«Ақтөбе — құтты мекен»

Қалдықты сұрыптап төгесіз бе?

Жыл сайын елімізде 4,5-5 миллион тоннаға жуық қатты-тұрмыстық қалдықтар жиналады. Осындай қалдықтар, негізінен, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Жаңаөзен қалаларындағы зауыттарда, шағын кәсіпорындарда сұрыпталады және қайта өңделеді екен. Үкімет порталындағы деректерге сүйенсек, былтырғы үш тоқсанда осындай қалдықтың  15,8 пайызы ғана қайта өңделіп, кәдеге жаратылған. Қалдықтарды басқару тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 40 пайызға, 2050 жылға таман 50 пайызға жеткізілуге тиіс. Ал біздің Ақтөбедегі жағдай қалай?

Бес жыл бұрын біздің облыста жылына 350 мың тоннадай тұрмыстық қалдық жиналатын және арнайы жасақталған 9 полигонға көмілетін. Сондай-ақ оның 97 пайызы сұрыпталмайтын. Қала халқының жыл сайын өсіп жатқанын ескеретін болсақ, полигондардағы қалдық көлемі де күн санап артып келеді.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, көптеген дамыған мемлекеттер қоқысты түрлеріне қарай бөліп жинау жүйесін ертерек қолға алып, тіпті тапталып жатқан қалдықты тәп-тәуір табыс көзіне айналдырып отыр. Айталық, Франция  қоқысты сұрыптап жинау әдісін тиімді пайдаланып, қайта өңдеп, 30 пайыз алюминий, 50 пайыз әйнек және газет қағазын өндіреді. Қала тазалығына ерекше маңыз беретін Түркия елінде қоқыс тазалаушы —  жоғары жалақы алатын беделді маман. Қолына түскен шикізатты тиімді пайдалануға шебер қытайлықтар да қайта өңдеуді үлкен бизнеске айналдырып отыр. Бір Шанхайдың өзінде мыңдаған қоқыс қабылдау орыны жұмыс жасап, онда 2,5 миллионнан астам адам еңбек етеді екен.

2013 жылы еліміз «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын әзірледі. Сол уақыттан бері қоршаған ортаны қорғауға қатысты көп мәселенің бірі ретінде қоқысты сұрыптау да ара-тұра көтеріліп жүр.

Оқушылар макулатура жинады

Осы аптада «ӨКМ операторы» ЖШС-ның бастамасымен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Ақтөбе қаласындағы №64 орта мектепте қоқысты бөліп жинауды насихаттайтын экологиялық акция ұйымдастырылды. Қаламыздағы №60, №78 орта мектептерде басталып, №64 орта мектепте жалғасқан экологиялық акцияға №63 орта мектеп те «Қағаз қалдықтарын жина да, орманды сақта» деп ұрандатып, үн қосты. Сонымен, төрт мектептің оқушылары да макулатура жинап, жарысты.

Аталған шара неге бұл мектептерде өтіп жатыр? Себебі, «Нұр Ақтөбе» мен Батыс-2 — жаңадан бой көтеріп келе жатқан шағын аудандар. Осы ауданның аулаларында сұрыпталған, бөлінген қоқысты салуға арналған контейнерлер орнатылған. Сондықтан да осы жерде тұратын оқушылар арасында қоқысты контейнерлерге бөліп жинау туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Ұйымдастырушылардың бірі — Eco Network компаниясының басқарушы директоры, экоконсультант Айман Қази:

— Мақсатымыз — қазірдің өзінде өзіміз батып отырған қоқысқа ендігі ұрпақ көмілмесе екен. Ол үшін қоқысты сұрыптап, бөліп жинау жүйесін қалыптастырып, енгізуіміз керек. Осылайша ескі заттар мен қоқысқа «екінші өмір» сыйлауымыз қажет. Бұл қағаз, әйнек, пластик қалдықтарының бәріне де қатысты. Ал бізде қалай? Контейнерге үйден пакетке салып алып шыққан қоқысты лақтыра саламыз. Одан әрі контейнердегі қоқыс қала сыртындағы полигонға кетеді. Әрі ішінде қағазы да, тамағы да араласып жатады. Статистика бойынша жыл сайын еліміздің әр тұрғыны шамамен 400 келі қалдық шығарады екен. Мұның бәрін сұрыптап салса, қоқыс емес, қайта өңдеуге сұранып тұрған баға жетпес шикізат болар еді, — дейді.

