Басты жаңалықтар

42 отбасына үй алып берді

Тұрғын үй… Баспана… Қалалық жерде ең алдымен керек нәрсе— ол шағын болса да өз үйіңнің болуы. Бұл — пәтер жалдап жүрген әрбір жанның арманы. Әрине, екінші деңгейлі банктер арқылы мемлекеттік бағдарламалармен ипотека төлеп, үйге қол жеткізіп жатқандар көп. Әйтеуір, пәтерақыға төлегенше, түбінде өз үйі боп қалатыны — жұбаныш. Алғашқы жарнасы аз, пайызы төмен дейтін «Отбасы банкі»  шарттарын да кез келген адам орындай алмайды.

Сондықтан жалақысының жартысын пәтерақыға жұмсап жүргендер жетерлік. Ал бағдарлама арқылы үй алғанның өзінде оның ай сайын төлейтін жарнасы да діңкелетеді. Үкіметтен тегін үй алу үшін ұзақ жыл кезекте тұруың керек. Ақтөбе қаласында көпқабатты үйлер салынып, жылына жүздеген пәтер берілсе де, тұрғын үй мәселесі шешілер емес.

Қазір жарнама көп. Тұрғын үйге алдынала ақша салуға үгіттейтін жеке тұрғын үй кооперативтері, қолдан «пирамида» құратын алаяқтардан аузы күйіп жатқандар да жоқ емес. Нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан әрі 1 жылдың ішінде үйлі болатынына қанша сендіріп баққанымен, бұл да піспеген үміт.

Қалай десек те, үй алу үшін дені сау адамның өзі кемі 5 жыл әрекеттенеді. Ал мүмкіндігі шектеулі жандар қайтпек? Үкіметтің беретін аз-мұз жәрдемақысы күнделікті қажеттілікті өтеуден ауыса ма?

Сонымен қатар асыраушысынан айырылған балалар, жұмысқа жарамсыз жандарға жеңілдетілген несие арқылы үй берілгенімен, ай сайынғы жарнасын төлеу де оңай емес.

Міне, аз да болса көмекке мұқтаж, әсіресе басыбайлы баспанасы жоқ отбасыларға үй әперіп жүрген «Харекет» қоры қамкөңіл жандардың қасынан табылып, қуанышқа кенелтіп жүр.

«Харекет» қоры бұдан 4 жыл бұрын құрылған. Оны құрушы Гүлмира  Мұханқызы халықтың назарын үйсіз жандарға бұрғызды. Жеке парақшасына жазба жариялады. Арнайы есепшот ашты. Әрине, қазіргі таңда халық кезкелген жерге ақша сала бермейді. Бастапқыда сенімсіздік танытқан. Бірақ «Харекет» қоры арнайы видео арқылы көптің көзін жеткізді. Бұл кезде Гүлмираның ойлап тапқан идеясы қордың жұмысын жандандыра бастады. Ол «1000 теңгеге баспана!» деген ұран тастады. Алдымен таныстарына айтып, кейін танымал адамдарды, кәсіпкерлерді жағалаған. Мың теңге жоқ деуге қай қазақтың аузы барсын? Сөйтіп,«Көп түкірсе — көл», «Теңіз тамшыдан құралады» деген халық мақалдары осы кезде дәлелін тапты.

Алғашында үш ай бойы тынымсыз жұмыс істеуге тура келді. Күдер үзбедім. Бастаған ісімді тастағым келмеді. Бар ойым — елдің көмегі арқылы бір отбасына болса да үй алып бергім келді. Сөйтіп, бірінші рет алматылық көпбалалы анаға үй алып бердік. Сол кездегі олардың қуанышты көз жасы шаршағанымды ұмыттырып жіберді. Құлшынысымды арттырды, — деп сол күндерді еске алады «Харекет» қорын құрушы Гүлмира Мұханқызы.

«Харакет» қоры 4 жыл ішінде елдегі 500-ден астам отбасына үй алып берген. Ақтөбе облысында 42 отбасы тегін баспаналы болды.

