Басты жаңалықтарМәселе

Шалқардың мұңы —  көлі мен құмы

Биыл облыс тарихында алғаш рет қолға алынған ең ірі жоба —Шалқар көлін тазарту жұмысы.  Көл суының әрбір текше метрін есептемей-ақ қысқаша айтсақ, бестен бір бөлігі ғана қалған. Жаз бойы көл тазартылып жатыр. Алайда шалқарлықтардың мердігерлер жұмысына көңілі толмай отыр. Ал мердігерлер болса, заң аясында, құжатта көрсетілген сызба бойынша жұмыс істеп жатқандықтарын түсіндіріп бағуда. Сонымен, тұрғындардың уәжі қандай? Шу неден шықты? Алыпқашпа әңгімелерге құлақ түрмей, қос тараптың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, Шалқар көлінің басындағы тазарту жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын өз көзімізбен көріп қайттық.

«Ойыл қайда, Жем қайда?» деп жүргенде,«Шалқар көлін де жоғалтып алмасақ игі еді» деп алаңдайды жергілікті  халық. Бұған себеп те бар. Көл тазарту жұмыстары басталғанда әжептәуір суы бар Шалқар көлінің бір бөлігі — Оразбай көлі қазір тартылып қалған.

Сол жерде тұрған сусорғыш екі земснаряд көл суын жағаға айдағанда, деңгейі бірден түсіп кетіпті.

Түсіндіріп айтсақ, көл тазартудағы негізгі техника земснарядболып саналады. Су астындағы лайды суымен қосып жағадағы тоғанға айдайды. Сол жерде лай тұнып, суы кейін қарай көлге ағып кетуге тиіс. Бірақ жағаға шыққан судың көп бөлігі сол жерге сіңіп кетіп жатыр. Ал тұрғындардың айтуынша, земснаряд тек қаладан облыс басшылары, сенат депутаттары, комиссия келетін уақытта ғана көз алдайтыны болмаса нақты жұмыс атқарып тұрған жоқ. Себебі жағаға шығарылған лайдың үйіліп жатқанын ешкім көрмепті.

Басында Шалқар көлі тазартылады дегенде, су астындағы қалыңдығы метрден асқан лай түгел шығарылады деп ойлаған жұрт олай емес екендігіне көз жеткізгеннен кейін наразылық танытты.

Бұл жерде бір кілтипан бар. Түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмеген сыңайлы. Көлдің ортасы тазармайды. Жобада тек белгілібір мөлшергедейін жағалауы, жағадағы қамыстары алынады. Ал тұрғындар бұған қарсы. Көлдің қазан шұңқыры тазартылмаса, бәрі бекер дейді. Мердігер компания болса, тек жоба бойынша жұмыс істейтінін түсіндіріп әлек.

Сонымен, қай тұстан қате кетті? Сарапқа салсақ, екі жақты да кінәлай алмаймыз. Бұл жерде жобадағы сызба «қолбайлау» болып тұр. Егер мердігер компания тұрғындардың көңіліне қарап, жобадағы «сызықтан» әрі аттап, көрсетілмеген жерге техникаларын түсірсе, заңсыз болып есептеледі. Әрі шығын. Ақшасы солай есептелінген.

Бірержыл кейін шегініп, түйінді мәселенің түбіріне тағы бір үңілейік. Сонда түсінікті болады.

Шалқар көлін тазарту жұмысының жобалық сметасы 2019 жылыжасалған. Ол кезде көл суы қазіргіден көп. Ал земснаряд болса тек суы бар жерде жұмыс істейді. Алайда 3 жылбұрынғы суы бар жерлер тартылып, кейін шегініп кеткен. Жоба бойынша земснарядтар түсуге тиіс жерлерде су жоқ, болсада өте таяз себепті олардың жұмысы өзгерген. Енді земснаряд тұруға тиіс жерлер құрғап кеткендіктен оны механикаға ауыстырған. Яғни земснаряд емес, басқа техникалармен алынады. 2019 жылмен салыстырғанда көл суы 50 метрге дейін шегініп кеткен. Қазіргі таңда суы тартылып кетсе де, жағалаудыңтопырағы метр тереңдікке дейін алынуда.

