Жаңалықтар

Ауылдың еңбегі еленген күн

Шалқар ауданының орталығында ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері күні мерекесі өтті. Іс-шара өтетін күн апта бұрын жергілікті баспасөзде, әлеуметтік желілерде жарияланып, оның барысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі болатындығы халыққа хабарланды.

Сөйтіп, бұл мереке орталық көшеде қолайлы бағадағы өнімдер ұсынылған жәрмеңкенің ашылуымен басталды. Шалқар қаласының тұрғындары ертемен жәрмеңке басынан табылып, сөредегі өнімдерді саудалауға асықты. Ауданға қарасты 12  ауылдық округ пен Шалқар қаласынан төрт-түліктің ет-сүтімен қатар, кондитерлік, бау-бақша, т.б. өнімдері сатылымға қойылды. Ән мен күй қалықтаған жәрмеңкеде әр бүйірден келген шаруалардың бір-бірімен қауқылдасып, мал-жан есендігін сұрасқан ақжарқын дауыстары алыстан шығып жатты. Қазан-қазан палау мен ыстық бауырсақ пісіріліп,  халыққа тегін таратылды. Білекті жігіттер гір тасын көтеруден, қол күрестіруден сайысып, спорттық шаралардың көрігін қыздырды. Жәрмеңке басындағы осындай әсерлі көріністер Сары Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Ауылым — алтын бесігім» атты шараға ұласты. Әсем безендірілген сахна алдына «Қымызмұрындық» байқауына аудандағы барлық округтен әкелінген қымыз бен ұлттық тағам түрлері  қойылды. Байқауға қатысушы әр сайыскер дәстүрімізбен астасқан ұлттық сусынымыз қымыздың тарихымен, жасалу ерекшеліктерімен таныстырып, бақтарын сынады.

Еңбек ардагерлерінен құралған қазылар алқасы әр ауылдан әкелген  тостағандардағы қымыздан дәм татып,  жасалуын, дәмділігін салыстырды.

Мәдениет ошағындағы мәнді шараның шымылдығын аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Айбек Сембай ашып, өлкемізде өзі жетекшілік ететін сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін төл мерекелерімен құттықтап, өлкенің негізгі кәсібін өркендетуге қосқан еңбектеріне табыс тіледі. Кейінгі жылдары сезіле бастаған қуаңшылық салдары мал шаруашылығын ілгерілетуге айтарлықтай кері әсері болғандығын айтып, осы уақытша кезеңге ауылдағы ағайынның қамсыз болмауын, бұл тұрғыда жергілікті биліктің де жоспарсыз емес  екендігін жеткізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдардың экономикалық даму бағытына жоспарлаған міндеттері аясында алда атқарылатын жұмыстар жайы айтылды.

Атакәсіпті дамытуға үлес қосып жүрген бірқатар шаруа қожалықтарының төрағалары аудан басшысының қолынан Алғыс хаттар мен сыйлықтар алды. Әсем ән мен жырға ұласқан шара барысында «Қымызмұрындық» байқауының қорытындысы жарияланып, жүлделері тапсырылды. Байқау нәтижесінде бірінші орынды Шетырғыз ауылдық округінің тұрғыны Қайрат Жұмағалиев есімді азамат жеңіп алды. Қайрат осыған дейін де түрлі деңгейдегі «Қымызмұрындық» байқауларына қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Бүгінде он бие сауатын жігіттің айтуынша, құнан, бесті, дөнен, т.б. болып қымыздың жасалуы да әр түрге бөлінеді. Мына байқауға ол қысыр қымызын әкеліп, қазылардың оң шешіміне ие болыпты.  Қымыз дайындаудан он жылдан астам тәжірибесі бар Қайраттың сөзінше, қысыр қымызы қолда тұрған биенің сүтінен әзірленеді.

Кішіқұм ауылдық округінен Аслан Әжмұратов мен Қалдыгүл Төреханованың, Есет Көтібарұлы ауылдық округінен келген  Салтанат Рахманованың баптаған қымыздары да жүлделі орындарға лайықты деп танылды.

Осы шарада сөз алған ауыл шаруашылығы саласының ардагері Өмірзақ Жұмабаев мал басының жыл өткен сайын көбейіп келе жатқандығын тілге тиек етіп, бұл жалпы халықтың, оның ішінде ауылдағы ағайынның әл-ауқатының артқаны деп шаруалардың еңбегіне табыс тіледі.

Ардагер Қуанышбай Мұздақов Шалқардың Ұлы құмы мен Кіші құмының ішкі бауыры небір қаһарлы қыстарда төрт түлікке пана болған, іргесі малға жыл бойы жайлы, сондықтан мезгілімен өрістерді өзгертіп, жерді тиімді пайдалану керек деген  ұсынысын жеткізді.

Шаруалардың басы қосылған шырайлы шарада айтылған ұсыныс, тілектердің түп төркінінен атакәсіпке адалдықтың, дала төсінен ырзық тергендерге  ыстық ықыластың лебі есіп тұрды…

 Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button