Көбіне бейтаныс адамдар таныстарының жағдайын айтып, хабарласады. Біз мекенжайы бойынша барып тексереміз. Расында да, тұрған үйлері өте ескі әрі тар. Жатақханалардың қуықтай бөлмесінде бірнеше жан тұрады. Оның өзі ақылы. Бау-бақша ұжымында аядай үйлерді паналап отырған көпбалалы отбасылар қаншама. Біз алдымен мектеп жасындағы балалары бар отбасыларға көмектесеміз. Өйткені бала қиындықсыз білім алуға тиіс. Одан кейін еңбекке жарамсыз, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесуге тырысамыз. Аса мұқтаж жандардың тұрмысын видеоға түсіріп, орталыққа жібереміз. Сөйтіп, Ақтөбе қаласында 42 отбасына үй алып бердік,— дейді қордың Ақтөбе облысы бойынша өкілі Алтынгүл Өткелбаева.

Бір қуанарлығы, қорға деген сенімділік қалыптасты. Жолда жүрген жүргізушілерге дейін ұйымдасып, қаржы салады. Халықтың қайырымдылық танытуы өте белсенді. Баспана алуға бір адамның мың теңгесі болса жеткілікті. Тек көптің ниеті, ауызбіршілігінің арқасында бір қазанға түскен ақша бір отбасының арманын орындайды.

Қызығы сол — «Харекет» қоры арқылы үй алғандар әуелде баспаналы болу арманын 5-10 жылға шегеріп қойған. Мемлекеттік бағдарламалар болғанның өзінде бәріне бірдей бұйыра бермейді.

Қалада 11 жыл бойы пәтер жалдап келген  Айдана Намазбаеваға аяқастынан үйлі боламыз деген ой үш ұйықтаса да түсіне кірмеген. Үйелмелі-сүйелмелі 5 баласы бар оның жағдайын айтып, сыртынан  танысы хабарлапты.

Жолдасым жүрек-қан тамырлары ауруына шалдығып, жұмысқа жарамай қалды. Соңғы кезде айына 60 мың теңгеге пәтержалдап тұрдық. Өзім бала күтімімен үйде отырамын. Балаларымның үлкені 6 сыныпта оқиды, ал кенжем 8 айлық. «Харекет» қорынан маған осы жылдың ақпан айында хабарласып, бәрін сұрап, бейнеге түсіріп алды. Әрине, үй береді деп сенген де, күткен де жоқпын. Ал «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасына біздің санатымыз сай келмейді екен.  Бір күні қордан телефон шалып, түскі асқа шақырды, бардым. Ол кезде үйдің кілтін береді деп ойламаппын. Бірақ үйдің құжаты мен кілті тұрды. Оны «Өнер қырандары» театрының әртісі Мадияр Серікбаев маған тапсырғанда,бірінші Аллаға, содан кейін жомарт жандарға алғыс айттым.  Олар 8 миллион теңгеге 2 бөлмелі үй алып қойыпты. Үйге барсам, ішінде жиһаздарына дейін бар екен. Халыққа, осыны ұйымдастырған қордың қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз, — дейді А.Намазбаева.

30 күнде 30 баспана!

Еліміз бойынша осындай акция жүріп жатыр. Акция арқылы Ақтөбе облысынан екі отбасы үй алып үлгерді.

«Харекет» қоры тек үйдің өзін ғана емес, демеушілер арқылы тұрмыстық жиһаздарын да алып береді. Тіпті балаларының жағдайы үшін мектептің маңынан іздеуге тырысады екен.

— «Харекеттен» үй сұрамақ түгілі, ондай қордың барын да білген жоқпын. Білген күннің өзінде сенбес едім. Менің де жағдайымды бір танысым айтыпты. Үш ұлым бар, 3-топтағы мүгедекпін. «Бақытты отбасына» үй кезегіне тіркеліп,  ілігуім үшін 2-топқа жатуым керек екен. Бірақ адам үміттен күдер үзбейді ғой. Кейін жылжыған кезегімді күткеннен басқа амал жоқ. Сөйтіп жүргенде «Харекет» қоры 2 бөлмелі үй алып берді. Өзім тігін цехында тиіп-қашып жұмыс істеймін. Арасында бәліш пісіріп сатамын. Үй болғасын күйің де, тұрмысың да жақсарады емес пе? Бар уақытымды балаларымның сабағына арнаймын, — дейді Еркегүл есімді келіншек.

