Басты жаңалықтар

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Мемлекет басшысының өңірді дамытуға және халықтың тұрмысын көтеруге бағытталған саясатын жүзеге асыруды жалғастырамыз

Бейсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінде облыстың биылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы баспасөз мәслихаты өтті. Онда облыс әкімі Оңдасын Оразалин Президенттің халықтың әл-ауқатын жақсартып, экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша тапсырмасының жүзеге асырылуы туралы баяндады.

Еліміздің өз алдына дербес мемлекет болып құрылғанына, міне, 30 жыл толды. Бүгінгі күні Ақтөбе облысында 927 мың тұрғын бар. Ал 1991 жылы өңірде 740 мың адам тіркелген. Сәйкесінше Ақтөбе қаласы тұрғындарының саны шамамен екі есеге өсіп, бүгінгі күні 551 мыңға жетіп отыр. Өңірде әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсарғанын осы сандар арқылы да білуге болады. Өйткені адам баласының табиғатына тән нәрсе, қай жерде өмір сүру ыңғайлы, сол жерге көбірек шоғырланады. Біз өңірдің серпінді дамуына және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған Президент саясатын іске асыруды жалғастырудамыз, деді Оңдасын Оразалин.
Облыс әкімінің айтуынша, жыл басынан бері өңірде негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,8 %-ға артқан. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 11,2 % өсім тіркелген.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 130,5%-ды, құрылыс — 103,4%-ды, тұрғын үйді пайдалануға беру — 112%-ды, сауда саласындағы көрсеткіш 104,1%-ды құрап отыр.
— Биылғы жылғы құрғақшылықтың себебінен өңірімізде дәнді және майлы дақылдардың өнімділігі төмен болды. Бұл ретте өсімдік шаруашылығының өнімі 83,7 пайызға азайды, соның салдарынан ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 95,1 пайызға төмендеді. Дегенмен жыл қорытындысы бойынша мал шаруашылығы есебінен ауыл шаруашылығы көрсеткішін оң динамикаға шығаруды жоспарлап отырмыз. Биылғы жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен шамамен 26,7 миллиард теңге субсидия бөлінді. Оның ішінде қомақты қаражат, яғни 6,7 миллиард теңге жем-шөп сатып алуға бөлінді. Біздің облыс – биыл ауыл шаруашылығына осындай ауқымды қолдау көрсетіп отырған республикадағы жалғыз өңір, — деді О.Оразалин.
Облыс басшысының айтуынша, биыл жыл басынан бері өңірде 624 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал жыл соңына дейін 1 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй халық игілігіне берілмек.
Биылғы жылдың қорытындысы бойынша өңір халқының 97,3%-ы орталықтандырылған сумен, 93%-ы газбен қамтылады.
— Биыл облыста 314 шақырым жол жөнделді, жалпы, жылдың қорытындысы бойынша 450 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарда бар. Бұл жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 66 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді, — деді облыс әкімі.
Баспасөз мәслихатында облыс әкімі өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға да тоқталып өтті. Айта кету керек, қазіргі таңда Ақтөбе облысы «жасыл» аймақта.

Бүгінгі таңда коронавирус инфекциясына қарсы күрестің негізгі құралы — вакцина. Сондықтан біз тұрғындарға вакциналаудың маңызын жан-жақты түсіндіріп жатырмыз. 4 қарашадағы жағдай бойынша бүгінде облыста екпенің бірінші компонентімен 339 мың, екінші компонентімен 310,2 мың адам егілді,— деді ол.
Өңірге 558 млрд теңге инвестиция тартылды

Биылғы жылдың 9 айында облысқа 558 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл — республика бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Биыл облысқа инвестиция тарту бойынша өңірлер арасында үздік бестіктің ішінде тұрмыз. Нақтылап айтсақ, төртінші орынды иемденіп отырмыз. Инвестиция тарту өңіріміздің дамуына қосымша серпін береді. Осыған байланысты облыста қолайлы инвестициялық климат құру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Ал жыл соңына дейін 800 миллиард теңгеден астам инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. Оның алғышарттары жасалды, — деді Оңдасын Оразалин.

