Басты жаңалықтарМәселе

Қазанның көркі — күздік. Ет бағасы шарықтай бере ме?

Еттің бағасы күн санап қымбаттап барады. Қала базарлары мен дүкендерінде өткен жылғымен салыстырғанда 300-500 теңгеге өскен. Бұл нарықтың талабы әрі науқанды мезгіл десек те, қала тұрғындары бұған келіспейді.  Оның үстіне қазан айы — ет саудасының қызатын шағы. Мал баққан қазақ осы кезде күздік дайындайды. Қыс түсе тағы бір малды соғымға сояды. Ауылдағы малы барлар үшін ет бәлендей қиындық тудырмауы мүмкін. Өйткені оған бөлек ақша шықпайды. Бірақ күздігі де, соғымы да ет базарындағы таразыға тәуелді қала тұрғындарының  жайы бөлек. Алайда ауылға барсаң малын өткізе алмай жүрген бір адам. Бұрынғыдай мал алушылардың да қарасы көрінбейді. Сонда арадағы алыпсатарлар еттің бағасын шарықтатып жіберген бе?

Биылғы соғым науқанының алдында бір-бірімен байланысып жатқан ет-шөп саудасына зерттеу жасап көрелік.

Былтырғы күзбен салыстырғанда малдың құны сәл төмендеген сияқты. Өткен жылы сиыр малының өзі 400 мың теңгеге дейін, соғым жылқысы 600 мың теңгеден асып жығылды. Өткені өтті, өтпегені қысқа түсті. Ал биыл «аспандағы айды» сұраудың артық екенін түсінген мал сатушылар бәсін бұйырған бағаға қойып отыр.  Оған себеп те бар. Өткен жылғы қыс мал баққан шаруаға біраз сабақ болды. Аулаларына қыстық мал азығын тақ-тұқ жинайтын ауылдағы ағайын биыл оған ақшасын аяп қалмайтын секілді. Бірақ биыл шөп қымбаттап кетті. Кейбір аудандарда шабындық азайып, шөп шықпай қалды. Сондықтан бағасы екі есе көбейді. Ойлап қарасақ, шөп қымбаттаған сайын мал да қымбаттауы керек қой. Ауылдағы тұрғындар ондай уәж айта алмай тұр. Құбылмалы қыстың қалай боларын болжап жатпай, былтырғыдай болмас үшін тиісті бағасына сатып жібергісі келеді.

Дегенмен мал арзандап кеткен жоқ. Былтырғы бағасынан түсер емес. Мал сатумен айналысатындардың сөзіне сенсек, барып алғанның өзінде базар бағасын сұраған. Таразыға тартса, пайдасы аз.

Орталық базарда жылқы етінің жаясы 3500 теңге. Ал сиыр етінің келісі 2200 теңгеге өскен. Оның да тәртібі бар. Сүйек-саяғынан ажыратылып сатылған ет, әрине, қымбаттау болады. Бірақ олай сатсаңыз кіл сүйектерді ұстап қалуыңыз мүмкін. Сондықтан ет шабарда, сойғанда да тепе-тең қып бөліп, бірге сатады. Орталық базарға ауылдан ет әкелетіндер 1700 теңгеге тапсыратындарын айтады. Ол ет сөреге жеткенше 300-500 теңгеге көтеріледі. Әрине, сатқан адам да пайда көруге тиіс. Тауарлары ең арзан саналатын «Табыс» коммуналдық базарында еттің бағасы  расымен де 5-10 пайызға түсіңкі. Өйткені мұнда бақылау бар. Қай тауарды да көтерме бағасымен алса да, базар әкімшілігі белгілеген бағадан асырмайды. Нарықтық бағадан сәл арзан болатын жері «Табыс» базарында апта сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді.

Облыс бойынша биылғы қысқа  1 млн-нан астам мал түседі. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 10 пайызға көп. Демек, облыстың өрісінде малдың көбейгені көрініп тұр. Бірақ мал басы көбейсе де, еттің бағасы тұрақты емес. Бұған басқа тауар түрлерінің қымбаттауы әсер етері анық.

Қазір бәрі сататын малын аяқтай беріп жібергісі келеді. Бірақ алатындар некен-саяқ. Дегенмен ауыл тұрғындарының малын пұлдап көрсек, былтырғыдай аспандап тұрмағанға ұқсайды. Қай аудан болсын екі жасар тайөгіздің бағасы 160-200 мың теңгеге тұрақтап тұр. Былтыр бұл баға 250 мың теңгеге көтерілген еді. Жабағы да осы шамалас. Ал Ақтөбе қаласының мал базарындағы тап осы мал 230-250 мың теңге сұрап отыр. Көпшілік жерде мұндай бағаны өте қымбат деп те айтуға болмайды. Салыстырып қарасақ, ауыл мен қаланың айырмасы 30-50 мың теңгені көрсетіп тұр.

