Басты жаңалықтар

Жылдың жылуы — жаз, қыстың қызуы — газ  

Су суыйтын сүмбіледен ұзап, мизам шуағынан да өтіп барамыз. Таяқ тастам жерде құбылмалы қарашаның ызғары, одан әрі қыстың алғашқы айы тақалып тұр. Енді күннің жылынбасы анық. Тұрғындар қысқа қам жасай бастады. Әрине, малына жемшөп дайындау, жиын-теріннің қарбалас шағы жылдағы күйбең дерсің. Алайда тағы бір науқан бар. Ол жылу мәселесі. Газ бармаған ауылдар ендігі қыстық отынын қамдап қойған да шығар. Тамызығын тезекпен толтырып алатын олардың негізгі отыны — көмір.

Көгілдір отын қашан келеді?

Бұл — газ бармаған ауыл тұрғындарының аузындағы сөз. Есептік кездесулерде, жиындарда аудан, облыс әкімдеріне тікелей қоятын басты сұрағы да осы. Әйтпесе қыстың қатты отыны қалтаны қағып қояр емес. Оның тоннасы ؙ— 25 мың теңге. Бір қыста 4-5 тонна көмір жағып шығатын үйлер  кемі 150 мың теңге жұмсайды.

Жыл сайын газ тұтынушылар көбейгенімен, биыл қысқа облыс бойынша 28 мың тонна көмір қажет. Қазіргі таңда 50 пайызы тасылып тұр.  Ақтөбе қаласында көмірдің тоннасы —16 мың теңге. Былтырғы бағаны ұстап тұрмыз, — дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев.

Көбіне теміржол тұйықтарынан жеткізілетін көмір тасымалымен көтеріліп тұр. Ауылға жеткенше 10 мың теңгедей қосылады. Бейнеті мен шығыны көп болғасын әрбір ауыл көгілдір отынды күтеді. Облыстың барлық аудан орталықтарында газ бар. Сондықтан аудан орталығына көшушілердің саны өте көп. Жә… бұл — бөлек тақырып. Қазір ауылдарға жаппай газ тартылып жатыр. Облыс бойынша 323 елді мекенге газ құбыры тартылуға тиіс болса, бүгінгі күні 126 ауыл газдандырылды. Биылдың өзінде 17 ауылды газдандыру жоспарланып, 11,2 мың адам от жағудан құтылмақ. Әзірге 5 елді мекенге газ барып,  3 мың адам көгілдір отынға қол жеткізді.

Көгілдір отынмен 100 пайыз қамтылған Ақтөбе қаласын айтпағанда, газдандыру бойынша Алға мен Хромтау ауданы көш бастап тұр. Яғни 97 пайызды құрайды.  Бірер  жылда қос ауданда көгілдір отынның мәселесі толық шешіледі деп айтуға да болады. Мұғалжар, Темір, Шалқар аудандарындағы газбен қамтудың көрсеткіші — 88 пайыз.

Ал Қарғалы, Байғанин, Қобда, Мәртөк, Әйтеке би аудандары тұрғындарының жартысынан көбі табиғи газды тұтынып отыр.

Пайыздық үлеске шаққандағы ең төменгі көрсеткіш Ырғыз бен Ойыл аудандарында.

Бірақ соңғы екі ауданның бірнеше ауылдарына газ құбырының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жобалық-сметалық құжаттардың да көптеп дайындалып жатқаны да қуантады.

Биыл жыл аяғына дейін 830 мың адам газбен қамтамасыз етілмек. Облыста 1 текше метр табиғи газдың құны — 9600 теңге. Бұл — еліміз бойынша ең арзан баға. Ал Ақтөбе облысы газдандыру жөнінен республика бойынша 5-орында тұр.

Газ кіргіздің бе?

Жаңадан газ барған ауыл тұрғындары мен аудан орталығында жаңадан салынған үй иелерінің амандықтан кейінгі сөзі бұл.

Ауылға газ құбыры келуін келді. Енді оны үйге тарту керек. Оның да біраз машақаты, талаптары жетерлік. Алдымен құжатпен қинайды. Үйдің құжаты сай болуға тиіс. Жоба бойынша үйдің техникалық құжатын сыздырып, дайындау да бір апталық жұмыс. Одан кейінгі кезекте қаражат мәселесі тұр. Бұрынғыдай емес, қазір газ құбырын әр үйдің қақпасына жақындатып береді. Соның өзінде әр метрі 4-5 мың теңгеден санай беріңіз. Одан кейін рұқсат алуың керек. Оған да қомақты қаржы төлейсің. Құбырдан алар жер тағы ақылы. Бұл енді құжат жағының шығындары. Оның үстіне құжаттың облыс орталығынан әрі астана айналып келуі де уақытты алады. Тұрғындардың айтуынша, құжаттар кешігіп жатады. Алайда тұрғындарды әуреге салып қоятын жері сол — рұқсат қағазды үй иесінің өзі барып облыс орталығынан алуы. Барлық ауданда «ҚазТрансГазАймақтың» филиалы іспеттес газ шаруашылықтары бар. Олар жергілікті жердің құжатын дайындап, облысқа жібереді, бірақ қайтып әкелмейді. Осы бір құжат мәселесі 100 пайыз аудан орталығынан шешілсе, құба-құп болар еді. Бұл — тұрғындардың тілегі.