Міне, тұрғындардың земснарядтардың лайды шығаруы мардымсыз деуі осыдан көрінсе керек.

Әрине, екі жақтың да пікірі дұрыс.  Қайткен күндеде жеке бастың шаруасы емес, бәрінің алаңдайтыны — ортақ көлдің жайы.

Сол үшін Шалқар аудандық әкімдігінде кездесу жиыныболды. Ондабелсенділер мен мердігерлер жүзбе-жүз отырып істің жайын талқылады. Тұрғындардың ұсынысы тыңдалды. Барлығыда ескерілетін болды.

Шалқар көлінің қазан шұңқырлары тазартылып, көздері ашылуы керек. Жұмыс істелмей жатқан жоқ. Жасалып жатыр. Бірақ мердігерлер жұмысын бітірген соң кетіп қалады.  Осы көлдің игілігін көретін — біз. Ұрпағымыз. Сондықтан сапалы істелгенін қалаймыз, — дейді тұрғындар.

Көлді тазартып жатқан «Толағай-2050» ЖШС директорының өндірістік жөніндегі орынбасары Рашид Сламбектің айтуынша, жобаға өзгерістер енгізіліп жатыр. Жергілікті халықтың пікірімен санасып, көлді тазарту жұмыстарын жалғастыра бермек.

Жұмыстың ұзақтығы — 17 ай. Қазіргі таңда 600 мың текше топырақ шығарылған.

Бұл жалпы жұмыстың 25 пайызын құрайды.

Қаланың соры құрғай ма?

Мердігерлер қандай құрылыстар жүргізсе де, сол жерге жобадан тыс өздерінің есебінен жасап беретін жұмыстары болады. Жергілікті әкімшілікпен бірлесе отырып істеліп жатқан мұндағы жұмыстардыдажоққа шығаруға болмайды. Көл табанынан алынған топырақтар қайда төгіледі? Әрине, оның да кәдеге жарайтын тұстары көп. Ең алдымен, Газшылар қалашығындағы көл жағасыедәуір тартылып қалған. Сол жер тегістеліп, биіктетіледі. Алдағы уақытта бұлжерге тал егіліп, саябақ салынбақ. Қамысы қурап, қоқыс алаңына айналып келген солжерге саябақ түссе, қаланың көркін ашады. Одан кейін қала ішіндегі 12 гектар сор бітелді. Оның өзіне 40 мың шаршы метр топырақ төселген.

Біз бұлжердің аумағын біраз тереңдетеміз. Өйткені бұл жағы биіктеу болғасын су әрі қарай кетіп қалады. Су аз келеді. Егер метр тереңдікке дейін алынса, су айналымы жақсы жүріп, жағалаудан біразға дейін су кетпейді. Әрине, нөпір су болмаса, Шалқар көлі 1 жылда бұрынғы арнасына келе қоймайды. Оған кемінде 5-6 жыл керек. Ал жоғары жақтан келетін судың мөлшері жыл сайын азайып жатыр. Барлық жағалауға су баруы үшін біз осылай амалға көштік, — дейді мердігерлер.

Ендігі мәселе — қаланың ортасындағы сор бітелуге тиіс. Беті тұзға айналып кеткен сордан жаздың ыссы күндері жағымсыз иіс шығады.

Алайда  аумағы 35-40 гектардай жерді алып жатқан үлкен сорды бір жылда бітеу мүмкін емес. Бірақ көлден шыққан топырақ осы жерге төселе береді.

Сордың бітелуіне қарсылық білдіріп отырғандар да жоқ емес. Шалқар — 50 мыңдай халқыбар үлкен аудан. Сондықтан әртүрлі пікірлердің туындауы да заңды.