Осы күні қала жұрты экологиясы таза жердің малына әуес. Қанша семіз болғанымен, бордақының малы далада жайылған малдың етіндей дәмді болмайтынын мойындап келеді. Қазір ет тапшылығы мүлдем жоқ. Кез келген малдың етін қаланың қай жерінен де табасың. Алайда саннан сапаға көше бастаған қала тұрғындарының таңдауы күшті. Күздіктің күйлі болғанын қалайды. Жыл мезгіліне қарай ата бабамыз малды қай кезеңде сою керектігін де білген. Соның ізі әлі үзілген жоқ. Соғымға әлі ерте болғандықтан ірі малды саудаламайды. Күздікке келетін жабағы, тайөгіз, қашар секілді жас малдың етін іздейді. Әрі қалтаға да жеңілдеу. Ет керек десек те жылқы малы желтоқсан айынан бастап пышаққа ілігеді. Себебі қай мал болмасын күзгі салқында семіреді. Қыстық соғымын алғашқы қар жауғаннан кейін-ақ жаппай соя бастайтыны сондықтан.

Ырғыз, Шалқар, Ойыл, Байғанин аудандарының өрісі тарылып жері тоза бастады. Жайылымның өзі тарылып кетті. Мұның бәрі малдың күйіне кері әсерін тигізбей қоймайды. Қалай болғанда да облыста мал көп. Еттен тапшылық болмайды. Ал бағасына келсек, оның құбылуы, бұдан әрі қымбаттап кетуі де ғажап емес. Шаруалар шөпке шығын қылмай, жаппай мал сатып отырғанда, ет бағасының түспеуі таңғалдырады. Ауылдағы ағайынның малы өтпей қалуы мүмкін, бірақ ет арзандамайды. Неге? Мұны ешкім де тап басып айта алмайды.

«Табыстың» тартуы — терминал

Бұған дейін де делдалсыз «алқаптан сөреге дейін» науқаны өткен болатын. «Ауадан» ақша жасайтын алыпсатарлардың кесірінен баға көтерілмеу үшін жасалған амал. Сол сияқты мал иесі де етті сөреге өзі тікелей сатуға мүмкіндік қарастырылған. «Табыс» коммуналдық базарының бір артықшылығы — осы. Ол үшін кәсіпкерлермен бұрынғыдай бір айға немесе бір жылға  келісімшарт жасап отырмайды.  Шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер үшін арнайы терминал қойылған. Терминал арқылы ет өнімдері деген сілтемеге өтіп, жеке сәйкестендіру нөмірін теріп 1000 теңге төлейді. Түбіртекті базардың кассасына тапсырғаннан кейін ет сататын орын береді. Бұл тиімді.

Бұрындары бір айға жалға алғанымен күн сайын ет сатылмайды да, бос тұрған күндеріне ақшасы төлене беретін. Қазір етін сату үшін орынға күніге 1000 теңге төлейді. Одан бөлек қала ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін сататын 18 павильонымыз бар. Оның төрт дүкенінен ет үзілмейді. Ол дүкендердің жалдау ақысы айына 25000 теңгеден бастап  40000 теңгеге дейін. «Табыс» коммуналдық базарында күніге 4 тонна сиыр еті, 2 тоннадай жылқы еті, 500 келідей қой еті сатылады. Оның бәрі жергілікті шаруа қожалықтарынан келеді. Әлеуметтік маңызы бар 19 тауар түріне сиырдың төс еті кіреді. Оның бағасы — 1550 теңге. Ал бүгінгі күні біздің базардағы  бағалар сиыр етіне 1550-2500, жылқы етіне 2100-3000, қой етіне 1600-2400 теңге аралығында қойылып отыр, — дейді «Базарларды Басқару» ЖШС өкілі Асқарбек Қойлыбаев.

Алдағы уақытта жеке адамдарға да өз малын сатуға сауда қатарларын беру қарастырылмақ. Міне, сол кезде ешкім делдалсыз-ақ өнімдерін сөреге тікелей шығарып, сата алады.

Жемшөп жетеді

Малды қырып алмас үшін оған жеткілікті шөп дайындау керектігін өткен қыс ескертті. Қысқа 2 671,2 мың тонна шөп дайындалуға тиіс. Облыста мал азығын дайындауға жер көлемі, керекті техника да жеткілікті.

Бүгінгі күні 2 499,5 мың тонна шөп дайындалып, 93,6 пайызға орындалып тұр.  Нақтылап айтсақ, облыс бойынша 1 гектар жердегі шөптің түсімі 1,5-2 центнер  құрап отыр. Мемлекеттік орман қорының жерлерінен 29,0 мың гектар жайылым жер және 3,3 мың гектар шабындық жерлер шөп шабу мақсатында берілген.

— Облыс бойынша шөп шабу науқанына барлығы 3277 трактор жұмылдырылды.

2021 жылға азығына жұмсалған шығындар құнын арзандату бағыты бойынша жергілікті бюджет қаражаты есебінен 6,7 миллиард теңге субсидия бөлінді. Бүгінгі күні субсидияның бұл бағыты бойынша облыс шаруашылықтарынан  2 111 өтінім түсіп, шаруашылық есепшоттарына аударыла бастады. Қазан айында мал азығына арналған субсидия қаржысын аудару аяқталады, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Панабек Бимұратов.

Көршілес жатқан Маңғыстау облысының құрғақшылықтан зардап шегіп отырған аудандарына көмек ретінде барлығы 4 440 тонна шөп дайындалған. Оның 732,2 тонна шөбі көмек ретінде тегін және 45 тонна жем жіберілген.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button