Басты жаңалықтар

Ақтөбе туризмі — ашылмаған қазына

«Қазақстанның барлық өңірінде туризм аймағы болуға лайықты киелі орындар жеткілікті.

Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек».

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

 

Оны дамыту үшін нақты қадамдар қашан жасалады?

Ақтөбеде туристік орындар көп. Әсем табиғат, арнайы қорғауға алынған киелі жерлер де біршама. Дей тұрғанмен бұлардың жарнамасының аздығынан көпшілікке беймәлім. Сондықтан біздің өңірдің туристік бренді деп ауыз толтырып айтуға келгенде күмілжіп қалатынымыз рас.  

Бұл олқылықты толтыру үшін жергілікті биліктің не істеп жатқанын, сондай-ақ белсенділердің бастамасы мен ақтөбеліктердің пікірін білген едік.

«Алыстан арбалағанша…»

 Ақтөбедегі туризмді дамытумен облыстық кәсіпкерлік басқармасы айналысады. Аталған мемлекеттік мекеменің туризм бөлімінің басшысы Әуез Арызғұловтың айтуынша, қазіргі таңда облыста 70 туристік компания тіркелген.

— Ал жол бойындағы сервистің 142 нысаны, 3 санаторий-профилакторий, 8 ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар. Соңғы аталғанның біреуінің республикалық маңызы бар. Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватын айтып отырмын.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсем, осы жылдың I тоқсаны бойынша орналастыру орындарының саны (қонақүйлер, хостелдер, кемпингтер, лагерьлер, демалыс базалары, т.б.) 97 бірлікті құрады. Ондағы көрсетілген қызметтерден түскен пайда 407530 миллион теңгеге жеткен. Мұндай жерлерге келушілер де баршылық. Айталық, аталған мерзімде 25 мыңнан астам адам орналасыпты. Яғни жыл өткен сайын өзіміздегі демалыс орындарына баратындар артып отыр, — дейді туризм бөлімінің басшысы Әуез Арызғұлов.

Оның айтуынша, соңғы жылдары аудандар бойынша ақпараттық турлар өткізу де ұйымдастырылып жүр. Әсіресе Байғанин, Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Ойыл аудандарының туристік әлеуетіне қызығушылық басым.

Сонымен қатар өңірдегі туристік орындар қамтылған 19 жарнамалық бейнеролик әзірленіп, сырттан келушілерді ақпараттандыру мақсатында өңірдің туристік сайты жасалған. Visitaktobe.kz сайтынан ғаламтор пайдаланушылары  туристік бағыттар, өңірдің көрікті жерлері, сондай-ақ демалыс орындары, жол бойындағы дәмханалар, ойын-сауық орталықтары, туристік компаниялар туралы мәлімет ала алады.

— Сайт ашылғалы оған кірушілер 47 мың адамға жетті. Ал биылғы 3 айда 14 мыңнан астам адам visitaktobe.kz-ке арнайы «қонақ» болыпты. Жүргізілген талдауға сәйкес көпшілігі смартфонның қызметіне жүгінеді екен. Жалпы, туристік нысандарды танымал ету үшін сайтта виртуалды турлар жасалды. Монитордың арғы жағынан-ақ Ақтолағай борлы жотасын, Қарғалы су қоймасын, Орқаш қорықшасын, Ырғыз-Торғай резерватын, Барқын құмдарын, Айдарлыаша геологиялық қимасын тамашалауға болады, — дейді ол.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енген нысандардың 3D үлгілері де құрылып, бірсыпырасына QR-код орнатылғанын айта кету керек. Ал жолға шыққандар туристік орындарды тез тауып баруы үшін «Қазавтожол» компаниясымен бірлесе жол бойында 26 нұсқау-белгі қойылыпты.

Қарғалы су қоймасының екінші тынысы

Қалай десек те барымызды ұқсата алмай отырғанымыз анық. Мемлекеттік деңгейде бұл салаға екпін енді аударылып келеді. Әйтпесе бір ауданның өзінде көрікті орындар, табиғат ескерткіштері, жалпы құпия-сырды бүгіп жатқан жерлер қаншама?!

ҚР туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында туристификациялаудың республикалық картасына Ақтөбе облысынан бір ғана нысан ілікті. Бұл туралы сала маманы:

