АуылБасты жаңалықтар

«Алтын адамның» бейнесі тасқа қашалды 

Темір ауданына қарасты Тасқопа ауылының орталық алаңында облыс аумағынан табылған алғашқы «Алтын адамға» — алтын әшекейлі киіммен, қару-жарағымен жерленген сармат көсеміне ескерткіш орнатылды.

Осыдан екі жыл бұрын атқарушы биліктің тікелей тапсырмасымен Тасқопа ауылының маңындағы Қособа және Бесоба қорымдарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген-ді. Соның нәтижесінде Тасқопа ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 2 шақырым жерде орналасқан Қособа қорымынан облысымыздың аумағында алғашқы «Алтын адам» табылған еді. Алдын ала жүргізілген зерттеу жұмыстары бойынша мамандар бұл археологиялық ескерткішті сармат-савромат дәуіріне, яғни б.з.д. V-III ғасырларға жатқызды. Сонымен қатар зерттеушілер алтынмен апталып жерленген адамның сармат көсемі болғанын, оның жасы 40-қа таяған ер адам екенін анықтады.

— 2019 жылы Темір ауданындағы ежелгі көшпенділердің элиталық ескерткіштерінің бірі Тасқопа қорымын Әлкей Марғұлан атындағы археология институты мамандары облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлерімен бірлесе зерттеді. Бұл Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ақтөбе облысының киелі жерлерінің географиясы» аймақтық ғылыми бағдарламасы аясында іске асты. Қазба жұмыстары сәтті аяқталды: алтын әшекейлі киіммен, қару-жарағымен жерленген сармат көсемінің қабірі анықталды. 

Ғалымдар аталған «Алтын адам» осыған дейін табылған жәдігерлерден ерекше екенін атап көрсетті. Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының директоры Бауыржан Байтанаевтың айтуынша, Қазақстанның батыс аймағында өмір сүрген сармат тайпасы көсемінің қорғаны — отандық археологияның ғана емес, әлемдік тарихқа қосылатын мол қазына. Осы орайда қорғанның өте ежелгі дәуірде тонаушылыққа ұшырағаны да белгілі болды.

Жәдігерлерді қайта қалпына келтіруші маман (реставратор) Николай Курганов мұнда шамамен 2500 жыл бұрын өмір сүрген сармат тайпасының көсемі не жауынгері жерленгеніне дәлел ретінде қорғандағы мүрденің киім қалдықтарынан табылған алтын түймелер, белбеу қалдықтары, қанжар, найза ұшын мысалға келтірді. Сонымен қатар бұл жерде еліміз бойынша алғаш рет «горна» деп аталатын садақ салатын сауыт табылған. Бұл сонау Қара теңіз жақтағы скиф тайпаларына ұқсас.

Ғылыми деректерге сүйене отырып,  жерлеу материалдары негізінде Тасқопадан табылған көсемнің сұлбасын дайындау жергілікті шеберлер Болат Атыраубаев пен Ерқосай Әбіловке сеніп тапсырылды. Сондай-ақ қорғаннан табылған садақ пен қорамсақ, жебелер, екі белбеу,  шағын қалташа, қамшының көшірмелері жасалды.  Ал сармат көсемінің шалбары, жейдесі, аяқ киімі, күртешесі және баскиімі қайта тігілді. Жалпы, материалдарды қайта қалпына келтіру жұмыстарына барлығы 20 адам жұмылдырылды.

Осы құнды жәдігерді көпшіліктің есінде мәңгі қалдыру әрі насихаттау, өскелең ұрпаққа таныстыру мақсатында биылғы сәуір айында аудан әкімі Саламат Аманбаевтың бастамасымен «Алтын адамға» ескерткіш тұрғызу жұмыстары қолға алынды, — дейді Темір аудандық ішкі саясат жəне тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрпейіс Сәрсенбаев.

Міне, жақында салтанатты жағдайда сол ескерткіштің ашылуы болды. Тасқопа ауылының орталық алаңында бой көтерген сәулет өнерінің биіктігі — 5 метр. Ал авторлары — мүсіншілер Аяпберген Карпеков пен Жомарт Ерғалиев. 6 айда дайындалған ескерткішке аудандық бюджеттен 5,4 миллион теңге жұмсалған.

ШҰБАРҚҰДЫҚ — ҮЗДІК АУЫЛДЫҚ ОКРУГ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру һәм кеңінен насихаттау үшін Темір ауданында ерекше жоба қолға алынды. Мұндағы атқарушы билік ауылдық округтер арасында тоқсан сайын қорытындыланатын байқау ұйымдастыруды бастады.