Акция барысында мектеп оқушылары сыныпқа бөлініп, қағаз қалдықтарын жинаудан өзара сайысты. Көп макулатура жинаған сыныптар арасында жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Шараға қатысушы қайта өңдеумен айналысатын компанияның өкілдері жеңімпаз сыныпқа 25 мың теңгенің сертификатын, екінші орынға 15 мың теңгенің, үшінші орынға 10 мың теңгенің сертификатын табыстады. Бұл сертификаттар «Шебер» сауда үйінен сыныпқа қажетті заттарды алуға жарамды. Сондай-ақ шараға қатысқан әр мектепке қайта өңдеуші компанияның өкілдері өздері шығарып жатқан дәретхана қағазы мен қағаз майлықтарды сыйлады.

Экоконсультант Айман Қази осындай акцияны алдағы уақытта қаланың барлық мектептерінде өткізу жоспарда барын, қоқысты сұрыптап, бөліп жинау бастамасын барлық білім беру мекемелері мен оқу орындары қолдайды деп үміттенетінін жеткізді.

— Бұл — жай ғана акция емес, қоршаған ортаны қорғау, яғни қоқысты сұрыптап, бөліп жинау мәдениетін қалыптастыру туралы білім. Мысалы, пластик, шыны, қолданыстан шыққан шамдар, құрылыс материалдары, қағаздар — әрқайсысы бөлек жиналуы қажет. Тіпті қаламызда пластикті, алюминийді қабылдайтын арнайы пункттер де бар. Қалдықты сұрыптау мәдениеті оқушыларды тазалыққа, ұқыптылыққа да үйретеді. Бала кезден соған әдеттенсе, өмір бойы солай жасайтын болады. Сондай-ақ аталған акция экологиялық тұрғыдан ғана емес, өңіріміз үшін экономикалық жағынан да тиімді болатыны анық, — дейді  экоконсультант Айман Қази.

Қоқыс төгу мәдениеті

Ақтөбеде жыл соңына дейін қалдықтарды сұрыптайтын зауыт ашылмақ. Бұл туралы біздің «Ақтөбе» газеті тамыз айында жазған болатын. Сондай-ақ, жазда «ӨКМ Операторы» ЖШС түрлі қалдықты бөлек жинауға арналған контейнерлер мен техникаларды қала басшылығына тапсырғанын да білеміз.

Әлем елдері қалдықты 10 контейнерге сұрыптап тастаса, біздің Ақтөбеде әзірге қағаз, шыны және пластикті ғана бөліп салуға арналған 3 контейнер орнатылған. Мамандар қоршаған ортаны дұрыстау үшін әуелі қалдықты сұрыптауымыз керек екенін айтады. Ал әлем экологтары полиэтилен секілді қалдықтың ғасырға шыдас беретінін айтып, дабыл қағып жүр. Расында, қалдықтарды қала сыртындағы қоқыс полигондарына жинай берсек, келешекте дархан даламыздың кеңдігі де жетпей қалуы ғажап емес.

Бәрі біздің қоқыс төгу мәдениетімізге байланысты. Ай сайын коммуналдық төлем төлеп отырғанын міндетсінетін кейбір тұрғындардың үйінен алып шыққан қалдықты контейнерге жеткізбей лақтырып кететінін де көріп жүрміз.

Тоқетері, көпқабатты үйлердің аулаларында жоғарыдағы төрт мектептегідей түсіндірме жұмыстарын жүргізу артық болмайды. Қоқыс төгу мәдениетін әркім өзінен бастауға тиіс. Бұл да әр адамның қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button