Адамды адам еткен…

(үзік сырлар)
Қазақтың қайталанбас ұлы қаламгері, көрнекті ойшыл Әбіш аға Кекілбайұлының «Адамды адам еткен — кітап, адамзат еткен — кітапхана» деген қанатты сөзі бар. Бұл Алматыдағы Ғылым академиясы кітапханасының мерейтойына байланысты шығатын кітапқа алғы сөз ретінде жазылып еді; ағаның асыл сөзінің жазылуының, жарық көруінің басы-қасында болып, көзбен көргендікі ме, қолыма кітап алсам болды — «адамды адам еткен…» деген сөздер бірден ойыма оралады… Осы сөздерді Қазақстандағы әрбір кітапхана мен кітап дүкенінің маңдайшасына жазып қойса қайтер еді?!.
Атақты Виктор Гюгоның ойынша, шынайы интеллигент болып қалыптасу үшін адам жылына кемінде бір мың кітап оқуы керек екен. Ал қазақтың ұлы ғалымы Әлкей Марғұлан, әзіл-шынын кім білсін, бір әңгіменің орайында, «ғалым боламын деп он мың кітап оқыдым» депті. Бұл реттегі мәселе — кітаптың санында емес, кітап оқу арқылы білімдарлықты арттыру жайында болса керек. Ақпараттық технология қанша жетілсе де, кітапты ештеңе алмастыра алмайды. Кітап бәрібір оқылады, оқылмай тұрмайды. Ол білім бұлағы болып қала береді. «Кітап оқуды қойған адам ойлауды да қояды» дейді Д.Дидро.
«Буккроссинг», орысша айтқанда «книговорот», қазақшасы — «кітаптың шыр айналып жүруі». Оның мәні — жақсы кітапты жұрт көп жүретін жерде әдейі «ұмытып» кету, сөйтіп, оның елге таралуына ықпал жасау. Еуропада, АҚШ-та кең қанат жайған осы қозғалыс Ресейде өріс алып келеді. Сондай-ақ көрші елде пайдаланыла бастаған «библиобусты» да кітап тарату мен насихаттау жолындағы жаңалықтардың бірі деуге болады. Ол — Еуропа мен АҚШ-та бұрыннан дәстүрге айналған іс. Бұл — жылжымалы кітапхана деген сөз. Соғыстан кейін бұрынғы Кеңес Одағында кітапхананың бір түрі ретінде осындай кітапхана-автомобильдер болыпты.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғына қарай бір ғана Ресейде үш жүзден астам жылжымалы кітапхана жұмыс істепті. 2007 жылдан бастап Мәскеуде де «библиобус» пайда болды. Бұл — отырғыштары мен жолаушыларының орнына кітап сөрелері орнатылған кәдімгі автобус. Көшпелі кітапхана. Көше-көшені аралап, оқырмандарға кітап таратады, олардан тапсырыстар қабылдайды, мерзімдік басылымдарға жазылуды ұйымдастырады, оқырмандардың тікелей автобус ішінде отырып жаңа шығармалармен танысуына жағдай жасайды, бір сөзбен айтқанда нағыз, кітапхананың рөлін атқарады. Бұл — ойдан шығарылған жаңалық емес, бұрыннан бар дәстүрді жаңғырту. Қазіргідей кітап оқу азайып кеткен заманда кітапты оқырманға жақындатудың тиімді жолы.
Түптеп келгенде, «буккроссинг», «библиобус» әдістері — Ресей елінің рухани салаға салмақты қарай бастағанының белгісі. Мысалы, 2016 жылы «Домодедово» әуежайында «буккроссинг» орталығы ашылды. Халық үшін, жан азығын жаңғырту үшін пайдасы бар осындай тәжірибені біз де өз мақсатымызға пайдалана білсек қой, шіркін! Бірер жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газеті арқылы «Астананың азат кітабы» акциясын ұйымдастырып,«буккроссинг» ісін өзімізше жалғастырайық деп ұсыныс білдіргенім бар-ды. Бірақ мәдениет, тіл, білім беру саласының мекемелері мен қызметкерлері тарапынан іждағатты зейіндеу сезілмеді… Сөйтіп, өз пікірім өзімде қала берді… («Ақтөбенің азат кітабы» деп те атауға болар ма еді?!)
