Басты жаңалықтарДенсаулық

Балалар ауруханасының бүгінгі тынысы

Биыл облыстық балалар ауруханасының құрылғанына — 50 жыл.  

Бүгінде Ақтөбенің Оңтүстік-Батыс ауданында орналасқанмекеменің қазіргі ресми атауы — Ана мен баланы қорғау орталығы. Осы уақытқа дейін аурухана халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетіп, мұндағы білікті дәрігерлер ел ықыласына бөленіп келеді. 

Аурухана тарихына үңілсек, облыстық балалар ауруханасының алғашқы бас дәрігері Анатолий Лепик болды. Одан соң әр жылдары бас дәрігер болған І.Аймағамбетов, В.Россов, С.Валиева, Л.Гаврилова, І.Көбенов, В.Клейман, М.Ғабдрахманова, Қ.Тоқтаров, Н.Қожин, Р.Исаев, Е.Сұлтангереевтераурухананың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жас мамандарды еңбекке баулып, олардың кәсіби шеберліктерін шыңдауларына өз үлестерін қосты. Жарты ғасыр шежіресі бар аурухананы қазір білікті дәрігер Ербол Жапақов басқарып отыр.

Мерейтой қарсаңында басшымен аурухананың қазіргі тыныс-тіршілігін, соңғы жылдардағы осы саладағы жетістіктері туралы сұхбаттасуды жөн көрдік.

— Он жыл бұрын жаңа ғимаратқа көштіңіздер. Бүгінде аурухананың атауы да өзгеріпті. Әңгімемізді содан бастасақ…

— Иә, солай. Қазіргі отырған ғимарат «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынды. Бұған дейін облыстық балалар ауруханасы 1950 жылдары салынған 160 орындық ғимаратта орналасты. Қазіргі 240 орындық жаңа ауруханамыздың аумағы — 26 мың шаршы метр. 2017 жылы балалар ауруханасы Ақтөбе медициналық орталығының құрамына енді.Сосын«Өңірлерді дамыту»бағдарламасы аясында жаңағы орталықтан бөлек шықтық. Пандемия болғасын бөлек шығу шамалы созылып кетті. Сөйтіп, биыл 1 тамыздан бастап Ана мен баланы қорғау орталығы болдық. Мұнда балалар тегін ем алады. Дәрігер-мамандар да көрші және шетелдерде біліктіліктерін жетілдіріп тұрады.Мұндай қолдау дәрігерлердің беделін арттырып, ісін алға бастырары сөзсіз.

— Аурухананың тыныс-тіршілігін баяндап берсеңіз. Қанша бөлім жұмыс істейді? Қандай жетістіктеріңіз бар?

— Бізде 13 бөлім жұмыс істейді. Барлық бөлім жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетеді. Бөлімдердің ең үлкені — хирургия бөлімі. Бұл бөлім тек облыс балаларына ғана емес, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарының балаларына да күні-түні шұғыл және жоспарлы хирургиялық көмек көрсетіп келеді. Хирургия бөлімі құрамында жақ-бет хирургиясы мен құлақ-мұрын, тамақ ауруларына арналған кереуеттер бар. Медицина ғылымдарының білікті мамандарының келуіне орай балалардың жақ-бет саласына қатысты патологиялық ауруларына хирургиялық көмек белсенді көрсетіле бастады. 2016 жылы кардиохирургия орталығы ашылды, мұнда тек облыстың ғана емес, Батыс аймағынан — Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан келген жүрек ақауы бар балаларға жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетіледі. Осыған байланысты біз республикадан облыстық мәртебемізді аймақтық етуін сұрап жатырмыз. Себебі елімізде жүрек ауруларын Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында ғана  емдейді. Батыс өңірі бойынша тек біздің Ақтөбеде ғана орталық бар. Сондай-ақ 2018 жылы балалар мен ересектердегі аллергияны емдейтін орталық ашылды. Жалпы, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетіндегі педиатрия, балалар хирургиясы, неврология кафедраларындағы ғалымдармен ақылдасып отырамыз.Айтпақшы,соңғы он жылдан берітуа біткен ақауы бар жаңа туған нәрестелерге хирургиялық көмек көрсету мақсатында аурухана ішінен облысаралық неонатальды хирургия орталығы жұмыс істеп тұр. Бір сөзбен айтсақ, біздің 50 жылдық тарихы бар аурухананың мақтанып айтарлықтай жетістіктерін тауысып айту мүмкін емес.

