«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Ақтөбе көшелерінде қаламгерлер «сөйлеп тұр»

Ақтөбе қаласының көшелеріне жергілікті ақын-жазушылардың суреттері мен сөздері жазылған баннерлер іліне бастады. Сонымен бірге Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары туған әр салада еңбек етіп жатқан жастардың да суреттері ілінген баннерлер саны көбейе түсті.

Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ботагөз Бисенованың айтуынша, бұл — қаладағы идеологиялық жұмыстардың бір бағыты.

— Қаланың орталық көшелеріне жергілікті қаламгерлердің суреттері, сөздері жазылған әзірге алты баннер ілінді. Бұл жұмыс жылдың соңына дейін жалғасады. Келесі жылға арналған осындай жобаларымыз бар. Облыстық ішкі саясат басқармасы, мәдениет бөлімі — бірнеше  мемлекеттік мекеме бірігіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біркелкі дизайн бекітіп, қаламгерлердің нақыл сөздерін таңдап, жұмысты жүргізіп отырмыз. Тұрғындардың пікірі жақсы, қала көшелерінен көріп, ұнатып жатыр. «Тағы басқа ақын-жазушылардан кімдердің сөздері ілінеді?» деп сұрап жатқандар бар. Алдағы уақытта тағы да қаламгерлердің сөздері ілінетін болады, сонымен бірге ертерек ілінгендер басқасымен ұдайы ауыстырылып тұратын болады, — дейді ол.

Бүгінде Бәкір Тәжібаев, Төлеген Айбергенов, Үмбетбай Уайдин, Сағи Жиенбаев, Ізтай Мәмбетов, Қажығали Мұханбетқалиұлы секілді ақын-жазушылардың сөздері ілінген.

Сонымен бірге қала көшелеріне 10 медиаборд қойылған. Оған Президент Жолдауы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы секілді стратегиялық, саяси, бағдарламалық құжаттарда айтылған сөздер, қаламгерлердің сөздері де жазылатын болады.

— Оған қоса «Мерейлі отбасы» байқауында жеңіске жеткен ақтөбелік отбасылардың да суреттерін ілу жоспарымызда бар. Себебі бүгінде отбасы құндылығын насихаттау аса маңызды болып отыр. Бұл мәселеге Президенттің өзі де маңыз беріп, осындай байқау ұйымдастыруға, жарасымды, ізгілікті қасиеттерге толы әулеттерді насихаттауды міндеттеген болатын. Бүгінде байқау жеңімпаздарына хабарласып, суретке түсіру жұмыстарын ұйымдастырып жатырмыз. Олар да қала көшелеріне ілінетін болады, — дейді Ботагөз Бисенова.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын айғақтайтын баннерлерді де қала көшелерінен көп кездестіруге болады. Соның бірі — Тәуелсіздік құрдастарының суреттері.

Ботагөз Бисенованың айтуынша,  білім, денсаулық, мәдениет, бизнес, басқа да салаларда жетістікке жеткен жастар іріктелген.

—  Қазан айында Ақтөбе қаласының көшелерінде орналасқан баннерлер эстетикалық, идеологиялық тұрғыда талапқа сай келе ме, жоқ па — осыған қатысты мониторинг жүргіздік. Нәтижесінде қала бойынша эстетикалық тұрғыда нашар 20 баннер, идеологиялық тұрғыда талапқа сай келмейтін 15 баннер анықталды. Қала әкімінің орынбасары Айбек Көпеновтің төрағалық етуімен жиын өтіп, қаладағы жеті жарнама компаниясының басшыларына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ескерту жасалды. Оларға екі апта ішінде эстетикалық, идеологиялық тұрғыда талапқа сай келмейтін баннерлерді ауыстыруға, талапқа сәйкестендіруге ұсыныс айтылды. Қала көшелерінде ілініп тұрған жарнамалық баннерлер, басқа да ақпараттық материалдар — бір жағынан, көркін ашатын, екінші жағынан, тұрғындарға идеологиялық бағытта әсер ететін дүниелер екені айқын. Сондықтан олар талапқа сай болуға тиіс, — дейді Ботагөз Бисенова.

Мейрамүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button