Инвестициялық жобалардың ішіндегі ірілері – «Ақтөбе ТЭЦ» АҚ-ның жылу-электр орталығын жаңғырту жобасы, құны — 20 млрд теңге, «West Smart Trading» ЖШС-ның құны 13,8 млрд теңге болатын мәліметтерді өңдеу орталығы, «Gas Processing Company» ЖШС-ның құны 5,4 млрд​ теңге болатын газды кешенді дайындайтын қондырғыны қалпына келтіру жұмыстары.

Биыл өңірде шағын және орта бизнес саласының дамуында да оң динамика байқалады.

Президент өз Жолдауында пандемия кезінде бизнесті қолдау шаралары өзінің тиімділігін дәлелдегенін атап өтіп, осы бағдарламаларды одан әрі де жалғастыруды тапсырды. Жалпы, Ақтөбе облысында кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 9 айдың қорытындысы бойынша 2,5 мыңнан астам шағын орта бизнес жобасы қолдау тапты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп, — деді облыс басшысы.

Жыл соңына дейін шағын және орта бизнес бойынша 3,3 мың нысан тағы да мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылмақ.

9 айда 270 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин баспасөз мәслихатында ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстарға да кеңінен тоқталды.

Облысымыздың маңызды экономикалық саласының бірі — ауыл шаруашылығы. Биылғы жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен шамамен 26,7 миллиард теңге субсидия бөлінді. Оның ішінде қомақты қаражат, яғни 6,7 миллиард теңге жемшөп сатып алуға бөлінді. Сонымен қатар «Еңбек» бағдарламасы бойынша 746 жобаны іске асыруға 3,3 миилиард теңге қаржы қарастырылды,— деді ол.

Биыл жыл басынан бері облыста 270 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ірі қара мал саны 4,7%–ға, ұсақ мал – 3,2%-ға, жылқы — 9,7%-ға, құс 7,9%-ға артқан.

Бүгінде өңірде суармалы жерлерді пайдалануға беру жұмыстары да белсенді жүріп жатыр. Қазіргі уақытта республикалық бюджет есебінен облыста 10,6 мың гектар суармалы жерлерге қажетті инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Аяқтау мерзімі — 2022 жыл. Нәтижесінде келесі жылы суармалы жерлердің көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 35,1%-ға ұлғайып, жалпы аумағы 40,8 мың гектарға жетпек. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің мөлшерін арттыруға және жергілікті тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жыл басынан бері 348 шақырым автокөлік жолы жөнделді

Баспасөз мәслихатында облыс басшысы өңірдегі жол мәселесіне де тоқталды.

— Ақтөбе облысы өзінің географиялық орналасуына байланысты айтарлықтай көлік әлеуетіне ие. Бұл ретте өңірдегі автожолдардың сапасын жақсарту мәселесі өзекті болып қалуда. Осыдан он жыл бұрынғы мәліметтерге сүйенсек, ол кезде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі небары 42 пайыз болса, ал 2019 жылы 56,5 пайызды құраған. Бүгінгі күні облыста жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 61 пайызға жетіп отыр. Осы бағытта әлі де көптеген жұмыстар жүргізіледі, — деді Оңдасын Оразалин.

Биыл 14,3 млрд теңгеге 348 шақырым жол жөнделді. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша 450 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарлануда. Соның нәтижесінде өңірдегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 66%-ға жетпек.

Атап айтқанда, Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолын, Ақтөбе-Орск, Қобда-Мәртөк автомобиль жолдарын қайта жаңарту және күрделі жөндеу сынды ірі жобаларды аяқтау жоспарланып отыр.

Сауалдар мен жауаптар

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин баспасөз мәслихатында журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Төменде сол сауалдар мен жауаптарды оқырман назарына ұсынып отырмыз.

— Ақтөбе облысы жылқы шаруашылығына субсидия бөліп келеді. Алдағы уақытта субсидия көлемін арттыру жоспарда бар ма?

— Облыста ауыл шаруашылығына, оның ішінде мал шаруашылығына субсидия бөлуді екінші жыл қатарынан жалғастырып келеміз. Бұл мақсатта былтыр 5,5 миллиард теңге, ал биыл 6,7 миллиард теңге бөлінді. Өңірде тек жылқы емес, ірі қара, ұсақ малды да көбейту мақсатында субсидия бөлініп жатыр. Ал мал санына келсек, соңғы жылдары өңірде жылқы мен қойдың саны көбейгенін аңғарып отырмыз. Бұл жерде субсидия бөлу облыстағы нақты мал басының санын анықтауға өз септігін тигізді. Алдағы жылы да бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз.

