Басты жаңалықтар

Бірлескен жұмыс тиімді

Бүгінгі күні үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс жасау, оларды қоғамдық шаруаларға кеңінен тарту, сөйтіп, әлеуметтік мәселелерді шешуде күш біріктіру маңызды міндеттердің бірі болып отыр.

Облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінованың төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің отырысында осы мәселе қаралды.

Еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығы тұсында қоғамдағы ұрпақтар сабақтастығы, түсіністік, мақсат бірлігі, көзқарастар айқындығы мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы ұстанымды алға тартқан жиналыс төрағасы жиналғандарды ашық әңгімеге шақырды.

Жиынға кеңес мүшелерімен қатар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, облыстық басқарма басшылары қатысты. Сондай-ақ аудандардың әкімдерінің орынбасарлары, аудандық ішкі саясат бөлімдерінің жетекшілері бейнеконференц арқылы қосылды.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен байланысы және проблемалық мәселелері туралы баяндады.

— Қазіргі уақытта азаматтық бастамаларды қолдау маңызды болып отыр. Біздің облысымызда 776 қоғамдық бірлестік тіркелген. Оның басым көпшілігі облыс орталығында. Биылғы жылы әлеуметтік тапсырыс бойынша 783 миллион теңге бөлініп, 102 жобаны жүзеге асыру көзделді. Бұл үкіметтік емес ұйымдарды іске тартудың, олармен ынтымақтастықта жұмыс істеудің нақты көрінісі болса керек, — деп атап көрсетті ол.

Жүзеге асырылып жатқан жобалардың тиімділігіне қазіргі уақытта сараптамалар жүргізіледі. Бүгінгі күні көптеген шаралар бір реттік ауқымда орындалады. Мәселен, осындай бағдарламаларға сәйкес Темір ауданында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша бейнероликтер түсірілді.

Жалпы алғанда үкіметтік емес ұйымдар атқаратын шаруалар аз емес. Аз қамтылған отбасыларға көмектесу, жұмыссыздықты жою, мүгедек жандарға қамқорлық жасау, тағы да басқа іс-шаралар күн тәртібінен түспейді.

Қазақстанның киелі жерлеріне саяхат жасау сияқты рухани шаралар кең ауқымда жүргізілуге тиіс.

«Қайырымды істер» марафоны жұртшылық арасында кеңінен қолдау тапты. Биылғы жыл басынан бері 450-ден астам қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, оның игілігін он бір мыңнан астам адам көрді. Жалпы, шараларға 60 миллион 480 мың теңге жұмсалды.

Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорға уақтылы мәліметтер тапсыруы жөнінде сын айтылды.

Жиында үкіметтік емес ұйымдар ассоциациясының президенті Айгүл Дүйсенова сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол жекелеген ұйымдардың белсенді іс-қимылдарын атап көрсетті. Сонымен бірге орын алып отырған проблемаларға да тоқталды. Мәселен, үкіметтік емес ұйымдардың бір баспана астына бірігіп орналасуы, мемлекеттік тапсырыстарды кейде басқа өңірлердегі ұйымдардың жеңіп алуы сияқты жайларды қозғады.

«Shaniraq Aqtobe» қоғамдық қорының төрағасы Еділ Аймағамбетов те күн тәртібіндегі мәселе бойынша ойларын ортаға салды.

— Біздің қоғамдық қор 2018 жылы құрылған болатын, — деді ол. — Содан бергі уақытта көптеген жұмыстар атқарылды. Мәселен, «Мектепке жол» аясында үш жыл ішінде 600 балаға оқу-құралдары алынып берілді. «Береке» жобасы аясында 400 аз қамтылған отбасыға азық-түлік себеттерін тараттық. Қыс мезгілінде газ жүйесіне қосылмаған қала тұрғындарының үйлеріне 173 тонна көмір түсіріп бердік. Емханаға сырқат балаларды емдеуге қажетті құрал-жабдықтар алынды.

Қор төрағасы бұл ретте жергілікті атқарушы билік органдарының қолдау-көмегі аз болмағанын ризашылықпен айтты.

Жиын қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова айтылған ұсыныс-пікірлердің ескерілетінін, ең бастысы, ортақ мақсатқа жұмылып жұмыс жасау тиімділік беретіндігін сөз түйіні ретінде айтты.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button