Басты жаңалықтар

Туған өлке шақырады…

Күз жылдың ең сұрықсыз мезгілі саналады. Алайда күздің де көзді арбар сұлулығы бар.

«Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айырылған ағаш, қурай» — деп, ұлы ақын жырлағандай, түсі кетіп тұрған дала мен қаладан күздің сұлулығы сезілмейді. Күздің, әсіресе ерте күздің сұлулығын паш ететін мекен — орман іші.

Саяхатқа, табиғатқа құмар жандардың арасында есімі танылып үлгерген ақтөбелік туристік оператор Еркебұлан Аймұратұлы биылғы күзде Ойыл, Қарғалы, Мәртөк ормандарына, Оралдағы Хан тоғайына бірнеше тур ұйымдастырды. Солардың арасында Мәртөктің Аққайың ауылы маңындағы орманға, Ойылдағы атақты Барқын құмынан басталатын орманға жолымыз түсті.

Ақ қайыңдардың сап-сары жапырақтары арасынан сығалаған Күн сәулесінен бүкіл маң алтын нұрға бөленіп, жарқ-жұрқ етіп тұрған сәттің сұлулығы, расымен де, айтып жеткізгісіз… Мәртөк орманындағы қарағайлар тіп-тік келіп, қылқан жапырақтарын ұшар басына қарай жиса, ал Ойылдың орманындағы қарағайлар төменнен-ақ жайқалып өсіп, кейбірі тіпті айналасы да құйттай жасыл шыбықтарға толы келіп, қысы-жазы бар маңайды жап-жасыл етіп тұрады. Ойылдың қарағайлы орманының исі де бөлек, ауасы тап-таза. Алдыңыздан Барқынның жал-жал құмы шығады. Құм менен орман әдемі «тіл табысқан» табиғаттың мұндай ғажабы сирек кездеседі.

Орман демекші, жеріміздегі ормандардың тарихы туралы көбіне «оларды орыстар еккен», яғни берідегі отаршылдық заманда ғана пайда болды деген түсінік басым. Сірә, бұл кезіндегі патша өкіметі бастап, кейіннен большевиктер жалғастырған қазақ жерін қаласы, нуы мен суы, тіпті тұрақты мекендейтін ел-жұрты да жоқ қу медиен, бос жатқан тұлдыр дала қылып көрсетуге тырысқан идеологияның салқыны болса керек. ХІХ ғасырдың ортасында Қазақстанның батысында болған украин ақыны Тарас Шевченко да біздің даламыздың «жалаңаштығы» туралы: «Топор был за дверью у Господа Бога» деп басталатын өлең жазған. Яғни даланың тұрғыны (өлеңде — қайсақ) Құдайдың балтасын ұрлап алады да, балта оның қолынан сытылып шығып, бүкіл маңдағы ағашты тып-типыл етіп отай бастаған-мыс… Оның соңы жеті жылдық өртке ұласып, далада жалғыз ғана ағаш аман қалыпты. Енді халық сол жалғыз ағаштың түбіне келіп, Құдайға сиынып жүр-міс. Мұндай аңызды Шевченко біреуден естіді ме, не өзі ойлап шығарды ма, ол жағы бізге белгісіз.

Біздің айтпағымыз, Батыс өлкедегі бүкіл орманның тарихын тексырттан келгендермен байланыстыруға болмайтынын ескеру керек. Әрине, олардың ағаш екпесе тұра алмайтын қасиеті, біздің жерімізге де талай ағаш еккені, кездеспейтін ағаш түрлерін әкеліп жерсіндіргені, бау-бақша баптауға шебер екені баршаға аян. Алайда «Еділдің бойы — ен тоғай»деп Махамбет ақын айтқандай, өзен-көлі, сылдырап аққан бұлағы да көп болған өлкеміз, сыңсыған орман болмағанымен, мүлде жалаңаш та қалмаса керек-ті. Батыс облыстардағы көне сарматтардың бұдан 2,5 мың жылдай бұрынғы қорғандарынан бөренелер де шығады. Біздіңше, ормандарымыздың бірқатары сол бөренелерден ұласып келе жатыр. Жер-жердегі өлкетанушылар, тарих дерегін жинап жүрген жас зерттеушілер, оларға жетекшілік жасайтын тарихшы мұғалімдер көнекөз қариялардан, естіген-түйгені бар жандардан осы жағын да сұрастыра жүрсе екен дейміз. Бұрынғы отарлаушылар жазып-сызып берген тарихқа бір жақты сүйене беруден бас тартатын кез жетті.

Мұны айтып отырған себебіміз, біз Ойылда да, Мәртөкте де табиғатта демалуға барған жандардың бір бөлігі сол жердің, өздері аралаған орманның тарихына қатты қызығатынын байқадық. Сондықтан мұндай сапарлардыеліміздің, өлкеміздің тарихын насихаттауға, яғни рухани жаңғыру жолында да кеңінен пайдалану керек.

Жеке кәсіпкер Ырысгүл Наурызбекова Ойыл орманының балалар лагеріне таяу жерінен 7 гектар жерді 10 жыл мерзімге жалға алыпты. Киіз үй тәріздес етіп құрастырып, сыртын оюлы матамен жапқан екі үй тұр. Көпшілік табиғат аясында құдалық, тұсаукесер, т.б. салтанатты шараларды атап өту үшін осы үйлерді жалға алады екен. Одан бөлек жаз кезінде ем алу үшін құмға келгендер де осы жерде болады.

