Жаңалықтар

Халық санағы: интервьюерлер жаппай аралау жұмыстарын бастады

Еліміздегі жалпыұлттық халық санағының басталғанына бір айдан асты. 1 қыркүйектен бастап санақ онлайн жүргізіле бастады. Жалпы, халық санағы онлайн режимінде 15 қазанға дейін жалғасады.

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Динара Ізбасқанованың айтуынша, 1 қыркүйектен бастап онлайн режимде Ақтөбе облысы халқының шамамен 31,15 пайызы халық санағынан өткен.

— Санақтан өткен 281 021 адамның 239 мыңнан астамы sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтты, 28 мыңға жуығы egov.kz порталы, ал 17 мыңға жуығы aitu қосымшасы арқылы санақ сұрақтарына жауап берген. Оның ішінде Ақтөбе қаласының тұрғындарының белсенділігі байқалады — 113 296 адам. Сонымен бірге Мұғалжар, Шалқар, Темір, Алға аудандарының тұрғындары да онлайн режимінде халық санағына белсенді қатысқан. Онлайн халық санағы 15 қазанға дейін жалғасады және 24 сағат бойы қолжетімді болады. Жүйеге телефон нөміріңіз немесе электронды пошта арқылы кіруге болады. Онлайн форматта халық санағына қатысудың еш күрделілігі жоқ, сондықтан, барлық тұрғындарды 15 қазанға дейін жоғарыда аталған порталдар арқылы онлайн санаққа қатысуға шақырамыз, — дейді Динара Ізбасқанова.

Департамент өкілінің айтуынша, дәстүрлі жалпы аралау 1 қазаннан басталды, ол осы айдың аяғына дейін жалғасады. Бүгінде интервьюерлер жаппай аралау жұмыстарын бастап кетті.

— Интервьюердің бейджінде олардың аты-жөні, суреті, берілген күні және оның қолданылу мерзімі,  аумақтық статистика бөлімшесі басшысының қолы және мөрі болады. Сонымен қатар санақ логотипі бар көк түсті шарф, көк түсті портфель және электрондық санақ парақтары бар планшет болады. Егер күмәндансаңыз, куәлікте көрсетілген нөмірді  sanaq.gov.kz сайты арқылы тексеруіңізге болады, — дейді ол.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button