Басты жаңалықтарМереке

Төл мерекедегі марапат

Кеше Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясы ғимаратында «Сіз үшін, ұстаздар!» атты мерекелік шара өткізілді. Мұғалімдер күніне арналған салтанатты кешке атқарушы билік өкілдері мен сала мамандары жиналды. 

Жиын мұғалім мамандығының қызығы мен қиындығы, шәкірттердің ұстаздарына деген ықылас-ниеті әнмен жалғасқан театрландырылған шағын қойылыммен басталды.

Алғашқы болып сөз алған Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров:

— Сіздерді алдымен шын жүректен кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Қоғам үшін бұл мерекенің орны бөлек деп есептейміз. Өйткені мәртебесі биік, жылылыққа толы мереке, кім-кімге болсын, ыстық.

Биыл еліміздің 30 жылдығы тойланғалы отырғанын білесіздер. Осы аралықта білім беру саласы зор жетістіктерге жетті. Жаңғырды. Тәуелсіздік жылдары 23 мектеп пайдалануға берілді. Қазіргі таңда қаламызда 87 мектеп, 44 балабақша, 15 қосымша білім беру орталығы бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша ұстаздардың мәртебесі, жалақысы кезең-кезеңімен көтеріліп келеді. Үздік педагогтерді мадақтау шаралары жалғасын тауып жүр. Мәселен, қаламызда «Үздік педагог» байқауының республикалық кезеңінің жеңімпаздарына 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде марапат қарастырылып отыр. Биыл бұл марапатқа 3 педагог ие болды. Болашақ педагог мамандарға да қолдау бар. Осы жылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен бөлінген 80 гранттың 40 пайызы педагогикалық мамандықтарға берілді.

Министр Асхат Аймағамбетов айтқандай, сіздер — осы күннің нағыз батырысыздар. Пандемия кезінде білім беру процесі тоқтаған жоқ. Ұстаздар осы қиын кезеңде кәсіби шеберлігі мен шығармашылық қабілетін жоғары деңгейде көрсете білді. Сондықтан ерен еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін, — дей келе, «Үздік мұғалім — 2021» республикалық байқауының жеңімпаздары атанған ақтөбелік мұғалімдер — Сәуле Үкібаева, Талғат Әбен, Дәмежан Қыстаубаеваға, сондай-ақ оқушылары халықаралық, республикалық білім бәйгелерінен оқ бойы озық көрінген бір топ педагогті Алғыс хатпен, ақшалай сыйлықтармен марапаттады.

Әр мереке иесіне гүл мен тәтті сыйланған салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button