— Соңғы жылдары Ақтөбе қаласында аулаларды ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл осы жұмыстарға қанша қаражат жұмсалды? Бұл жоба келер жылы жалғасын таба ма?

— Биыл Ақтөбе қаласында 220 аула ретке келтіріліп, асфальт төсеу, спорт және балалар ойын алаңдарын салу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа 900 миллион теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ жарықтандыру жұмыстарына 260 миллион теңге, ал спорт және балалар ойын алаңдарын салуға 200 миллион теңге қарастырылды. Жалпы қаланы ретке келтіру, абаттандыру, көркейту — бүгінгі күн тәртібінде тұрған мәселе. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

  • Жуырда «Антикор» елімізде ауыл шаруашылығына бөлінген субсидия бойынша бірқатар шенеуніктердің ұсталғанын мәлімдеді. Осы орайда субсидия қаражатын жымқыру ісі бойынша Ақтөбе облысында кімдердің үстінен іс қозғалды?

— Сіз шенеунік деп мемлекеттік қызметшілерді меңзеп отырсаңыз, субсидия дауына ілінген адамдардың арасында мемлекеттік қызметшілер жоқ. Маған жеткен ақпарат бойынша қылмыстық іс күн панельдерін сатып алып, орнату жұмыстары бойынша қозғалған. Мұндай шараға мемлекеттен 80 пайызға дейін субсидия қарастырылды. Бұл жұмыстармен Ұлттық аграрлық-ғылыми білім орталығының облыстағы өкілдері айналысқан. Яғни олар мемлекеттік қызметшілер емес. Бұл іс бойынша аталған орталықтың екі қызметкері ұсталды. Жергілікті атқарушы органдар құқық қорғау органдары сұратқан қажетті құжаттарды бердік. Бүгінгі таңда жергілікті әкімдік қызметкерлеріне қандай да бір нақты айып тағылып отырған жоқ. Қалғанын тергеу жұмыстары көрсетеді.

— Тұрғындар биыл қала аумағында кейбір жол жөндеу жұмыстары кеш басталғанын айтып жатыр. Жөндеу жұмыстарын жазда бастауға не кедергі болды? Сондай-ақ Ақтөбе-Қандыағаш жолы қашан аяқталады, жол жөндеу жұмыстарының қанша пайызы орындалды?

— Алдымен Ақтөбе-Қандыағаш жолына келсек, бұл — «АқтөбеАтырауАстрахань» тасжолының бір бөлігі. Бүгінде екі аумақ арасында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл — өте ауқымды жоба. Жобаның құны — 64 миллиард теңге. Орындалу мерзімі — үш жыл, яғни 2023 жылы аяқталуға тиіс. Биыл бірқатар учаскелерді пайдалануға беруге кірістік. Ал қала көшелеріне келсек, былтыр 117 көшені асфальттаған болатынбыз. Жөндеу жұмыстары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында қаржы бөлініп, өз уақытында басталған. Биылғы жылы кеш басталған себебі, жөндеу жұмыстарына байланысты мемлекеттік сатып алу рәсімдері 3-4 айға созылды, одан бөлек, жол жөндеумен айналысатын мердігер ұйымдар бір-бірін сотқа беріп, даулы жағдайлар болды. Бұған да көп уақыт кетті. Міне, осындай мәселелердің салдарынан жұмыстар өз уақытында басталмады. Сондай-ақ өңірде асфальт-бетонның жетіспеушілігінен де бірқатар жұмыстар тоқтап қалды. Енді жоспарға сәйкес қала аумағындағы жөндеу жұмыстары 1-2 аптада аяқталады.

— Қазір Ақтөбе қаласында жолаушылар тасымалында түйткілдер бар екені рас. Биыл «Автопарк» ЖШС-ның жүргізушілері жұмысқа шықпаған сәттер де болды. Осы орайда қандай шаралар қолға алынды? Бұл мәселе қалай шешілді?

