымның алғашқы ойынын жеңіспен аяқтап, үшінші рет Суперкубок иегері атанды. Бұл жылы «Ақтөбе» ел біріншілігін күміс жүлдегер болып аяқтады.

Шалқар мен Бейнеу арасы

Тамыз айының 22-сі күні елімізде екі жаңа теміржол желісі — Жезқазған-Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл жолдарында қозғалыс басталды.Осыған орай ұйымдастырылған телекөпірге ақтөбеліктер де қатысты. Салтанатты жиын Шалқар жерінде өтті.

Жаңадан берілген жолдың Шалқар-Бейнеу учаскесінің ұзындығы — 471 шақырым. Оның 395 шақырымы біздің облысымыздың аумағы, яғни Шалқар, Байғанин аудандары арқылы өтеді. Бұл жолдың бойында Тассай, Байқадам, Шұқыр стансалары, бірнеше разъездер орналасқан.

Шалқар-Бейнеу теміржолының құрылысы 2012 жылы басталған. Жол құрылысында 2 мыңдай адам еңбек еткен. Осы учаске арқылы бастапқы кезеңде жылына 1,4 миллион тонна жүк тасылса, 2043 жылға қарай бұл көрсеткішті 3 миллион тоннаға дейін жеткізу көзделген.

 Алтын мен күміс

19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында ХVІІ жазғы Азия ойындары өтті. Оған Қазақстаннан 414 спортшы қатысты. Олар спорттың 28 түрінен өнер көрсетті. Біздің спортшыларымыз бұл Азиадада 84 жүлде иеленіп, яғни әрбір бесінші спортшымыз жүлде әперіп, жалпыкомандалық есепте еліміз Азия алыптарынан кейінгі 4-орынға орнықты. 84 жүлденің 28-і — алтын медаль. Бұл — Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы ең үздік нәтижесі. Оған дейінгі үздік нәтиже 1994 жылы Жапонияда өткен Азия ойындарында тіркелген еді. Онда қазақстандық спортшылар 25 алтын жүлде алған болатын.

Инчхондағы еліміздің табысына ақтөбелік спортшылар, атап айтқанда, каратэшілерөз үлестерін қосты:Андрей Ақтауов жеңімпаз атанса, Ринат Сағындықов күміс жүлдеге ие болды.

Алғашқы мектепке — 150 жыл

2014 жылы Ақтөбе өңіріндегі жаңа үлгідегі ең алғашқы мектептің ашылғанына 150 жыл толуы атап өтілді. Бұл —   Ырғыздағы бастауыш мектеп. Оның ашылуына Орынбор қазақ мектебінің 1862 жылғы түлегі Шахмұрат Құлыбеков мұрындық болған.

Шахмұрат Құлыбеков Орынборда Ыбырай Алтынсаринмен бірге оқып, ұстаздық жолын бір уақытта бастаған. Екеуі де Орынбор қазақ мектебінің алғашқы түлектері.

Ыбырай Алтынсарин — Торғайға, ал Шахмұрат Құлыбеков Ырғызға мұғалімдікке бекітілген.

Ырғыздағы бастауыш қазақ мектебі 1864 жылдың 25 қазанында салтанатты түрде ашылыпты. Ал Торғайдағы мектеп бұрынырақ, 8 қаңтарда ашылған екен.

Ырғыз бастауыш мектебіне алғашқы жылы 13-15 бала қабылданған. Мектеп 1879 жылы жабылып, орыс-қазақ училищесі болып қайта құрылған.

Исатай батырдың кесенесі тұрғызылды

Зерттеушілердің айтуынша, 1836-1839 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Исатай Тайманұлының асыл сүйегі Қобда ауданындағы Шейітсай жерінде жатыр. Осыған орай 2013 жылы Қобда және Атырау облысының Исатай аудандары арасында меморандум жасалған. Осы меморандум аясында 2014 жылдың қараша айында Исатай батырдың зиратында кесене бой көтерді.

Кесене құрылысы жаздың басында басталған. Құрылыс жұмыстарына маңғыстаулық белгілі шебер Нұрсұлтан Имашев басшылық жасаған. Кесене сегіз қырлы, Маңғыстаудың ақ тасынан салынған. Биіктігі — 11,5 метр, ені — 6 метр.

Кесененің ашылуына орай салтанатты рәсім өтіп, құрбандыққа мал шалынды, батыр рухына Құран бағышталды. Бүгінде Исатай батыр кесенесі «Қазақстанның киелі жерлері географиясына» республикалық маңызы бар ескерткіш ретінде енді.

 Алғашқы ота

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздегі емханалар мен ауруханалардың жағдайы қандай болғаны баршаға аян. Басқаны қойып, ауруханаларда тіпті жылу мен жарық та болмаған кездерді бастан өткердік. Ал 2000 жылдардың басынан медициналық мекемелерді заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандыруға көңіл бөліне бастады.

2014 жылы облыстық клиникалық ауруханада алғаш рет бүйрек ауыстыру үшін ота жасалды. Бұл ҚР Ұлттық медицина орталығы жанындағы республикалық трансплантология орталығының басшысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Досқалиевтің басшылығымен іске асты. Ота екі күн қатарынан жасалып, екі адамның бүйрегі ауыстырылған. Мұндай ота оған дейін елімізде тек Астана мен Алматы қаласында ғана жасалған екен.

Білікті ғалым Жақсылық Досқалиев екі адамның өмірін сақтап қана қоймай, жергілікті хирургтер мен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің жоғары курс студенттеріне ота жасаудың әдіс-тәсілдерін үйретті. Олар бүйрек ауыстыру үшін жасалған отаны арнайы монитордан көріп отырды.Жалпы, 2014 жылы ғана ақтөбелік 8 дәрігер ішкі ағзаны ауыстырутрасплантациясы бойынша арнайы курстан өтті.

Тарих беттерін парақтаған И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button