— Тағы қандай бөлімдер ашылуы мүмкін?

— «Қамқорлық» қоғамдық қорының қолдауымен әкімшілік корпустан мүгедек балаларға арналған оңалту орталығын ашқымыз келіп отыр. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Орталықта тұзды шахта, сенсорлы бөлме, массаж кабинеттері, тағы сондай қажетті мамандарға арналған кабинеттер  болады. Оңалту орталығы үшін арнайы 28 маманды Нұр-Сұлтан қаласында оқытып жатырмыз.Хирургия бөлімі құрамындағы жақ-бет хирургиясы мен құлақ-мұрын бөлімінде алдағы уақытта сырттан арнайы маман шақырып, кохлеарлы имплантация операцияларын жасағымыз келеді. Облыс бойынша құлағы естімейтін 15 балаға кохлеарлы имплант қажет. Сосын ортопедия саласын дамыту үшін арнайы балалар ортопедтерін даярлауға тиіспіз.

— Мамандар жеткілікті ме?

— Жеткілікті. Біздің 240 кереуеттік ауруханада барлығы 586 адам жұмыс істейді. Оның 88-і — білікті дәрігер,140-ы — медицинаның орта буын қызметкерлері.  Қалғаны санитарлық-техникалық қызметтерде жасайды. Бүгінгі күні біздің дәрігерлердің бір бөлігі шетелдерде, өз елімізде оқып, соңғы үлгідегі техникалармен жұмыс істеуді меңгерген. Біздің ауруханада ғана емес, жалпы біздің өңірдің денсаулық сақтау саласында маман жағынан тапшылық болмауы керек. Өйткені Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті батыс өңіріндегі Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарына, қала берді Қызылорда аймағына мамандар даярлайды. Ал болашақ педиатрлар мен балалар хирургтары біздің аурухананың базасында тәжірибеден өтеді. Бір сөзбен айтсақ, біздің аурухана — балалар дәрігерлерін даярлайтын «ұстахана». Айтпақшы, біздің ауруханада пульмонолог маман бар. Ол — облыс гранты бойынша Алматыдан резидентураны бітіріп келген жас маман. Асылхан Есенгелдіұлын қазірдің өзінде жұрт іздеп келеді, күз бен көктемде тыныс алу органдары ауруларының асқынатын кезі ғой. Пульмонологқа, басқа да мамандарымызға портал арқылы жолдамамен келіп, балаларды көрсетіп алуға болады. Осы жерде айта кететін бір жайт, жас мамандардың көпшілігі өз өлкемізде қалмайды, жұмыс істеуге басқа қалаға кетіп қалып жатады. Осы орайда жас мамандарды облысқа тұрақтандыру мақсатында мемлекет тарапынан үй берілсе,жақсы болар еді.

— Аурухананың материалдық-техникалық базасы жаңартылған болар?

— Ауруханада осы заманғы ең озық медициналық құрал-жабдықтар бар.  Атап айтсақ, жасанды жолмен тыныс алдыратын аппарат, электронды таразы, ота үстелдері мен көпфункционалды монитор, электр стансасы бар. Мәселен, электр стансасы жарық сөніп қалған жағдайда он секундтың ішінде іске қосылады. Бұған қоса ауруханада медициналық құралдарды зарарсыздандыратын «Стеррат-с» аппараты да жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ бізде жаңа туған нәрестелердің қалыпты тыныс алуына көмектесетін «Кювез» аппараты бар.Ауырып қалған жаңа туған нәрестелерді перзентханадан тасымалдау да оңай емес. Ондайда реанимобиль жедел жәрдем көлігімізді пайдаланамыз. Көліктің ішінде дәл осындай аппарат орналасқандықтан, сәбилерді  қала іші мен аудан орталығына жеткізуде ешқандай қиындық жоқ. Компьютерлік томография жұмыс істеп тұр. Бірақ магнитті-резонансты томография істен шығып, қазіргі таңда жөнделіп жатыр. Биыл өңешті тексеретін ультра-дыбыстық зерттеу аппаратын алуға өтінім бердік.