  • Біз қай мәселенің де жүйелі түрде шешімін тапқанын қалаймыз. Жолаушылар тасымалы бойынша да солай, біз бұл мәселеге зерттеу жүргіздік. Бұл жерде, алдымен, біз қала тұрғындарының жағдайын ескеріп, тарифтерді өсірмеу жағын қарастырдық. Айта кету керек, қазір қала тұрғындарының саны 550 мыңға жетті. Осыны ескеріп, сондай-ақ жолаушылар тасымалындағы мәселелерді саралай келе біз бәсекелестік ортаға Алматы қаласынан бір тасымалдау мекемесін шақырдық. Олар 70 автобус алып келді. Алдағы уақытта мекеме тағы 150 автобус әкелуді жоспарлап отыр.

Қазір қаламызда жолаушылар тасымалында электрондық билеттеу толық іске асырылды. Осы тұрғыда бұрынғы тасымалдаушылар, яғни жүргізушілер қалталарына түскен қосымша қаржыдан қағылып қалғандықтан наразылықтарын білдірген болатын. Бүгінгі күні жағдай қалыпты. Жаңа жүйеге көндікті, жаңа мекеме басшылығы жүргізушілердің жалақысын көтеріп жатыр. Бұл мәселе бойынша жұмыстар алдағы уақытта жалғасады.

— Ақтөбеде әнші Димаш Құдайбергенге арналған музей кешені немесе туристік нысан ашыла ма?

— Шынымен де, біздің қаланың сәулеттік келбетін Димаш Құдайбергенмен байланыстыру жоспарда бар. Ол – бүкіл Қазақстанның мақтанышы. Димаш өз талантымен бүкіл елдің, соның ішінде біздің өңірдің атын шығарып жүр. Бірақ оның коммерциялық жағы, ұйымдастыру жұмыстары бар екенін түсінетін шығарсыз. Қазір оның өкілдерімен осы мәселе бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Өңірде санитарлық-эпидемиологиялық шектеулер алынғаннан кейін қаламызда туристерге көрсететін тартымды орындардың бірін Димашпен байланысты етіп, жасақтағанды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде Димаштың үйі де бар. Бұл жерде әншінің өз қалауы мен еркіне де көп дүние байланысты. Биыл санитарлық-эпидемиологиялық шектеулерге қарамастан, облыста үшінші рет «Бақытты бала» атты Димаштың есімімен байланысты фестиваль өткіздік. Димаш бұл фестивальға дәстүр бойынша ылғи өзі келіп қатысады. Сөздің қысқасы, біз белгілі бір келісімге келген соң, бұл жоспарды іске асырып, сіздерге жеткізетін боламыз.

— Ақтөбе облысында діни мәселе бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Жат ағымда жүргендер саны азайды ма?

— Менің ойымша, бұл жерде бұрынғы жылдармен салыстырғанда діни ахуал күрделі деп айта алмаймын. Әрине, деструктивті діни ағымдарда жүрген жерлестеріміз бар. Біз мынаны түсінуіміз керек: олар да Қазақстанның азаматтары, сырттан келген бөтен адам емес. Адам болған соң оның саяси да, діни жағынан да көзқарасы әртүрлі болуы мүмкін. Біз бір жағынан алғанда зайырлы мемлекетпіз. Оларға біз «Әрі кет» деп айта алмаймыз. Қолымыздан келгенше артық іске бармағанын тілейміз. Мұндағы бірден-бір мәселе – оларды әлеуметтендіру мәселесі. Өздеріне, жанында жүрген жолдастарына жұмыс ұсыну, балаларын қалыпты мектептерде оқыту сияқты шараларды жасап жатырмыз. Әр ауданның бұл тұрғыда тиісті жоспарлары бар. Әрине, кейбір аудандарда діни ахуал өте күрделі де болуы мүмкін. Бірақ облыста бұрынғы жылдармен салыстырғанда асып бара жатқан проблема жоқ. Дей тұрғанмен бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз. Өйткені бүгінде өңірде жат ағымның жетегінде жүрген 2 мыңға жуық тұрғын бар. Сондықтан оларға түсіндіру, әлеуметтендіру жұмыстарын жүргізіп,тұрақты жұмыс тауып беріп, кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік жасауымыз қажет.

— 2021 жылы өңірде Шалқар көлінің табанын тазарту жобасы басталған болатын. Осы жоба бойынша қазір қандай шаруалар жасалып жатыр? Жоба қашан аяқталады?

