Тәуелсіздік — 30

Жиырма екінші жылдың шуақты сәттері

Тәуелсіздіктің жиырма екінші жылында елімізде тұңғыш рет жергілікті билік органдары басшыларының сайлауы өтті. Атап айтқанда, аудандық маңызы бар қалалардың, селолық округтердің, селолық округ құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдардың әкімдері, барлығы 2454 әкім сайланды. Оларды жергілікті мәслихат депутаттары сайлады.

Сондай-ақ бұл жыл Қазақстандағы Франция жылы ретінде өтті.

Зияткерлік мектеп ашылды

2013 жылдың ақпан айында Ақтөбеде физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылды. Оның ашылу салтанатында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының сол кездегі басшысы Күләш Шәмшидинова сөз сөйлеп: «Назарбаев зияткерлік мектептері алдына екі үлкен міндет қойылып отыр: біріншісі — жас буынға, соның ішінде дарынды балаларға қазіргі заманға лайық сапалы білім беру, екіншісі — осы оқу орындарының базасында жинақталған тәжірибені басқа мектептерге тарату», — деп атап өтті.

720 орындық мектеп облыс орталығындағы Батыс-2 шағын ауданында орналасқан. Оның жанынан 120 орындық интернат та ашылған. Оқу кабинеттерінің саны — 59. Оқу кабинеттерінен бөлек, екі спорт залы, кең мәжіліс залы, био және нанотехнологиялық зертханалар, қысқы бақ — демалыс орны,ноутбуктерді қуаттандырғыш бөлме, кітапхана, т.б. бар. Балалар үзіліс кезінде дәлізде шахмат, дойбы ойнай алады.

Зияткерлік мектепке мамандар да іріктеп алынған.Бастапқы іріктеуге Ақтөбе қаласы мен аудандардан 376 үміткер қатысып, қорытындысында 97 мұғалім қабылданған. Олардың ішінде 20 педагог Кембридж универсиетінде үш айлық деңгейлік бағдарлама арқылы біліктілігін арттыру курсынан өткен.

Жалпы, бұл мектеп— Қазақстанда 2008 жылы қолға алынған «Тұңғыш Президенттің 20 интеллектуалды мектебі» жобасы аясында ашылған оныншы мектеп.

Ал осы жылы облысымызда 19 мектептің құрылысы қолға алынған. Айталық, Назарбаев Зияткерлік мектебімен бір шамадаАқтөбе қаласының іргесіндегі Оңтүстік-батыс шағын ауданында да 600 орындық орта мектеп ашылды.

Қандастар бас қосты

5-6 қыркүйек күндері Ақтөбеде халықаралық ІІ «Ұлы мұра» байқау-фестивалі өтті.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда шет тұрып жатқан қазақтармен байланысты нығайту, әсіресе рухани-мәдени бағытта өзара қарым-қатынасты барынша тереңдету мақсатымен көптеген істер атқарылды. Ақтөбеде 2011 жылы ұйымдастырылған «Ұлы мұра» фестивалі де соның бір көрінісі еді. Бұл фестиваль 2013 жылы жалғасын тапты.  Оған Ұлыбританиядан, Қытайдан, Моңғолиядан, Украинадан, Қырғызстаннан, Ресейдің қазақтар шоғырланған барлық өңірлерінен, басқа да елдерден делегациялар, барлығы 300-ге тарта адам келді.

«Ұлы мұра» — өнер мерекесі. Фестивальға қатысушылар жеті номинация бойынша өз өнерлерін көпшілік назарына ұсынды: аспаптық жанр, вокал, хореография, сәндік-қолданбалы өнер, кескіндеме, т.б.

«Ұлы мұра» фестивалінің салтанатты жабылу рәсімінде шетелдердегі қазақ мәдени орталықтары жетекшілері мен белсенді мүшелеріне Ақтөбе қаласы әкімінің атынан Алғыс хаттар мен естелік-сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ фестиваль жеңімпаздары да — Елдос Есімжанұлы, Сайлау Түркібайқызы, Жайна Смағұлқызы, «Жас қанат» би ансамблі және басқалар —  дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.

Жаңа көпір пайдалануға берілді

Қараша айында Ақтөбеде, 11-шағын аудандағы Әкімжанов-Әз Наурыз көшелерінің қиылысында, жаңа көпір пайдалануға берілді.

Жаңа жол өтпесі қаланың ескі бөлігі мен 11-шағын ауданды тікелей қосуға мүмкіндік берді. Жаңа көпір күніге5 мың автокөлік өте алатындай етіп жобаланды. Құрылыс жұмысын «Мостстроительный отряд-25» ЖШС жүргізді.

Сондай-ақ көпір құрылысы барысында Әкімжанов, Смағұлов, Әз Наурыз, Некрасов көшелерінде күрделі жөндеу жүргізіліп, кейбір көшелер кеңейтілді.

Әуе кемесінің аты —«Ғазиза»

Осы жылы қыркүйекте елордадан Ақтөбеге қазақтың ардақты қызы, композитор  Ғазиза Жұбанованың есіміниеленген ұшақ ұшып келді. «Эйр Астана» әуе компаниясы «Airbus-320» маркалы әуекемесін оның құрметіне «Ғазиза» деп атапты.

