«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Тазалық әр ауладан басталады

Қала қашанда тазалығымен, жасыл желегімен сәнді. Ендеше, шаһардың тазалығын сақтап отырған тазалықшылардың еңбегі зор. Олар жаздың аптап ыстығы, қыстың шыңылтыр аязы мен боранына қарамастан, қарбалас тірліктерін тоқтатпай, еңбек етеді. Осы орайда біз қала аумағында орналасқан гүлзарлар мен саябақтардың санитарлық тазалығына, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына жауап беретін мердігер ұйым «Самғау-2030» ЖШС-ның қызметкерлері және тазалықшыларымен тілдескен едік…

Жыл соңына дейін 250 бөшке орнатылады

«Самғау-2030» ЖШС қаламыздағы тазалыққа жауап беретін өзге де серіктестіктер сияқты жолдар мен көшелерді, тұрғын үйлер аумағын санитарлық тазалап, абаттандыру жұмысымен айналысады. Қазір бұл мекемеде штаттық режимде 30-ға жуық адам жұмыс істейді. Сондай-ақ көлік жүргізушілері және бар.

Серіктестік қызметкері  Қанат Шүленбаевтың айтуынша, мекеме 2016 жылы құрылған.  Мәскеу, Әуе қалашығы аудандары мен Қарғалы, Заречный-1,   Заречный-2, Заречный-3, Заречный-4 ауылдарының санитарлық тазалығына жауап береді. Атап айтсақ, Мәскеу, Әуе қалашығы аудандарына серіктестіктің жұмысшылары тазалық жұмыстарын жүргізсе, Қарғалы, Заречный-3, Заречный-4 ауылдарына

серіктестікке қарасты кіші мердігер ұйымдардың 21, Заречный-1, Заречный-2 елді мекендеріне 17 тазалықшысы жауапты ретінде бекітілген.

— Біздің міндетіміз — аталған шағын аудандар мен ауылдардың көшелерін, бірқатар саябақтар мен скверлерді санитарлық тазарту, абаттандыру. Алайда қазір қаламыздың тазалығына алаңдап, қоқыс алаңдарындағы ірі көлемдегі қалдықтарды тасумен де айналысып жатырмыз. Негізі, бұл біздің қызметімізге кірмейді. Дегенмен қаланың тазалығы — ортақ міндет, ортақ абырой.

Бұған дейін біз жаз айларында ағаштар, гүлдер егіп, урналар мен аялдамаларды сырлап, тазалық жұмыстарын жүргіздік. Қазір тазалықшыларымыз жаяу жүргіншілер жолы мен жол жиектерін, көшелерді сыпырып, күл-қоқыстан тазартып жатыр. Алда қыс келе жатыр. Қыста біз көшелер мен белгіленген аумақтарды қардан тазартатын боламыз, — дейді ол.

Оның айтуынша, қазіргі таңда серіктестікте тазалық жұмыстарына арналған техника саны жеткілікті. Атап айтсақ, мекемеде бір жүк тиегіш машина, бір «КамАЗ», екі «ЗИЛ», 4 «Газель», 3 су тасушы көлік, бір трактор бар.

Бүгінгі күні серіктестік жұмысшылары Мәскеу ауданындағы Мясоедов, Иманов сияқты үлкен көшелерге қоқыс салуға арналған бөшкелер орнатып жатыр. Бұған дейін бұл ауданға 80-нен астам бөшке қойылған. Жыл соңына дейін жалпы саны 250 бөшке орнатылмақ.

Соңғы кезде әлеуметтік желілерде қала тазалығына байланысты тұрғындар тарапынан көп арыз-шағым жазылып жүр. Алайда бұл жерде тұрғындар тазалық өздерінен басталатынын түсінбейді. Мәселен, биыл біз арнайы бастама көтеріп, Мәскеу ауданындағы тұрғын үйлердің алдына қоқыс салуға арналған бөшкелер орнатуды жөн көрдік. Ол үшін тұрғындар ешқандай төлем төлемейді. Арнайы бөшкелер тұрғын үйлердің алдында тұрмыстық қалдықтардың шашылмай, сондай-ақ жол жиектерінің тазалығын сақтау мақсатында жасалды. Бүгінге дейін біз Мәскеу ауданына 200 литрлік 80 бөшке орнаттық. Алдағы уақытта үйлердің алдына тағы 170 бөшке қойылады. Өкінішке қарай, біздің бұл бастамамызды тұрғындар қолдап жатқан жоқ. Себебі тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстар бөшкеге салынбайды. Көп жағдайда тұрғындар күл-қоқысты белгіленген орынға тастамайды, кез келген жерге шашып кетеді. Тіпті кейде біздің тазалықшыларымыз ит-құс шұқып, жол жиегінде шашылып жатқан қоқыс салынған пакеттерді жинап, сыпырып жатады. Меніңше, бұл үлкен жауапсыздық деп ойлаймын, — дейді Қ.Шүленбаев.

Айта кету керек, Мәскеу ауданында мекеме орнатқан 8 бөшке жақында қолды болыпты. Қазір құқық қорғау органдарының қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізуде. Кінәлілер әлі табылмаған.

Тыным таппайтын тазалықшылар

Жанере Пірімбетованың «Самғау-2030» ЖШС-да тазалықшы болып жұмыс істегеніне 3-4 жыл болған. Бұрын ол «Таза қала» ЖШС-да еңбек етіпті. Қазір қасындағы «егізі» Тамира Нурушевамен бірге Мәскеу ауданының көшелерін сыпырып, күл-қоқыстан тазалайды. Оның айтуынша, бұл екі тазалықшының «мойнында» 30-ға жуық көше бар.

