Жаңалықтар

Жастарды еңбекпен және жатақханамен қамту мәселелері қаралды

Сейсенбі күні Nur Otan партиясы облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.

Отырыстың күн тәртібінде «Жасыл ел» жобасы аясында жастарды еңбекпен қамту, Елбасының бес әлеуметтік бастамасы шеңберінде жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселелері қаралды.

Басқосуда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Мәди Кемешов биыл «Жасыл ел» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.

Оның айтуынша, биылғы еңбек маусымында облыста 1020 жас жұмыспен қамтылған. Бұл мақсатта бюджеттен 74 млн теңге қаржы бөлінген. Бүгінге дейін облыс орталығында 582, аудандарда 438 жас еңбек еткен. Олардың күшімен өңірде 400-ге жуық ағаш егіліп, 50 тонна қоқыс шығарылған. Ақтөбе қаласында және аудандарда 160 гектар аумақ көгалдандырылған.

— Біздің облыстың штабы «Жасыл ел» жауынгерлерінің саны, жалақы мөлшері, жұмыстарды ұйымдастыру деңгейі жағынан өңірлер арасында алдыңғы орында тұр. Биыл «Жасыл ел» құрамында еңбек еткен жастарға 80 мың теңге мөлшерінде  еңбекақы төленді. Келер жылы жобаны жүзеге асыруға 85 миллион теңге бөлінбек. Осыған сәйкес бағдарлама бойынша жұмысқа алынатын жастардың саны да көбейеді. Жоспарға сәйкес келер жылы 1200 жас еңбекпен қамтылады, — деді М.Кемешов.

Айта кету керек, биылғы еңбек маусымының үздіктері қазан айында марапатталады. Биыл да дәстүрге сәйкес 30 жасқа елордаға 3 күндік сапарға тегін жолдама беріледі.

Бұдан кейін жиында облыстағы жоғары оқу орындарының өкілдері студенттерді жатақханамен қамту бойынша есеп берді.

Мәселен, бүгінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде 2200 орындық 4 жатақхана бар. Қазір бұл жатақханаларда 1800 студент тұрып жатыр. Әзірге бұл оқу орнында студенттерді жатақханамен қамтуда ешқандай мәселе жоқ. Ал С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде жалғыз жатақхана бар. 204 орындық жатақханада биылғы оқу жылында 57 жас тұрып жатыр. Сондай-ақ жатақхана жанында емхана жұмыс істейді. Онда студенттер медициналық тексеруден өтеді. Қазір оқу орны Батыс-2 шағын ауданында 500 орындық бес қабатты жатақхана салып жатыр. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады деп жоспарланған. Биыл бұл оқу орнында 1003 студент білім алуда.

Отырыс соңында қоғамдық кеңестің мүшелері күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндамашыларға өз сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button