Ақпарат құралдарынан «Буккроссинг» акциясын өткізудің өзіндік тәжірибесі Атырау қаласында жалғасын тауып жатқанын ақпарат құралдарынан оқыдым. «Жастарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі ай сайын өткізетін бұл акция кез келген кітапқа екінші өмір беру мақсатын көздейді екен. Олар әр адамға үйіңіздегі өзіңіз оқып болған кітапты сөреде сүрлемей, басқа адамдардың да оқуына мүмкіндік жасаңыз деген идеяны ұстанған. Атыраулық кітап сүйермендерінің «буккроссинг» қызметіндегі елеулі ережесі бойынша шыр айналып жүретін басылымдар сапында саяси және діни кітаптар һәм оқулықтар бола алмайды.
Қазақстан әлеуметтанушылары жүргізген зерттеулерге қарағанда, отандастарымыздың төрттен бірі жылына бірде-бір кітап оқымайды екен. Екі жарым мыңдай адамға сауалнама таратылғанда, олардың арасынан жылына бірнеше кітап оқитындар 40 пайыздан сәл ғана асыпты; ал 15 пайызы бір жыл ішінде қолына бірде-бір кітап ұстамағанын мойындапты. Осы сауалнамадан жадымызға тұтып қалғанымыз — салыстырмалы түрде алғанда, Петропавл, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында кітапқа сұраныс жоғарылау болып шыққан; көп оқылатын кітаптар, негізінен, шытырман оқиғалы шығармалар екен; жұртшылық электронды кітаптарға бейімделіп бара жатқан сыңайлы.
Кітапқа байланысты және бір қызық дерек: бүгінгі таңда әлемдегі кітап сатып алатындардың жартысынан астамы 45 жастан асқан адамдар болып шықты; кітаптың 68 пайызын сатып алатын әйелдер екен; 4-6 жас арасы баланың кітап оқуға деген қызығушылығы жоғары кезең деседі, ал 6-7 жастан кейін оның кітап оқуы күрделірек болатын көрінеді; үшінші сыныпта жүгіртіп кітап оқи алмайтын баланың төрттен үші мектеп бітіргенше сол дәрежесінде қалады екен; оқырманның көпшілігі кітаптың 18-бетіне келгенде әрі қарай оқуға деген қызығушылығын жоғалтатыны байқалыпты; ескі заманда кітапхана сөрелеріндегі кітапты шынжырлап қоятын болған.
Ресейдің «Халықтық Пушкин қоры» қоғамдық ұйымы бір жылы екі томдық «Сто лучших поэтов России» жинағын шығарды. Осы жинақтың жүздеген данасын Қазақстанға тегін берсек деп өтініш жасады. Классикалық орыс әдебиетінің үлгілері іріктеліп жинақталған қос кітап орыс тілі мен әдебиетін тереңдете оқып-үйренуге сөзсіз ықпал етеді, әсіресе мектеп оқушыларының пайдалануына ыңғайлы етіп құрастырылған. Әрі мектеп үшін өте қажетті оқулық десе болғандай. Мұны ұрпақ болашағын ойлағандық деп түсінген жөн. Айтайын дегеніміз бұл емес, әрине. Ең бастысы — Ресейдегі орыс тілінің, орыс әдебиетінің көршілес републикаларға кеңінен таралуына деген жаппай мүдделілік. Ресейліктердің мемлекеттік тіліне орнатқан осы ықыласы мен қамқорлығының бір бөлігі біздің қандастарымызға да бұйырса ғой, шіркін! «Шалғай ауыл мектептерін, мектеп кітапханаларын қазақ тіліндегі жаңа шыққан әдебиеттермен толықтырайық» деп қай компания, қай фирма, қай қоғамдық ұйым бастама көтеріп, нақты іс тындырды?
