БілімБасты жаңалықтарМереке

Құрметті ұстаздар қауымы!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл — шын мәнінде баршаға ортақ мереке.

Мектеп қабырғасынан әлдеқашан алыстап кетсек те, білім теңізіне жетелеген ұстаздарымызды әрдайым үлкен сағынышпен, құрметпен еске аламыз.

Даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлының: «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз», — деген қанатты сөзі бар.

Жас ұрпақтың бойына жақсы қасиеттерді, Отанға деген сүйіспеншілікті дарытып, өмірдің қыр-сырын танытатын да — Сіздер, ардақты ұстаздар!

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ұстаз еңбегін ерекше бағалап, атап өтуді заңдылық деп білемін.

Дана халқымыздың «Біліксіз қалар жырақта, білімді жетер мұратқа» деген өсиетінің өзектілігі күннен-күнге өсе түсуде.

«Мұғалім мамандығы — барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді.

Ұстазға құрмет — адамзатқа міндет.

«Адамның адамшылығы  — жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір жолында жаңылыс таппай, болашақ бағдарынан таймасы анық.

Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу, білімді ел болашағы, халқымыздың келешегі — қазіргі ұстаздардың қолында. Жаһандану заманында ұлт­­тық бәсекеге қабілетті болудың көрсет­кіші білім-ғылым деңгейімен өлшенеді. Сондықтан әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жү­йе­сін халықаралық биікке көтеру — кезек күттірмейтін өзекті мәселе.

Білім сапасын жоғары деңгейге көтеру бағытындағы жұмыстарды әлі де болса жетілдіре түсуіміз керек. Бұл үшін мүмкіндіктеріміз көп. Соны тиімді пайдаланған жөн.

Мектептегі ең үлкен мәселе — тәрбие. Бала тәрбиесіне тек қана мектеп пен мұғалім емес, ата-ана, қоғам болып жауап беруге тиіс.

Мерейлі мереке қарсаңында баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге шығармашылық табыс, бастамаларыңызға сәттілік, бақ-береке тілеймін!

Мерекелеріңіз құтты болсын!

Ақтөбе облысының әкімі

Оңдасын ОРАЗАЛИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button