Бұл «Эйр Астана» компаниясының зауыттан сол айда су жаңа күйінде сатып алған ұшағы екен. «Ғазиза» ел ішінде ғана емес, шетелге де қатынайды. Оның бизнес-класында 16 және эконом-класында 132 жолаушығаорынбар. Оған дейін компания бірнеше ұшаққа Дина Нұрпейісова, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова сынды қазақтың даңқты қыздарының есімдерін берген.

«Ғазиза» әуе кемесінің алғашқы жолаушыларын Ақтөбе әуежайында сол кездегі облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ғазиза Жұбанованың ұлы Абай Мәмбетов пен немересі Кәмила Мәмбетова қарсы алды. Кәмила әжесінің құрметіне арнау-жыр оқып, жиналғандарға оның өмірі туралы баяндап берді.

Су спортын дамытты

Жыл соңында Ақтөбеде ішінде су спортымен айналысамын деген жандар үшін барлық жағдай жасалған алып бассейн орталығы ашылды. Бұл — қаланың Батыс-2 шағын ауданындағы «Достық» су спорты кешені.

Ақтөбеде 50 метрлік бассейн алғаш рет ашылды. Оның құрылысы 2012 жылы шілдеде басталған. Құрылыс жұмыстарын «Интерстиль» ЖШС жүргізді. «Достық» су спорты кешенін салуға 1 миллиард 574,3 миллион теңге қаржы жұмсалған. Оның жалпы аумағы 1,1 гектарды, орталық ғимаратының ауданы 9182,5 шаршы метрді алып жатыр.

Бассейн, жоғарыда көрсетілгендей, әрқайсысы 50 метрге созылған 10 жүзу жолынан тұрады. Мұнда ел чемпионаттары, ашық турнирлер, облыс және қала бойынша жарыстар өткізіліп келеді. 400 орындық көрермендер залы бар. Жарыстардың нәтижелері қабырғадағы үлкен экраннан көрініп тұрады.

Қазір мұнда жүздеген бала су спортымен айналысып жүр. Осында өткізілген үлкен жарыстардың арқасында ақтөбеліктер Олимпиада чемпиондары Дмитрий Баландин (Рио-де-Жанейро, 2016), Зүлфия Ғабидуллина (Паралимпиада, Рио-де-Жанейро, 2016) сынды даңқты спортшылармен бірнеше мәрте жүздесті. Соңғы жылдары ақтөбелік жастар су спорты түрлерінен жақсы жетістіктер де көрсете бастады. Мысалы, Диана Назарова биыл шалқалап жүзу әдісі бойынша Токио Олимпиадасына қатысты.

Зауыт құрылысы аяқталды

2013 жылғы үлкен оқиғалардың бірі — «Қазхром»ТҰК» АҚ-ның жаңа зауыты құрылысының аяқталуы. Жаңа зауыттың құрылысы 2010 жылы басталып, құрылысқа 28 қазақстандық мердігер фирма қатысқан.Бұл жобаға 843 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсалыпты. Зауыттың жобалық қуаты — жылына 440 мың тонна өнім.

Бұл кәсіпорын — өндіріс технологиясы және қуаттылығы жағынан әлемдік көшбасшылардың бірі.Зауытқа инновациялық технологиялар енгізілген. Металды шөмішсіз және жүк көтергіш механизмсіз құю жүзеге асырылады. Одан соң өнім қайта өңдеу бөліміне түседі. Бұл — балқытудың жаңа әдісі.

Зауытты пайдалануға беру Қазақстанның жоғары көміртекті феррохром шығару бойынша экспорттық әлеуетін 16 пайызға, ал Ақтөбе облысының экспорттық әлеуетін 46 пайызға арттырады деп жоспарланды.

Қос қаламгердің ескерткіші

Бұл жылды ақтөбеліктер үлкен қуанышпен аяқтады. 30 желтоқсанда облыс орталығында Ақтөбе топырағының даңқты перзенттері — жазушы Тахауи Ахтанов пен ақын Қуандық Шаңғытбаевқа арналған ескерткіш ашылды.

Осы жылы ақтөбеліктер Тахауи Ахтановтың 90 жылдық мерейтойын атап өткен болатын. Мерейтой аясында көптеген іс-шаралар, соның ішінде, мысалы, Ақтөбеде ХХІ республикалық театр фестивалі өтті.

Ескерткіштің ашылу салтанатына ақтөбелік қаламгерлер, Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаевтың ұрпақтары, облыс және қала басшылары қатысып, үлкен жиын өтті.

Ескерткіштің биіктігі — 6,5 метр. Авторы — мүсінші Жеңіс Жұбанқосов.

Тірлігінде бір-біріне тілеулес, жанашыр болып өткен екі қаламгер туған жер төріндегі ескерткіштері арқылы болашақ ұрпақтарға да шынайы достықтың үлгісі болып таныла бермек.

Тарих беттерін парақтаған Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button