Басты жаңалықтар

Қоғам құқықтық тәртіпті қолдайды

Форум

Ақтөбеде «Қоғам құқықтық тәртіпті қолдайды» атты форум өтті.  Облыс әкімдігі мен облыстық прокуратура бірлесе ұйымдастырған форум қоғамдағы құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі алдағы жоспарларды талқылаған диалог алаңына айналды.

Өңір басшысы Оңдасын Оразалин төрағалық еткен форумға құқық қорғау органдарының басшылары, мәслихат хатшылары, құқықбұзушылықтың  алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мүшелері, облыстық қоғамдық кеңес өкілдері, облыстың жоғарғы оқу орындарының, ұйымдар мен кәсіпорындарының басшылары қатысты. Барлық аудан әкімдері және аудандағы прокурорлар форумға онлайн режимде қосылып отырды.

2019 жылы Ақтөбе облысында қоғамды құқықтық тәртіпті қолдауға шақыратын бірегей жоба басталған болатын. Жоба ведомствоаралық жоспар түрінде жүзеге асырылуда. Онда мемлекеттік органдардың жұртшылықпен өзара әрекет етуі, халық жасағын құру, жастардың еріктілер қозғалысы желісін дамыту, қоғамдық бірлестіктерді, жоғары оқу орындары мен еңбек ұжымдарын құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен жұмыстарға тарту қарастырылған.

Форумды бастаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин:

— Жоспарға сәйкес қоғамдық көмекшілер институтын қайта жаңғырту шаралары да тұрғындар тарапынан оң қабылданды. Пилоттық режимде аудандар анықталып, қоғамдық көмекшілермен бірлесе рейдтік шаралар жүргізіле бастады. Жалпы, ұлттық құқықбұзушылықтың алдын алуда мыңға жуық азамат қоғамдық көмекшілермен бірге рейдтік шараларға қатысқан және олардың қатысуымен 600-ге жуық құқықбұзушылық анықталып отыр, яғни осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесі бар, —  деді.

Сондай-ақ облыс басшысы қылмыстың алдын алуда қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, елді мекендерді жарықтандыру жағы да маңызды екенін атап өтті.  — Өздеріңіз байқаған боларсыздар, соңғы кездері қаламыздағы көптеген аулалардың абаттандырылып, жарықтандырылып, көшелердің жөнделуіне ерекше мән беріп келемін. Әсіресе Теміржол вокзалы маңындағы үйлердің аулалары көп жылдардан бері жарықсыз, қараусыз қалып, түрлі қылмыстың ошағына айналған болатын. Жыл басынан бері жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесі ретінде осы аудандағы бірқатар аулалар абаттандырылып, көшелер жөнделіп, балалар алаңы мен жарықшамдар орнатылды. Бұл осы ауданда болатын түрлі қылмыстың алдын алуда пайдасы өте көп. Жалпы, қаламыздың қауіпсіздігі, тұрғындардың құқықбұзушылықтарға бейжай қарамай жұмыла атсалысуы, айналамыздың тазалығын сақтау — ортақ іс. Бүгінгі форум бірлескен жұмыстың басы, алдағы уақытта жалғасын табады деп сенемін, — деді облыс әкімі.

Жоба аясында азаматтық қоғам институттарын тарту қалалық аумақтарды патрульдеу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және облыс аудандарында қылмыстың криминологиялық талдауын жасау сияқты үш негізгі бағыт бойынша жүргізіліп жатыр.

Прокуратураның мәліметі бойынша жобаны жүзеге асыру оң нәтижесін берген.

«Биыл жоба қамтыған қоғамдық орындар мен жайсыз отбасыларда қылмыстың төмендегені немесе жоқтығы байқалады. Мәртөк ауданындағы криминологиялық талдаудың ұсыныстарын орындау да аудандағы қылмыстың барлық түрін едәуір төмендетуге мүмкіндік берді», — деді облыс прокуроры Марат Қайыбжанов. Айта кетейік, криминологиялық талдау қазіргі таңда облыстың басқа да аудандарында жүргізіліп жатыр.

Облыстық соттың төрағасы Асламбек Мерғалиев қоғамдық көмекшілердің құқықтық статусын анықтап, атқаратын шараларын ережемен белгілеп беру қажеттігін, сондай-ақ қандай да бір жеңілдіктер қарастырылса, олардың қатары да көбейетінін ұсыныс етіп айтты.

Шара барысында Ақтөбе хром қосындылары зауыты қызметкерлерінің қаладағы тәртіпті сақтауға атсалысып, зауыт аумағын патрульдеуге белсенді қатысатындары аталды. Аталған зауыт бастығы Алексей Химич «Құқықбұзушылықтың алдын алуға атсалысқан үздік кәсіпорын» номинациясына лайық деп танылды. Сондай-ақ бұл номинацияға жастар арасында қоғамдағы құқықтық тәртіпті насихаттап жүрген  облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Бекниязова ие болды.

Форумда белсенді қоғамдық көмекшілер де марапатталды. Солардың бірі — «Тарлан» колледжінің 3-курс оқушысы Камшат Молдағалиева.

— Біздің «Жас сақшы» еріктілер тобы осыдан үш жыл бұрын облыстық жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған болатын. Негізінен, полиция қызметкерлерінің жұмысына көмектесумен айналысамыз. Биыл ғана полиция қызметкерлерімен рейдке шығуға болатынымызды растайтын куәлік алдық. Қоғамдық тәртіпті қадағалаған, құқықбұзушылықтың алдын алған өзіме ұнайды. Жалпы, қиын отбасы балаларымен немесе жасөспіріммен сөйлесіп, солардың жағдайын түсініп, ақыл-кеңесімізді айту — азаматтық парызым деп білемін, — дейді Камшат.

Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Қанат Әлиев бүгінде облыстағы 200-ге жуық қоғамдық көмекшінің қатарын 1200-ге жеткізу керектігін айтты. Сондай-ақ оның айтуынша, бүгінде қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қызметкерлерді бөлу жөнінде барлығы 15 кәсіпорынмен меморандум жасалған. Аталған жобаға тағы 80 кәсіпорынды тарту жоспарда бар.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button