Шалқар көлін тазарту жұмыстарын бақылауда ұстап отырмыз. Тұрғындардың тілегі қарастырылады. Олардың айтқандарын жобаға енгізужұмыстары жүріп жатыр. Жыл аяғына дейін шешіледі.Көлдің ортасын тазарту жайы да ескерілген, — дейді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров.

Су жолы тереңдетіледі

Көлдің жайын жергілікті тұрғындардан артық ешкім білмейді. Көлдің тағдыры жоғары жақтан келетін қар суына тәуелді. Дегенмен сол көлге құятын судың деңгейі қандай? Бершүгір тауларынан бастау алатын бұлақ-бастаулар қар суымен толығып, көлге  құяды. Бірақ салалардағы су Шалқарға жетпей, орта жолдан қиылып, үзіліп қалады. Немесе кеуіп кетеді. Міне, шалқарлықтар осы сужолын дұрыстау керектігін әубастан-ақ көтерді. Орынды ұсыныс. Шалқарға бірнеше шақырым қалғанда үлкен жайылма бар. Жоғарыдан келген судың көп мөлшері солжерге жайылып кетедіде, аз бөлігі ғана көлге құяды. Бұрынғы судың жолы биіктеп, бітеліп қалған.

Сайдың терең жерінде су қалып, жаздай құрғап кеуіп, балығыда құрып кетеді. Сондықтан су жолының бітелген тұстарын ашып, арық қазу керектігі бұрыннан айтылып жүр. Оған техника мен қаражат қолбайлау екені айтпасада түсінікті. Енді Шалқар көлін тазартып жатқан мердігерлердің техникаларын пайдаланып, солжерді дұрыстап алуға келіссөздер жүріп жатыр. Тұрғындардың басты талабы —осы. Ұзындығы 2-3 шақырымдай сайдың табаны жермен бірдей боп кеткен. Сол жерді аршыса, келген су далаға жайылмай, бөгелмей, Шалқар көліне құяр еді. Бұл ұсыныс қолдау тауып, мердігерлер жасап беретін болды.

Расында да, су жолы бітелген. Көлге қарай ойыс жоқ. Сондықтан су кері кетеді. Қалып қойған сужазда құрғап, орнына шөп те шықпайды.  Кемінде биіктігі 30 сантиметр, ені 3, ұзындығы 5 шақырым жерге дейін жайылады. Осы жерде шамамен 5 миллион текше метр су қалып қояды. Бұл дегеніңіз, қазіргі Шалқар көлімен  бірдей. Біз бұл жұмысты істеп береміз. Енін 10-15 метр, тереңдігін 1 метр етіп, одан шыққан топырағымен екі жаны биіктетіледі.

Бұған техникаларымыз сай. Бірақ негізгі жұмысты тоқтатпаймыз. Тұрғындар сабырлық танытса дейміз. Арнайы топ ашып, біздің техникалардыжалдауға, жанармайға қаражат жинап жатыр деп естідім. Бірақ бір тиын да алмай, өз есебімізден жасап береміз. Өйткені халықтан жиналған ақша біздің бір күндік жұмыстың жанармайына ғана жетеді. Ол жердің кемінде 15-20 күндей жұмысы бар, — дейді «Толағай-2050» ЖШС директорының орынбасары, нысанның басшысы Рашид Сламбек.

Міне, әңгіменің ашығы — осы. Сын айтушылар қай кездеде болады. Сол сыннан сабақ алып, мінін түзеуге тырысқан мердігерлердіңде жұмысын жоққа шығармақ емеспіз. Көл тазарып жатыр. Шалқар тек шалқарлықтардың ғана меншігіндегі зат емес. Ортақ қазына, облыстың байлығы, көркі, мақтанышы. Сол көлді қорғауға қарапайым еңбек адамынан бастап, биліктің тізгінін ұстағандарға дейін ат салысып жүргенін көз көріп отыр. Аудан әкімі Жанболат Жидеханов Бершүгір тауларындағы қиыршықтас өндіретін зауыттарға арнайы барып, бұлақ көздерінің бітелмеуін, су ағатын тұстарды кеңейтуді тапсырғанын айтты.

