Әлеумет

Мейірімді жандардың қайырымы

Ақтөбе облысы волонтерлер лигасының мүшелері және АЗФ жастар кеңесінің белсенді жастары Ақтөбе қаласында тұратын жалғызілікті әженің үйінің төбесін жауып, тұрмыстық шаруаларына көмектесті.

Өмірдің қатаң соққысына тап болған Татьяна әже қазіргі таңда шағын жер үйде жалғыз өзі тұрады. Өкінішке қарай, туыстары жоқ. Қос қанаты екі баласының бірінен былтыр айырылып, енді бірінің түрмеден шығуын күтіп отыр.

Татьяна әже қолға тиген ақшаның күнделікті тамағынан-ақ ауыспайтынын айтады. Өзінің айтуынша, алатын зейнетақысы  — 35 мың теңге. Оған қоса төрт жылдан берібір жерде еден жуады екен, ол жерден алатын жалақысы — 60 мың теңге.

— Бір күні маған Татьяна әженің көршісі хабарласып, әже тұратын үйдің жағдайының нашар екендігін және оны жөндеуге жағдайы жетпейтіндігін айтып, бізден көмек сұрады. Содан кейін ақпараттың рас-өтірігін тексеріп, Татьяна әженің көршілерімен сөйлесіп, ол кісі туралы жақсы пікірлердің көптігін алға тарта отырып, командамызбен барынша көмектесуге тырыстық. Атын көрсетпеуді қалаған мейірімді жан құрылыс заттарын беріп, АЗФ жастар кеңесінің тепсе темір үзетін ер азаматтары жөндеу жұмыстарымен айналысты. Осылайша ауызбіршілігіміздің арқасында бір жанның қуанышына себепші болдық, — дейді облыстық волонтерлер лигасының мүшесі Зульфия Набиулина.

Айта кетейік, қазіргі таңда облысымызда жүзге жуық волонтерлік топтар түрлі бағыттар бойынша қоғамда жақсылық жасап жарысуда. Олардың басты мақсаты — қолдан келгенше мұқтаж жандарға көмектесу және қоғамдағы волонтерлік брендті қалыптастыруға атсалысу.

 Мирас ЖӘРДЕМОВ,

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button