Жаңадан салынған үйге газ кіргізу үшін 500 мың теңгеден астам қаражат кетеді. Үйді жылытатын пеші үйдің көлеміне қарай 100 мың теңгеден басталады. Қазір  «Луч» деп аталатын КСГВ жылыту қазандығы мен «Сигнал КОВ»  қазандығы өтімді. Әрине, мұндай қазандықтардың түрі көп. Көбі «Шығыс» базарындағы «Мерей» сауда үйін жағалайды. Өйткені мұнда басқа жерлерге қарағанда сәл арзандау. Мұнда 120 шаршы метр аумаққа арналған қазандық — 126 мың теңге. Бірыңғай тұрмыстық заттар сататын қаладағы сауда дүкендерінде бұл баға қымбаттау. Бірақ онда төлемнің бірнеше түрі бар. Қолма-қол төлеп алсаңыз, 7 пайыз жеңілдік қарастырылған. Несиеге рәсімдейді. Бөліп төлеу де бар. Қалтасына қарай көсілетін тұрғындар көбіне осы қазандықтарды таңдайды. Себебі мұржа, желдеткіш секілді газ қондырғыларының қосалқы бөлшектері де көп. Оның бәрін алған кезде біраз ақшаның жұмсалатынын үйіне газ кіргізген әрбір жан біледі.

1000 қондырғы қойылды

Үйге газ кіргізгеннен соң да еркінсуге болмайды. Техникалық қауіпсіздікті ұдайы ұмытпау керек.

Қай жерден ақау шығары белгісіз. Олай дейтініміз, облыста газдан улану мен өрт шығу тыйылмай отыр. Жыл басынан бері 450-ден астам өрт шыққан. Айтып келмейтін тілсіз жаудан 7 адам құрбан болып, 13 адам түрлі жарақат алған. Міне, бұл жерде тұрғындардың түсінігіне тәуелді болып отырған жайт — қауіпсіздік шараларының сақталмауы. Қазір кез келген үйге бара қалсаңыз, түтін мен газ иісіне қарсы қондырғы ажыратылып тұр. Үй иелерінің сөзіне сенсек, сәл иіске, мысалы, тамақ дайындағанда шығатын майдың түтіні мен иісіне қосыла береді. Ал газ мамандарының айтуынша, бұл — бөлмедегі булықтың күн салқындағанда бітеліп тасталынуынан болады. Ауа айналымы болмағасын газ дұрыс жанбай, сигнал іске қосылады екен.

— Одан басқа Ақтөбе қаласында жылыту пештері бар үйлер көп. Оларды автоматты газ қондырғысына ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр.

 Біз жылыту маусымы  басталар кезде төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп рейд жүргіземіз. Әсіресе бау-бақша ұжымындағы үйлерде түтін мен иіске қарсы қондырғыны алып тастағанын көрдік. Түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ескертпелер береміз. Ал форсунка арқылы пешпен жылытылатын үйлерге бүгін-ертең ауыстыр демейміз. Оларға алдын ала хат жібереміз. Әркімнің жағдайы әрқалай. Шамасы жеткендер автоматты газ қондырғысына ауысып жатыр. Өрттің басты себептері пешке жайылған киімдерден шығады. Одан кейін тез тұтанғыш заттарды пешке тақап қояды. Бұлар бірден лап етпеуі мүмкін. Бірақ түтіндегенде қауіпсіздік белгісін беретін сигнал ажыратылған. Көбі мұны ескермейді, — дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Ақтөбе өндірістік филиалының маманы Нұрлан Мақсұт.

Өртті болдырмай, тілсіз жаудың алдын алу үшін 1000  түтін мен иіске қарсы қондырғы қойып жатырмыз. Бірінші кезекте көпбалалы, аз қамтылған үйлерге тегін орнатылады. Бұл жұмысқа еріктілер де атсалысып отыр. Қазіргі таңда 700 қондырғы таратылды. Бұл қондырғы еденнен 0,5-1,5 метр биіктікте үйдің қабырғасына бекітілуге тиіс, — дейді қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Дина Досжанова.

 P.S. Міне, бүгінгі күндегі қысқа дайындық, жылыту маусымы осылай жүріп жатыр. Газ кірген жақсы, әрине. Бірақ оның талаптары ауылда да, қалада да бірдей. Салғырттық танытып, жылынам деп жалын құшпас үшін өз қауіпсіздігіңді өзіңіз ойлауыңыз керек. Тексеруге келгендерді үйге кіргізбей, қызметтік ақыға төлейтін ақшаны қимай, қақпа алдынан қайтарып жіберсеңіз кейін бұл ісіңізге өкінуіңіз мүмкін. Себебі газды тұтынушылардың қауіпсіздік талаптарды бұзуы мен немқұрайдылық танытуы өрт пен газ иісінен улануды көбейтіп отыр.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button