Жаңалықтар

Құрылыс аяқталған жоқ. қашан баспанамызға кіреміз?

Редакцияға хат

Редакциямызға бір топ тұрғын хабарласып, өткен жылы келісімшарт жасасып, қаражаттарын салған Ақтөбе қаласындағы тұрғын үй салумен айналысатын «FSPC» ЖШС уәде берген мерзімінде құрылыс жұмыстарын аяқтамай отырғандығын айтып, көмек сұрады.

— «FSPC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осыдан 4-5 жыл бұрын ашылған. Бұған дейін бұл серіктестік Батыс-2 ауданынан екі үй тұрғызып, тұрғындарға пәтер кілтін табыстады. Өкінішке қарай, біз қаржы салған үйді салуда қазір мәселе туындап тұр. Нақтырақ айтсақ, 9 подъезді бес қабатты үйдің қазіргі таңда тек екі қабаты ғана бар. Ал үшінші, төртінші, бесінші қабаттары әлі салынбаған. Негізі, үй пайдалануға биылғы жылдың 1-тоқсанында берілуі керек еді. Міне, қыс жақындады, біз болсақ баспанасыз әр жерде пәтер жалдап жүрміз.

Тұрғындар салымшы ретінде қаржыларын ай сайын төлеп отыр. Алайда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқан жоқ. Серіктестік басшылығына бірнеше рет барып, жағдайымызды айттық, уәде беріп шығарып салады, ал шындығында еш нәтиже жоқ. Біздің бұл компанияға салымшы болып, қызыққандағы себебіміз — үйдің бағасы басқаларға қарағанда әлдеқайда арзан. Қазір ортақ чаттағы тұрғындардың санын қарасақ, шамамен 90-ға жуық салымшы осы компанияға сеніп, қаржы құйған. Енді, міне, үй жоқ, далада қалып отырмыз. Ал салған ақшасын алғысы келгендерге компания басшылығы пәтер құнының 5 пайызын ұстап қалатынын жеткізген, — дейді тұрғындардың бірі А.Ерғалиев.

Ал салымшылардың бірі З.Кадирова компаниямен өткен жылы 13 маусымда келісімшартқа отырған. Келісімшартқа сәйкес ол биыл маусым айында пәтеріне кіруі керек. Алайда қазір оның пәтері де, үйдің қабырғасы да жоқ.

— Міне, бірнеше айдан бері отбасыммен әр жерден пәтер жалдап жүрміз. Биыл баспаналы боламыз деп қуанған едік. Енді күйіміз мынау. Негізі, мен салынып жатқан үйдің 3-қабатынан үш бөлмелі пәтер алғанмын, жалпы ауданы — 117 шаршы метр. Келісімшартқа отырған кезде бірден 7 миллион теңгесін төледім. Одан кейін кесте бойынша былтырғы шілде айынан бері ай сайын 150 мың теңге төлеп келемін. Соңғы қыркүйек пен қазан айында төлеген жоқпын. Себебі үйіміздің әлі қабырғасы да салынбаған. Ал компания өкілдері біздің сауалдарымызға нақты жауап бермейді. Қай кезде құрылыс жұмыстарының аяқталатынын айтпайды. Қабырғасы әлі күнге дейін тұрғызылмаған үйге 100 пайыз төлем төлеу керектігін айтады. Біз құрылыс жұмыстарының жақын арада бітетініне сенбейміз, — дейді З.Кадирова.

Редакциядан:

Біз өткен сенбіде тұрғындармен бірге серіктестіктің кеңсесіне барып, компания өкілдерімен тілдескен едік. Басында компания басшылығы бізге жауап беруден бас тартты. Кейін серіктестіктің құрылтайшысы Арман Қонақбаев аталған мәселеге байланысты былай деп қысқаша жауап берді:

— Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Салымшылар ай сайын төлемдерін төлеп отырса, ешқандай проблема болмайды. Қазір тұрғындардың арасында уақтылы төлем төлемей отырғандар бар. Сондықтан менің талабым — барлық салымшылар уақтылы төлемін төлесе, алдағы уақытта пәтерлерін алады. Егер біздің талаптарымыз ұнамаса, олар салған қаржысын қайтарып алуына болады.

Жүргізуші куәлігін ҚАЛАЙ АУЫСТЫРАМЫН?

— Жүргізуші куәлігімнің мерзімі өтіп кеткен. Нақтырақ айтсам, 6 айдан асты. Жаңасын алу үшін қандай құжаттар керек? Куәліктің мерзімі өтсе айыппұл салына ма?

Редакциядан:

Бұл сауалға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалының PR-менеджері Сәуле Хамидолла жауап берді:

  • Куәлік алу үшін кез келген тұрғын медициналық тексеруден өтуге және одан кейін денсаулық жағдайы туралы «073-у» анықтамасын алуға тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік бажды төлеу құны 1,25 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін мамандандырылған халыққақызмет көрсету орталығына келіп талон алуы керек. Ол үшін қабылдау бөліміне өтеді. Ал куәліктің мерзімі өткені үшін айыппұл салынбайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button