Юн Чжан есімді қытай қызының «Жабайы аққулар: Қытайдың үш қызы» (Дикие лебеди: Три дочери Китая) деп аталатын кітабы 1991 жылы Ұлыбританияда ағылшын тілінде жарық көрді. Содан бері 32 тілге аударылды. 2008 жылы Санкт-Петербургте орыс тілінде жарық көрді. Бірақ әлі күнге дейін қытайша басылған емес. Мұның себебі бұл кітапта ХХ ғасырда Қытай басынан кешірген күрделі тарихи кезеңдердің үш әйелдің өмірі арқылы шынайы көрсетілетіндігінде болса керек. Кешегі шындық болса да, оны бүгінгі заман жаратпайтын кез болады ғой, кейде…
Түркістан мұғалімдер саминариясының 4-сынып тәрбиеленушісі Ишь-Мухаммедь Букин (Ешмұхамед Букин) деген бала 1883 жылы «Русско-киргизский и киргизско-русский словарь» құрастырып шығарады. «Киргиз» деп отырғаны өзіміз екені белгілі. Ал осы сөздікте: «библиотекарь — кітапшы» деп аударылған. Қазіргі орныққан аударма бойынша: «библиотека» – кітапхана; «библиотекарь» — «кітапханашы»; «Кітапшы» да бөтен сөз емес, біршама жылырақ, жақынырақ сезілетін тәрізді; бірақ бұдан кітапханашы атауын кітапшыға ауыстырайық деген ұғым тумаса керек. Айтайын дегеніміз — ХІХ ғасырда-ақ қазекеңнің осынау қадірлі кітапханашы кәсібін «кітапшы» деп өз жанына жақындатып атағаны ғой!
«Библиоклептомания» (грекше «библион» — кітап, «клепто» — ұрлау, «мания» — ессіздік, ақылсыздық) деген термин бар, осыдан шығарып кітап ұрлайтын адамды «библиоклептоман» деп атайды. Әлемге аты жайылған осындай баукеспенің бірі 268 кітапханадан 23 мыңнан астам сирек кітапты «көрсетпей сұрап алған» деседі. Бұл «библиоклептоман» өзінің 20 млн долларға бағаланған кітап қорын молайту үшін кітапханаларға ұрланып кірудің қилы-қилы қиын жолдарын меңгерген екен. Әлемдегі кітапқұмарлықтың бір түрі осындай…
Студент кезімізде Пушкин атындағы кітапханадан (қазіргі Алматыдағы Ұлттық кітапхана) кітапты «көрсетпей сұрап алғаны» үшін университеттің бір студенті тұтылды. Кітаптан бас алмайтын, көп сөйлемейтін, сабақты жақсы оқитын, мінезі қызық жігіт еді. Ол кезде «Пушкин» кітапханасына кіріп-шығуды милиция қызметкері қатаң қадағалайды. Осындай тексерістің бірінде әлгі студенттің оқып үлгермеген бірер кітапты жымқырып бара жатқаны белгілі болып қалады. Жатақханадағы бөлмесінен кітапхананың мөрі басылған және көп кітап табылады… Мәселе ушығып, студент оқудан шығарылатын болды… Алайда осы кезде университет басшылығы, ұстаздар қауымы, қоғамдық ұйымдар студенттің бұл әрекеті ұрлық жасаудан гөрі білімге деген, кітапқа деген құмарлықтан туғанын тиісті орындарға дәлелдей алды. Соның нәтижесінде біз білетін «библиоклептоман» оқуда қалып, кейін уақытымен университетті бітіріп шықты… Әрине, бүгінгідей кітап көп оқылмайтын заманда кітапханадан білімқұмарлықпен кітап ұрлағаны үшін тұтылған студенттің бір кездегі оқиғасы кейбіреулерге ойдан шығарылған сияқты сезілуі мүмкін-ау?!
Серікқали БАЙМЕНШЕ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
(Арнайы «Ақтөбе» газеті үшін)