  • Жасым 58-де. Он жылдан бері тазалықшы болып жұмыс жасап келемін. Өзім осыдан 20 жылдай бұрын Қарақалпақстаннан көшіп келдім. Көпбалалы анамын. Жолдасым біраз жыл бұрын қайтыс болды. Төрт қызым, екі ұлым бар. Отбасында немере сүйіп отырған бақытты әжемін. Жұмысым өзіме ұнайды. Таңертең 8.00-ден кешкі 17.00-ге дейін өзімізге белгіленген аумақты, оның ішінде жол жиектерін, көшелерді, контейнерлер алаңдарын күл-қоқыстан тазартамыз. Әйтеуір, күні бойы тыным таппаймыз. Өкінішке қарай, қазір тұрғындардың көбі қоқыс алаңдарын ірі көлемдегі құрылыс материалдары мен жиһаздарға толтырып тастайды. Оларды жинау үшін біз көп еңбектенеміз. Негізі, ескі жиһаздарды, құрылыс материалдарының қалдықтарын, тағы басқа ірі габаритті қоқысты тұрғындардың өздері полигонға апаруы керек, — дейді ол.

Жанере Пірімбетова тазалықшы ретінде ай сайын 100 мың теңге жалақы алатынын айтады. Мереке күндері серіктестік басшылығы сыйақы да береді екен. Қазір бұл мекемеде 4 тазалықшы әйел бар. Олардың бәрі бұған дейін де тазалық жұмысымен айналысатын мекемелерде жұмыс істеген.

  • «Еңбектің наны тәтті» демекші, еңбектенген адам далада қалмайды. Міне, көп жылдан бері осы салада жұмыс жасап келемін. Ешқандай қиындығы жоқ. Жазда қоқыс жинаймыз, қыс айларында қар тазартамыз. Мекеменің көлігі жұмыстан соң үйімізге апарып тастайды, қажетті арнайы киімдерімізді алып береді. Басшылық мереке сайын сыйақы тағайындап, «үлкен кісілер ғой» деп бізді сыйлайды. Біз соған ризамыз. Өзім күміс алқасы бар ана болғанмен, балаларға қол жаймай, осылай еңбек еткенді дұрыс көремін. Негізгі мамандығым дүкенші болғанмен, сауда саласында көп жұмыс жасаған жоқпын. Жас кезімде бала тәрбиесімен айналысып, үй шаруашылығында болдым. Осылайша өмір бойы үй мен түз тірлігінен қол үзбей келе жатырмын, — дейді ол.

Ал Жанере Пірімбетованың «егізі» атанып кеткен Тамира Нурушева бір жыл бұрын зейнеткерлікке шығыпты. Дегенмен бала-шаға қамы үшін әлі жұмыс істей беретінін айтады.

  • Бұл жерде басшыларымыз еңбегімізді бағалайды, жалақымызды уақтылы аламыз. Жұмыс болған соң бірқатар қиындықтар болады. Алайда бәрін жеңіп үйрендік. Тек айтарымыз, тұрғындар өз аулаларының, тұратын көшелерінің тазалығына жауапкершілікпен қараса екен. Біздің де еңбегіміз ескерілсе дейміз. Өйткені тазалық әрқайсысымыздың ауламыздан басталады, — дейді Тамира Нурушева.

Білгеніміздей, «Самғау-2030» ЖШС-да жұмыс істейтін жұмысшылардың дені — 40-50 жастан асқандар. Бұл мекемеде еңбек ететін жастар аз.

Айбол Мұқашев 2018 жылдан бері мекемеде жүргізуші болып жұмыс істейді. Ол — серіктестіктегі ең жас жұмысшылардың бірі. Мамандығы — механик. Өзі іздеп келіп, осы мекемеге жұмысқа орналасыпты.

Біз Әуе қалашығы ауданы Сұлутөбе көшесіндегі қоқыс алаңын ірі көлемдегі қалдықтардан тазартып жатқан бригадаға барып, сол жерде жұмыс істеп жүрген Айболды кездестірдік. Ол өзі және жұмысы туралы бізге айтып берді:

— Бригадада үш техника, 4 адам жұмыс жасап жатырмыз. Мен «ЗИЛ» көлігін жүргіземін. Ірі көлемдегі қоқыстарды тиеп, полигонға шығарамыз. Жұмыс уақыты — таңғы 8.00-ден кешкі 17.00-ке дейін. Аптасына алты күн жұмыс істеп, бір күн демаламын. Жұмысым өзіме ұнайды. Ең бастысы, қаламыздың тазалығына өз үлесімді қосып жатқаныма қуаныштымын.

Соңғы кезде Ақтөбеміз қоқысқа толып кетті. Күн сайын қаншама қоқыс шығарсақ та, таусылмайды. Тұрғындар тазалыққа жауапкершілікпен қарамайтын болды. Әсіресе жеке үйлерде тұратындар қоқысты көшеге лақтырып кете береді. Міне, бүгін таңнан бері Әуе қалашығын тазартып жатырмыз.

 Р.S. Бұл — тазалықпен айналысатын бір ғана мекеменің жұмысы. Ал қаламызда мұндай ондаған мердігер ұйым бар. Олардың барлығы қаламыздың тазалығы үшін үзіліссіз еңбек етуде. Сондықтан біз қала тұрғындарын тазалықшылардың еңбегін бағалап, қоршаған ортаға ұқыпты және жауапкершілікпен қарауға  шақырамыз.    

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button