Басты жаңалықтар

29 жастағы ойылдық екпе алып, автокөлік ұтып алды

30 қыркүйекте облыс тұрғындарының арасында өткен «Екпе ал да, автокөлік ұтып ал» акциясы өз мәресіне жетті. Акция аясында ойнатылған екінші «Chevrolet Cobalt» автокөлігін ойылдық азамат ұтып алды.

Облыс әкімдігінде өткен салтанатты рәсімде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев төрт айға созылған науқанның соңғы жүлдегерлерін марапаттады.

Басқарма басшысы індетке қарсы күресте өңірімізде белсенділік танытқан тұрғындарға ризашылығын білдіріп, пандемияның алдын алуда бірлесіп жасалған жұмыстың жемісті боларына сенімді екенін атап өтті.

Біз халықтың көпшілігі індетке қарсы вакцинаны алып, өз денсаулығына немқұрайлы қарамағанына ризамыз. Бұл сыйлықтар сіздердің акцияға қатысқаныңыз үшін марапат ретінде беріліп отыр. Біз үшін, дәрігерлер үшін, ең бастысы — ұжымдық иммунитетті қалыптастыру, азаматтарымыз вакцинаның пайдасы бар екенін түсіну қажет, — деген басқарма басшысы 12 жүлдегерге смартфон, планшет, смарт-сағат және велосипед табыс етті.

Ал шара соңында ең басты сыйлық — «Chevrolet Cobalt» автокөлігінің кілтін 29 жастағы ойылдық азамат Ернұр Ізғалиевке табыстады.

Ернұр Ойыл ауданында туып-өскен. Қазір Ақтөбе қаласында құрылыс саласында жұмыс істейді. Отбасында екі бала тәрбиелеп отыр.

  • Мен вакцинаны жазда Әуе қалашығы ауданындағы №7 қалалық емханадан алдым. Ресейлік «Sputnik V» екпесін салдырдым. Ұйымдастырушылар хабарласқан кезде жеңімпаз екеніме сенбедім, бірақ кейін қатты қуандым. Міне, осы акцияның арқасында көлікке қолым жетті. Сол үшін облыс әкімдігіне, облыстық денсаулық сақтау басқармасына ерекше ризашылығымды білдіремін, — дейді Е.Ізғалиев.

Айта кету керек, 25 маусымда басталған акция аясында ондаған адам бағалы сыйлықтарға, екі адам автокөлікке ие болды. Алғаш рет «Chevrolet Cobalt» автокөлігін Қарғалы ауданының тұрғыны Артем Чепкий ұтып алған болатын.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button