Айтпақшы, көл тазарту жұмыстары басталғанда астындағы балықтың жайы да алаңдатпай қоймады. Бірақ  жұмысшылар  су сорғанда лаймен бірге араласып шығып жатқан бірде-бір балық көрмепті.

Сол көлде балық өсіріп отырғаншаруалардан да шағым түспепті. Су астындағы балыққа кесірі тимейтіні көңілді  бір демеп қойды.

Тендердің тәлкегі — тамырсыз тал

Суы азайғанымен, Шалқарда құм көп. Ұлы Борсықты жағалай қоныстанған ауылдар құмнан қиындық көре бастады. Құмның іші малға жайлыболғанымен, ауылдарға зардабын тигізіп отыр. Бірнеше ауылды құм басу қаупі бар. Кейбір ауылдарға жеңіл көлік бара алмайды. Шалқар ауданының Жылтыр, Бозой, Жаңақоныс, Айшуақ, Аяққұм ауылдары құм көшкініне тосқауыл бола алмай тұр. Оның бір ғана амалы — ағаш егу. Бірақ бұл шаруаға ауыл тұрғындарының әлі келмейді. Жергілікті әкімшіліктен там-тұмдап қаражат бөлінгенімен, құмға сіңген судай болып, нәтижесі көрінбейді.

Шалқар ауылдық округінің орталығы Жылтыр ауылын құм қоршап жатыр. Шет жағындағы Мәдениет үйінің құм қоршауында қалғанына біраз жыл болыпты.

Мектептің де алдынан құм борайды. Жыл сайынғы құрғақшылық, ылғалдың аздығы құмды «арнасынан» асырып, ауылға дендеп кіруін тездетуде.

Жергілікті тұрғындардың көзі үйренгенімен, сырттан келген қонаққа ауылдық клуб құм астында қалғандай көрінеді.

Сәл жел үрсе болды,  құм боран соғып тұрады. Ауыл әкімі Қаржау Қалжанның айтуынша, бұрынғы төрт қабырғасы ғана қалған ескі асхананы иесімен келісіп, әдейі бұздырмай отыр. Егер ескі асхана бұзылса, сол тұстан құм ауылға лап бермек.

Құмға техника көмектеспейді. Қаншажерден тазартып шығарғанымен, келесі жылы солжерге қайта үйіліп тұрады. Құмды тек қана тал егіп тоқтатуға болады. Жылтыр ауылының сырт жағында ені 100 метр, ұзындығы 2-3 шақырымдай қоршау бар. Бұрын тал егіледі деп жоспарланған. Алайда мемлекеттік сатып алу арқылы қолға алған кәсіпкер тал шығара алмай, кетіп қалыпты. Сол қоршаудың ішіне тал егу жұмыстары биыл жүргізілді. Көктемде 1000 түп терек отырғызылған. Суарып, қадағалап отырғанныңөзінде оның 500 данасы ғана көктеген.

Бастапқыда ауыл тұрғындары жұмылып, жеке көліктерімен су тасып құйған. Артынша одан да нәтиже болмапты. Тасып құйған су талды шығара алмасы анық.

Ендігі үміт — сол жерге ұңғыма құдық қаздыру керек.

