Мәдениет

«Сыған серенадасы» сахналанды

Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония ұжымы белгілі ақын Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық спектаклін саханалады.

Спектакльді қалың көрерменмен бірге облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты республикалық әдебиет форумына қатысушылар тамашалады.

Қойылымды Алматы қаласынан келген режиссер Сырым Мұхаммед-Хафиз қойған. Оның айтуынша, музыкалық спектакльге филармония ұжымының 80-нен астам өнерпазы қатысқан. Атап айтсақ, «Екі езу» сатира театрының және «Аққу» би ансамблінің өкілдері, қазақ камералық хоры, комералық оркестр, классикалық музыка ансамблінің солистері бар.

— Исраил Сапарбайдың танымал пьесасы бұған дейін театрларда дарамалық тұрғыда сахналанса, бұл жолы мюзикл жанрында жаңа қырынан көрсетуге тырыстық. Мүмкіндігінше қойылымның сөздерін қысқартып, музыкаға басымдық бердік. Әндер жанды дауыста шырқалып, оркестрдің сүйемелдеуімен өтті.

Қойылымда қазақ вальсінің каролі, композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірінен бір эпизод сахналанды. Басты рөлдегі Шәмішіні қазақ камералық хорының артисі Нұржан Қаражанов, Изольданы классикалық музыка ансамблінің солисі Алина Оспанова сомдады.

Карантин уақытында халық осындай мәдени шараларды сағынды. Біздің мақсатымыз — көрерменге рухани демалыс сыйлау. Алдағы уақытта да жоғары дәрежелі кәсіби спектакльдер қоюға тырысамыз, —  дейді Сырым Мұхаммед-Хафиз.

Бір жарым сағатқа жуық созылған қойылымда Шәмшінің 10-ға жуық әні орындалды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button