Аудан әкімі Саламат Аманбаевтың айтуынша, Халық үніне құлақ асатын «ең үздік ауылдық округ» байқауы арқылы жергілікті әкімдіктерде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қалыптастыру, тұрғындар мен атқарушы орган арасындағы байланысты нығайту көзделіп отыр. Тиісінше дәстүрлі додаға Темір ауданына қарасты 10 ауылдық және қалалық округ әкімдіктері қатысатын болады.

Аудан әкімінің жанынан құрылған арнайы комиссия қатысушыларды 5 талап бойынша анықтайды: Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарды тиімді әрі жүйелі ұйымдастыру, округке қарасты елдімекен тұрғындары тарапынан көтерілген өзекті мәселелердің жедел шешімін табу, «Е-өтініш» бірыңғай платформасына келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне уақтылы жауап беру, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ресми парақшаларға түскен тұрғындардың өтініштеріне уақтылы жауап беру және тұрғындар тарапынан түскен өтініштерге берілген жауаптардың нәтижелілігі.

Аталған талаптарға сай келген Шұбарқұдық ауылдық округі әкімдігі байқаудың алғашқы кезеңінің жеңімпазы атанды. Жоғарыда аталған ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Самат Төлеуовке үздік екенін айғақтайтын сертификат пен ауыспалы мүсінше табысталды.

Келесі тоқсанда жалғасын табатын аудандық байқау әуелгі кезекте ауыл әкімдерінің белсенділігін арттыруға бағытталған.

ЖАҢА ҚҰРЫЛҒЫ ЖҰМЫСТЫ ЖЕҢІЛДЕТЕДІ

Темір аудандық пробация қызметіне есепте тұрғандарды саусақ ізімен анықтайтын биометриялық терминал  орнатылды.

Темір аудандық прокуратурасының бастамасымен және аудан әкімдігінің қолдауымен пробация қызметі есепте тұрған сотталғандардың пробация қызметіне тіркейтін су жаңа техникамен толықты. Электронды құрылғының мүмкіндіктері туралы Темір аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Х.Отарбаев:

— Бұл құрылғы есепте тұрған азаматтардың саусақ іздері мен кескін-келбетін сканерлеу арқылы олардың жеке басын анықтап, дәлелдеу процесін жүзеге асырады. Яғни пробация қызметіне тіркелуге келген сотталғандарды құрылғы автоматты түрде өз жадына сақтап, сотталғандардың уақтылы тіркелуге келгені немесе келмегеніне көз жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ терминал көмегімен тіркелуге келмеген сотталғандармен уақтылы профилактикалық іс-шаралар жүргізуге септігін тигізіп қана қоймай, есепте тұрған сотталған азаматтарға қатысты іс-құжаттарды қарау процесі бойынша сот отырысына да тіркелуге қатысты ақпарат алуға болады, — дейді.

Бұрын-соңды ауданда болмаған аталған заманауи құрылғы бұған дейін заң бұзғандармен жұмысты күшейтуде, жалпы тәртіп сақтауда ерекше екпін береді деп күтілуде.

КӨРІКТІ САЯБАҚ — ТҰРҒЫНДАР ИГІЛІГІНЕ

Темір ауданының орталығы — Шұбарқұдық кентінің Қызылжар шағын ауданында саябақ ашылды.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай пайдалануға берілген демалыс орнын тұрғындар көптен күткен-ді. Өйткені жаңадан салынған шағын ауданда саябақ жоқ. Балалар ойнайтын, жастар серуендейтін орын тапшы. Осы олқылықтың орнын толтыруды көздеген аудан билігі бюджеттен 86 миллион теңге бөліп, 3800 шаршы метр аумақты белгіледі.

Мұнда 90 жарықшам, субұрқақ, балаларға арналған ойын алаңы, жүгіру жолағы, әткеншектер, орындықтар және үстел теннисіне жабдықталған аумақ бар.

— Осындай саябақтың ашылғанына қуаныштымыз. Өйткені бұған дейін демалатын орын болмаған. Енді немерелерімізді ойнататын, замандастарымызбен қауқылдасып әңгіме айтатын саябағымыз бар. Болашақта бұл жерде қаладағыдай концерттер, түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылса, тіптен керемет болар еді, — деп тілегін жеткізді зейнеткер Шолпан Дошаева.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button