— Түрлі буын ауруларынан, салқын тигеннен емделгісі келетіндер, бірнеше күн болып, құмға түседі. Өздерінің масаханаларын ала келіп, осында қона жатады. Ал бірнеше айдан бері Еркебұлан Аймұратұлының ұйымдастыруымен келетін туристерді де қабылдап жүрміз. Олар осында орман ішінде серуендеп, түрлі ойындар ойнап, жастар жағы ән айтып, көңілді отырады. Қала балаларының атқа мініп көруіне де болады. Қыста да шана теуіп, ат-шанамен серуендей алады. Бір сөзбен айтқанда, табиғат аясында демаламын деушілерге — өте қолайлы орын, — дейді Ырысгүл. Оның өз ісін бастауына«Бастау-Бизнес» жобасы арқылы алынған гранттың да септігі тиіпті.

Ойылға сапар облыстық кәсіпкерлік басқармасы тарапынан журналистерге пресс-тур ретінде ұйымдастырылды. Мұнда орманнан бөлек, бұрынғы Көкжар жәрмеңкесінің сақталып қалған сауда қатарлары мен көне Ойыл мешітінде де болдық.

Патша өкіметі қазақ жерінде, тіпті біздің өңірдің өзінде де бірнеше жерде жәрмеңкелер ұйымдастырған. Солардың ішінде ғимараттары жақсы сақталып қалғаны — осы Көкжар жәрмеңкесі. Басқа жерден, мысалы, Ырғыздағы Жармола жәрмеңкесінің орнынан «Бұл жерде Жармола жәрмеңкесі болған» деген белгіні ғана көре аласыз. Әрине, ол да тарих…

Көкжардағы көне ғимараттар — жәрмеңке комитетінің үйі, сауда қатарлары және көне мешіт — «Керуен-сарай» тарихи-мәдени ескерткіштер кешені құрамына кіреді. Сауда қатарлары екі бөлікке бөлінген, жәрмеңке комитетінің үйі ортасында тұр. Сауда қатарларының оңтүстік-батыс бөлігіне жөндеу жүргізіліп, темірден бастапқы есіктеріне ұқсас есіктер қойылған, ал төбесі қазіргі заманғы материалмен жабылған. Солтүстік-шығыс бөлігіндегі сауда қатарларының төбесі үйінді қалпында тұр. Жәрмеңкенің бір сызықтың бойында сақталып қалған ғимараттарының жалпы ұзындығы 600 метрден асады.

Жәрмеңке ғимараты мен көне мешіт арасында Ойыл аграрлық колледжінің оқу ғимараттары, жатақханасы тұр. Бұл аумақ тап-таза, күтімде екені байқалады. Мешіттің өзі ХІХ ғасырдың 90-жылдарының басында салынған. Ұзындығы 26,8 метр, ал ені 10 метрден сәл асатын, шағын ғана әсем ғимарат. Мешіт ауласының кіреберісінде ұзынша орындықтар қойылып, тас төселген шағын аллея бар. Мешіттен шыға бере сырты қоршалған (мал кіріп кетпеуі ескерілсе керек) саябаққа кезігесіз. Көне кешендер маңын абаттандыру үшін бұл саябаққа осы жер арнайы таңдалған болар деп жорамалдадық.

Екі сапар барысынан түйгеніміз, туризмді дамыту жолында әлі қолға алынбаған істер көп. Еркебұлан мен оның командасының, соның ішінде өзімізбен бірге жүрген Салтанат, Гүлзат, Тоты сынды жастардың талабы, ниеті өте-мөте құптарлық.

— Облыс ішіндегі турлардың бәрі халыққа өз өңіріміздің де көрікті жерлері көп екенін көрсету, табиғат аясында демалып, өлке тарихымен танысып, яғни турист болудың өз рахаты барын сезіндіру, жұртшылықты осыған тарту үшін ұйымдастырылады. Бұл сапарларға шыққан жандар облысымыздың көрікті жерлерін әлеуметтік желілер арқылы насихаттайды, ал бұл сырттан да туристер тартуға септігін тигізеді, — дейді Еркебұлан Аймұратұлы.

Аудандардағы кәсіпкерлік бөлімдері, кәсіпкерлерге қолдау көрсететін түрлі ұйымдар ішкі туризмді дамытуға ден қойған жандарды үнемі назарда ұстауы керек деп ойлаймыз. Оларға көмек қажет тұстар көп. Мысалы, орманда атқа мініп серуендегісі келетіндер көп. Мұндайда ат жуас болумен қатар, оның әдемі, ұлттық үлгідегі ер-тұрманы болу керек деген секілді ұсақ-түйек талаптар да ескерілгені жөн. Әлі аяғынан тік тұрып кете қоймаған жеке кәсіпкерлерге осы жағынан да көмектесу керек. Туристерді экскурсияға бастап шығатын мамандарды жергілікті өлкетанушылармен, тарихшылармен кездестірсе, солардан көп нәрсені сұрап-білер еді. «Көш жүре-бара түзеледі» дегендей, болашақта осының бәрі ескерілер деп үміттенеміз.

Тағы бір жайт, ішкі туризмнен түскен қаржы өз мемлекетімізде қалады, өз еліміздің экономикасын тіктеуге, өз адамдарымыз үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға қызмет етеді.Ал әлемдік экономика дағдарыстан көз ашпай келе жатқан қазіргі кезеңде бұл өте маңызды.

Еркебұлан Аймұратұлы ұйымдастырып жүрген турлардың бағасы қолжетімді. Мысалы, бір адам Мәртөкке 6,5 мың теңгеге, ал Байғанин өңіріндегі Ақтолағай тауына 16 мың теңгеге бара алады.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button