— Еліміз бойынша туризмді дамытудың әлеуетті орындарының бірі ретінде арнайы картаға Қарғалы су қоймасы кірді. Қазіргі уақытта «Qargaly Resort» демалыс және ойын-сауық паркі аймағын салу бойынша жоба іске асырылып жатыр. Экостильдегі қонақүйлер, тау шаңғысы базасы, санаторий, ипподром салу, басқа да демалыс пен спорттың орталықтарын, балық және жылыжай шаруашылығын ұйымдастыру жоспарланған. Сол арқылы мұнда бір уақытта 1 мыңнан астам адам тыныға алады деп күтілуде. Бұның нақты қашан тұрғызылатыны белгісіз, әзірге жоба күйінде тұр, — дейді облыстық кәсіпкерлік басқармасы туризм бөлімінің басшысы Әуез Арызғұлов.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Қазіргі таңда Ақтөбе облысы бойынша республикалық маңызы бар киелі жерлердің тізіміне 12 нысан енгізілді: Қобыланды батыр, Есет батыр Көкіұлының мемориалды кешендері, Абат-Байтақ, Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» қорымдары, Кенесары ханның қарындасы — Бопайдың моласы, Есет-Дәрібай кесенесі, Ойсылқара қорымы, Досжан ишан мешіті, Исатай батыр кесенесі, Әбубәкір кесенесі, Қызылүйік ғибадатханасы және Жаманшың метеорит кратері.

Көрікті орындарды көремін деушілер көп

Әлеуметтік желілер арқылы жер-жерден келген саяхатшыларға өзіміздегі туристік орындарды таныстырып, соны табыс көзіне айналдырғандар да бар. Солардың бірі — туроператор Еркебұлан Аймұратұлы. Аталған жігіт тарихы сыр шертетін орындарға адамдарды тасып, «бір оқпен екі қоянды атып» жүр. Және ол бұны атқарушы биліктің қолдауынсыз, өз күшімен жасайды.

— Өзім Байғанин ауданының баласымын. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап осындағы Ақтолағай жотасына туристерді әкеліп жүрмін. Былтыр 14 рет келдім. Ал биыл 16 рет саяхатшыларға аталған көрікті орынды көрсеттім. Жұртшылықтың қызығушылығы жақсы. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан арнайы келетіндер бар. Шетелдіктер де келіп жүр, — дейді Еркебұлан Аймұратұлы.

Өз кезегінде облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов та жергілікті туристік орындардың көптігін, бұлардың алыс-жақын мемлекеттерден келетін туристердің көңілінен шығуға толық мүмкіндігі барын тілге тиек етті.  Тек мемлекеттік қолдау керек. Оның айтуынша, бұл мақсатта ең алдымен ерекше сәулет ескерткіштерін, адамдардың  жайлылығы үшін заманауи қондырғыларды орнату қажет. Сонымен бірге ол Ақтөбенің көрікті жерлері бейнеленген жейде, баскиім, басқа да заттарды әуежайда сатып, сол арқылы саяхатшыларды қызықтыруға болатынын айтады.

P.S. Басқасын былай қойғанда, Ақтөбедегі туристік орындардың да толығымен түгенделмегені, тиісінше бұл саланың тасада қалып отырғаны сондықтан. Ал бұлардың күтімі және насихаты — бөлек әңгіме.

Барымызды бағалаудың алғашқы қадамы ретінде сол жерлерге инфрақұрылым тартылып, жол салынғаннан кейін ғана туризмнің дамуы туралы айтуға болады…

 НЕ ДЕЙСІЗ?

Арайлым ҚАСЫМ,

аудандық «Жем-Сағыз» газетінің тілшісі:

 — Облысты айтпағанда, өзім тұратын Байғанин ауданының өзі — ашық аспан астындағы мұражай. Шалғай жерде орналасқанына қарамастан, мұнда табиғат ескерткіштері жетеді. Тек дәріптелуі кемшін.

Меніңше, биліктен қолдау болмай, туризм дамымайды. Өйткені бұл көп қаражатты қажет етеді.

Серік РАХМЕТОВ,

сауда саласының қызметкері:

— Ақтөбеде қорым, мавзолей, ескерткіштер көп. Сол сияқты туристерді батыр қызымыз — Әлия Молдағұлованың туған жері қызықтырады деп ойлаймын. Неліктен Қобда ауданындағы сондай жерлерді көріктендіріп, айналасына жұртшылық демалатын жерлерді көптеп салып, жарнамасын жақсылап жасамасқа?

Жалпы, туристік қалашық салса артық етпейді. Мысалы, Түркістанда бұл мықты қолға алынған. Ал бізде тарихи жерлерге барады да, кері қайтады. Соның салдарынан келушілер соншалықты көп емес. Сервис жағы ақсап тұр.

Марал ЖОНЫСОВА,

С.Бәйішев атындағы облыстық кітапхананың қызметкері:

— Қарғалы ауданындағы сарқырама, Байғанин ауданындағы Ақбота-Сәңкібай шоқысы, орманымыз — біздегі ең мықты туристік мекендеріміз деп есептеймін. Сол жерлерде демалған ұнайды.

Бір қынжылтатыны, өзгелер түгілі, ақтөбеліктердің көпшілігі бұл нысандардан хабарсыз. Сондықтан көшелерге арнайы билбордтар ілінсе, газеттерден осы тақырыптағы мақалалар жазылып, теледидардан хабарлар көптеп көрсетілсе деген тілек бар.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button