Басты қиындық суболып тұр. Биылғы жаз өте ыссы болды. Әупіріммен егілген талдардың жартысын шығардық. Бірақ өседі деп айтуға әлі ерте. Жас көшеттерге кемінде 3 жыл күтім керек. Өзімді қосқанда әкімшілікте 7-ақ адам жұмыс істейміз. Сенбілік ұйымдастырамын. Мұғалімдерді жұмсауға құқымыз жоқ. Бірақ ауыл тұрғындары жаппай көмектерін беріп жатыр. Тал шығару оңай шаруа емес. Сексеуіл егу үшін де арнайы маман болмаса, кез келген адам шығара алмайды екен. Оның да өз тәсілдері бар. Тек қолымыздан келетіні шелектеп суару ғана,— деп ашығын айтты ауыл әкімі.

«Үлкен Борсық» орман шаруашылығы мекемесінің директоры Исатай Көмекбаев та әр ауылға тал өсіретін бір маман керектігін айтады.

Тал егу жұмысын тұралатып тұрған тағы бір мәселе, тендерді басқа жақтың адамдары ұтып алады. Сол ұтып алған кәсіпкер сексеуілдің не екенін де білмейді. Бірде Қарағанды облысынан сондай бір азамат маған телефон шалып ақыл-кеңес сұрады. Күлкілі. Талда мал сияқты. Баптасаң, күтсең ғана өседі. Біздің шаруашылықта талдың бірнеше түрі бар. Тал егу құмға шанши салу емес. Оның артынан сұрауы болуға тиіс. Суарылуы керек. Жасыратыны жоқ, тендерге республика бойынша түскесін басқа облыстың адамы келіп егеді. Бірақ жер жағдайын, климатына қарап зерттеп алмағасын,  арты сұйылып кетеді, — дейді ауданның бас орманшысы.

Сөзінің жаны бар. Бүгінгі күні көп жұмыстарға көлеңке түсіріп отырған тендердің талдың тамырына балта шауып жүргені ащы да болса ақиқат.

Егер қаражатын орман шаруашылықтарына берсе, олар көгалдандыру жұмысын жандандырары анық. Әрі пайдасы да көп.

Құм көшкінін тоқтату үшін тал егу жұмыстарымен жергілікті жердің бағбандары айналысса, нәтиже болар еді. Оған мүмкіндік те бар. Қазір облыстағы орман шаруашылықтарына жағдай жасалып, көңіл бөлініп отыр.

Биыл облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қолдауымен 3 жаңа техникаға қол жеткіздік. Жұмысшыларды таситын автобустың да мәселесі шешілгелі тұр. Бұл — үлкен көмек. Ауылдарға сексеуіл, жүзгін ағаштарын отырғызу керек. Оның да әдістері бар. Кейбіреуі мамыр, маусым айларында егеді. Өйткені тендер сол кезде ойнатылады. Бұл уақыт тым кеш. Ағаштарды ертерек көктемей тұрғанда еккен жөн. Ал көктегеннен соң еккен ағаштардың шығымдылығы өте төмен болады. Боташ деген жерде 160 гектар жерге сексеуіл егеміз. Ол үшін қыс айларында мұз дайындап, ерте көктемде топырағын мұзбен бірге қатырып тастаймыз.Кейін қазып алғанда көктемей тұрады. Міне, көктемей тұрып еккен ағаштар тез өседі, — деп, өзінің орман шаруашылығы саласындағы 22 жылдық тәжірибесімен бөлісті «Үлкен Борсық» орман шаруашылығы мекемесінің директоры Исатай Көмекбаев.

P.S. Шалқарда көл де бар, құм да бар, малда бар. Бір өкініштісі, табиғаттың әсерінен көл тартылып, құм басып жатыр. Керісінше болса ғой. Жалпы, бұл — облыстың барлық өңіріне тән жағдай. Қоршаған ортаның құбылысы адамдарды осындай тығырыққа тіреп отыр. Құм тазарту көл тазартудан қиын болып тұр. Бәріне уақыт емші. Қаншажерден талап қойсақ та, адамзат табиғаттың тосын мінезінің алдында әлсіз. Сондықтан орынсыз пікірлерге жол бермей, істеліпжатқан жұмыстарды жақсылыққа жориық.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button