Қор тек Ақтөбе қаласы ғана емес, аудан орталықтарында тұратындарға да үй сыйлапты.

3-топ мүгедегі Гүлім Құрманбаева бұдан 3 жыл бұрын Бағдат Орынбасаровпен отау құрады. Күйеуі жүре алмайды. Арбаға таңылған. Ал Гүлімнің өзі спортшы. Паралимпиадалық жарыстарға қатысып, облыстың намысын қорғап жүрген өжет қыз Дубайға барып 3-орын алып келген. Астанада өткен спартакиадада топ жарып, 2 мәрте рекорд жаңартқан. Алдағы қараша айында Грузияның астанасы Тбилисиде өтетін әлем чемпионатына қатыспақшы.

Бізді жаттықтыратын бапкеріміз Қандыағаш қаласындатұрады. Осы қалада жаттығамыз. Бір күні өзіміз егілетін мейірбике апай осындай қордың бар екенін, оған өзі ай сайын 1000 теңге салып тұратынын айтты. Бізге соған хабарлас, үй беріп қалуы мүмкін деді. Біз сенбегендіктен, мән бермедік. Бірақ Алланың қалауымен жолдасым екеумізге 2 бөлмелі пәтер берілді. Күйеуімнің арбада екенін ескеріп 1-қабаттан таңдаған. Алғысымызды сөзбен жеткізе алмаймыз,— дейді спортшы Гүлім Құрманбаева.

Осығандейін мұндай қуанышты күн 42 ақтөбелік отбасының басынан өтті… Әлі де қанша отбасыны қуантар екен?!.

Жариясыз жомарттық

Мұқтаж жандарға көмектесетін жомарт жандар да жетерлік. Өзі айлыққа қарап, қарапайым күн кешіп жүрсе де Алмагүл Қанатбаева  ауысқан теңгесін қорға аударып отырады екен.

Ал жомарттығын жария қылуды қаламайтын кәсіпкер Талғат Жекебаев басында айтудан бас тартты. Бірақ жақсының жақсылығын айту парыз деп түсіндірген соң мыңдаған сауапты ісінің бір шетін ғана айтып берді.

Бір жігітті білеміз. Әйелі кетіп қалған. Өзі өте жуас, бір жерде күзетші болып жұмыс істейді. Біреудің сарайында тұрып жатыр екен. Соған жігіттер болып көмектесуді жөн көрдік. Жалпы, біздің ниетіміз қиындыққа тап болған адамды қолдап, аяққа тұрғызып жіберу. Жігіттер болып ақылдастық. Бір жігіт қабырғасы қаланып, төбесі шатырланған жаңадан салынған үйді тегін берді. Біздер ортадан ақша жиып, ол үйдің ішкі жөндеу жұмыстарын бітірдік. Жаңағы жігіт қатты риза болды. Тағы бір әйел адамға үй мәселесін шешіп бердік. Жалпы, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген ер адам болсын, әйел адам болсын, таныстарға өтініш айтып жұмысқа кіргізіп жібереміз. Бір жігітке осындай мүмкіндік беріп едік, ол жақсы жұмыс істеп, күйленіп кетті. Көрген жерде ұмытпай алғысын жаудырады, — дейді жеке кәсіпкер Талғат Жекебаев.

Айтпақшы, Ақтөбе қаласының Сағадат Нұрмағамбетов көшесінде 2 жыл бұрын ашылған «Харекеттің» дәмханасы бар. Шығыс асханасы үлгісімен ас мәзірін дайындайтын  екі қабатты дәмхана 200 адамға дейін қабылдай алады. Содан түскен пайда тікелей баспана алуға жұмсалады.

P.S. Міне, үйлі болуға да, күйлі болуға да мүмкіндік беріп, жетімін жылатпаған елдің ниеті мен ықыласы бұл. Табысын оңды-солды шашып, ақшасын не болса соған жұмсайтындар осындай жандардан үлгі алса дейміз. Мың теңгенің сауабы мыңдаған адамның үйлі болуына септігін тигізді. Олай болса, ауысқан ақшаңызды қайырымдылыққа жұмсаңыз. Сіздің әрбір теңгеңіз еліміздегі бір отбасының баспаналы болуына жетіп жатыр.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button