Қазіргі балалар бұрынғыдай далада көп ойнамайды ғой, үйде смартфон ойнап отырады. Сәйкесінше, балалардың жарақаттануы да азайған болар?

— Балалар жарақаты азаймай тұр. Жарақаттанудың басқа түрі пайда болды. Айталық, ата-аналар смартфон немесе интернеттен бірдеңе қарап отырғанда, кішкентай бала ыдыс жуатын немесе  ванна тазалайтын құралдардың бірін ішіп қояды. Химиялық тазарту құралы баланың өңешін күйдіріп кетеді. Барынша қолдан келген медициналық көмекті жасаймыз. Бірақ кейде кеш болып жатады. Соңғы кездері осындай жарақаттар көп кездеседі. Үлкендерден кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауды сұраймыз.

— Осы қанның қатерлі ісігіне шалдыққан балаларға ем тегін жүргізілмей ме?Әлеуметтік желіде де, қала көшелерінде де осындай диагнозы бар балаларға ақша жинау үшін жәшік ұстап жүргендерді көп көреміз.

— Иә, мен де көрдім. Тіпті біреуіне жақындап, мән-жайын сұрадым. Біздегі тізімде бар-жоғын анықтайын деп едім, басқа облыстың баласы болып шықты. Қазір біздің аурухананың қасынанмемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындаонкогематология орталығы салынып жатыр. Әрине, баласының сауығып кетуі үшін әр ата-ана шыбын жанын шүберекке түйіп, қолынан келгенін жасауға тырысады.Елімізде 2012 жылдан бері балалардың жілік майын ауыстыру операциясы жасалып жүр. Алайда баланы шетелге апарып емдету де — ата-ананың өз еркі. Ол үшін мол қаражат керек. Бірақ, меніңше, жаңағыдай көшеде ақша жинап тұрғандарды бақылауға алу керек сияқты.

— Елу жылдық мерейтойды қалай атап өтесіздер?

— Балалар ауруханасының 50 жылдығына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өткізгіміз келіп еді, пандемия кесірінен үлкен шаралар өткізе алмай отырмыз. Аурухана тарихы, дәрігерлер еңбегі туралы бір жинақ кітап шығарғымыз келеді, бейнематериалдардан фильм де жасау жоспарда бар. Әзірге біз осы 1 қарашадан бастап 24 желтоқсанға дейін ауруханамыздың емхана бөлімінде «Ашық есік күнін» өткізуді бастап кеттік. Арнайы кесте бекітілді. Кестеге сай кардиолог, кардиохирург, невролог, нейрохирург, хирург, травмотолог-ортопед, гастроэнтеролог, нефролог, уролог, отоларинголог, жақ-бет хирургі күн сайын сағат тоғыздан түскі сағат он екіге дейін науқас балаларды қабылдап, консультация береді. Аталған мамандардың қабылдауына келерде «ДамуМед» ақпараттық жүйесі арқылы тіркеліп,  сондай-ақ пациент медициналық картасымен, яғни №052 формасымен келуі қажет. Атап айтсақ, 12 қарашаға дейін кардиолог пен кардиохирург, 15-19 қарашада балалар ортопеді, 22-26 қарашада жақ-бет хирургі, 29 қараша-3желтоқсанда балалар гастроэнтерологі, 6-10 желтоқсанда балалар нефрологы мен урологі, 13-17 желтоқсанда отолоринголог, 20-24 желтоқсанда балалар хирургы науқас балаларды қабылдайтын болады.

— Алдағы жоспарларыңыз қандай?

— Балаларды емдейтін мекемені басқаруға келгеніме бір жылдай болды. Алдағы уақытта медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға, иннновациялық технологияларды тәжірибеде пайдалануға, тағы бірқатар жоғары технологиялық медициналық қызметтерді енгізуге қатысты біраз жоспарлар бар. Мақсатымыз —медициналық қызмет сапасын жаңа сатыға, яғнихалықаралық талаптарға сай жоғары деңгейге көтеру. «Ұлт болашағы — дені сау ұрпақ» десек, балалар денсаулығын жақсартуда аянбай тер төгуге дайынбыз.

 Сұхбаттасқан Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button