  • Мемлекет басшысының облысқа келген кезде айтылған тапсырмасына сәйкес, сондай-ақ Үкіметтің қолдауымен осы жоба биыл қолға алынды. Бұл жобаға мемлекеттен 3 миллиардқа жуық қаражат бөлінді. Жоба 2023 жылға дейін аяқталуға тиіс. Қуантарлығы, биыл мердігер ұйымдар жұмысқа толық кірісті. Мердігер мекеме қазір көлдің табанын тазарту, лайларды шығару, сорларды жабу жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесін алдағы жылдары көреміз.

— «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» компаниясындағы жалақы теңсіздігі туралы не айтасыз?

— Біріншіден, мен кез келген кәсіпорындағы ереуілді жұмысшы таптың өз құқығын қорғаудағы күресі деп қараймын. Бұл – бәріміз бұрыннан білетін аксиома. Осылай қарасақ, мен бұл жағдайдан соншалық трагедия көріп тұрған жоқпын. Қандай да бір кәсіпорынның жұмысшылары еңбек жағдайына, еңбекақы деңгейіне көңілі толмаса, өз мәселелерін шешуге құқылы. Егер мәселе онымен шешілмесе, ереуілге шыға алады. Мысалы, Техастың немесе тіпті Ресей облыстарының губернаторы осындай мәселені шешумен айналысып жүргенін елестете алмаймын. Өкінішке қарай, бізде «бәріне әкім жауапты» деген түсінік қалыптасқан. Әрине, бұл мәселеде мен өзіме жауапкершілік алдым. Қазір мәселені шешу үшін қолымнан келгеннің бәрін жасап жатырмын. Сондай-ақ еңбек инспекциясы, кәсіподақ ұйымы, жұмыс берушілер де қарап отырған жоқ. Солардың арасында диалог орнатуға күш салып жатырмыз. Ақтөбе облысында жалпы еңбекақы деңгейі өңірдің әлеуетіне қарамастан, республикалық деңгейден төмен. Орташа республикалық көрсеткіш 260-270 мың теңге болса, біздің өңірде 225 мың теңгеге әрең жетеді. Ал ақтөбелік мұнайшылардың айлығына келсек, Маңғыстау, Атырау облыстарындағы әріптестеріне қарағанда жұмысшылар бізде 2-3 есе төмен алады. Қазір біз мұнай компанияларының алдына еңбекақыны көтеру туралы талап қойып отырмыз. Нақты «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы бойынша айтсақ, қазір облыстың жер қойнауын әрі қарай пайдалану туралы келісімшарт қайта жасақталып жатыр. Осы құжаттағы негізгі шарттардың бірі – еңбекақы көлемін орташа салалық нормамен теңестіру. Бұдан бөлек әлеуметтік сипаттағы басқа да шарттар бар. Бұл жерде мәселе мұнайға сервистік қызмет көрсететін компаниялар мен «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ арасындағы келісімдерге байланысты болып тұр. Біз бұл істе тарифті көтеруді талап ету арқылы ғана айлыққа әсер ете аламыз. «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның өзінде орташа жалақы бойынша айырмашылық өте жоғары. Мысалы, қарапайым персоналдар шамамен 200 мың теңге жалақы алса, басқарушы құрамның айлығы 700 мың теңге көлемінде. Ал орташа жалақы көлемі — 300 мың. Қосалқы мердігер компанияларда айлық мүлде аз. Мәселен, мен 90-120 мың теңге еңбекақы ғана алатын қосалқы мердігерлер бар екенін естігенімде таңғалғанмын. Қысқасы, қазір біз бұл мәселе бойынша жан-жақты жұмыс жасап жатырмыз.

— Қазір көптеген өңірлерде үш ауысымды мектептер мәселесі және мектепке дейінгі мекемелердегі орын тапшылығы өзекті күйінде қалып отыр. Облыста бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?

— Өкінішке қарай, өңірде әлі де үш ауысымды мектептер мәселесі бар. Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ақтөбе», Батыс-2 шағын аудандарында халықтың көп шоғырлануына байланысты мектептер үш ауысымда оқып жатыр. Бұл мектептерде 3-4 мың оқушы бар. Жалпы облыста 12 үш ауысымды мектеп болса, оның 9-ы — Ақтөбе қаласында. Биылғы жылы оның бесеуінің проблемасын шештік. Енді төрт мектептің мәселесін шешуді қолға алып жатырмыз. Бұл мәселелерді шешу үшін біз қосымша ғимарат салу немесе жеке инвесторларды тартып, солардың күшімен мектептер салуды көздеп отырмыз.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button