Жаңалықтар

Сарыбұлаққа газ берілді

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Қобда ауданында жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында ол Сарыбұлақ ауылында газ құбырын іске қосу рәсіміне қатысты.

Үш ай бұрын келген қуаныш

Сарыбұлақ — облыс орталығынан 156 шақырым қашықта орналасқан ауыл. Мұнда 141 шаңырақ, 640 тұрғын бар. Ауылда орта мектеп, балабақша мен медпункт жұмыс істейді. Клуб, кітапхана және спорт алаңы бар. 2012 жылы су жүйесі жүргізілген. Сарыбұлақта интернет байланысы да бар. Енді көгілдір отынның келуі ауыл тұрғындарын қуантып отыр.

Сарыбұлаққа газ тарту жұмыстарына бюджеттен 279 миллион теңге қаржы бөлінген. Жалпы ұзындығы 34 шақырым газ құбыры жүргізіліпті. Құбыр тартуды аяқтау желтоқсан айына жоспарланған екен, дегенмен ауыл тұрғындарына жылыту маусымын бірден көгілдір отынмен бастаудың қолайлы болатыны ескеріліп, әрі облыс басшылығының өтінішімен, жұмыстарды ерте аяқтауға күш салынған.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин тұрғындарға арнаған сөзінде:

— Биыл — Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы. Ауылға көгілдір отынның келуі — өркениетке қарай жақындай түсудің белгісі. Бұл — үлкен қуанышты оқиға. Сіздерді осы қуанышқа неғұрлым ертерек жеткізгіміз келді. Міне, сол ойымыз іске асып, бүгін өздеріңізбен жүздесу бұйырды, — деді.

Газ құбырын облыс әкімі мен ауыл ақсақалы Қасайын Бекбауылов қосты. Бұдан соң облыс әкімі ауыл қарттарының бірі Смағұл Баековтің үйіне соғып, көгілдір отынның тұрғындарға жеткенін көріп шықты.

Қасайын Бекбауылов ауыл тұрғындары атынан сөз сөйлеп, өзінің қуанышын, ризашылығын жеткізді, сондай-ақ облыс басшылығына: «Енді ауылымыздың жолы дұрысталса» деген өтінішін де айтты. Облыс басшысы аудан әкімі Болат Құловқа бұл мәселені назарға алуды, жолды жөндеу үшін қандай жұмыстар, қанша қаражат керектігін есептеуге кірісуді тапсырды. Бұл жерде сөз аудан орталығы мен Сарыбұлақ ауылын жалғайтын жол туралы болып отыр. Оның ұзындығы — 18 шақырым. Жол мәселесі таяу жылдары шешілуі мүмкін деген үміттен тұрғындар бірден-ақ абыр-сабырға көшті: «Жақсы болар еді-ау», «Жаңа көлік аламыз», «Жол дұрысталса, Қобдаға қатынап та жұмыс істеуге болады» — десіп жатты.

Қасайын аға бізге өзінің ауылдың болашағына алаңдайтынын да жеткізді:

— Мен осы ауылда туып-өскен адаммын. Жақсыны да, жаманды да көрдік. Кешегі 90-жылдардағы қиындықпен салыстырғанда қазіргі халіміз, әрине, едәуір озық. Дегенмен ауылда жастар тұрақтай бермейді. Мына газдың келуіне ерекше қуануымның себебі де ауылда жастарды ұстайтын жағдай болса екен деген тілектен еді. Газ келген соң көмір іздеудің, от жағып, күл алудың бейнетінен құтыламыз. Бірақ маған бейнеттен құтылудан гөрі, ауылдың жастар үшін тартымды, қолайлы бола түсуі маңыздырақ. Ауыл жастары ертеңіне сенімді болуы үшін табысы жақсы, тұрақты жұмыс керек. Соңғы кезде ол да болып тұр, дегенмен әлі де жұмыс орындары ашыла түссе деймін, — деді ол.

Ауылда 24 шаруа қожалығы, 1 өндірістік кооперация бар. Тұрғындардың 487-сі — еңбекке қабілетті жастағы жандар. Олардың кейбірі вахталық әдіспен басқа жақтарға қатынап жұмыс істейді. Қасайын аға алаңдаса алаңдағандай, мұндағы мектепте 67 бала ғана оқиды. Сарыбұлақтағы балалардың саны 100-дің айналасында ғана екен, яғни ауылда 141 отбасы болса, әрқайсысына бір баладан да келмейтін болғаны?..

Соңғы жылдары қала мектептерінде орын жоқ болса, ауылдарда, керісінше, бала санының аздығынан мектептің жабылып қалу қаупі төніп, дабыл қағылып жатады. Ал Сарыбұлақ «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында болашағы бар ауылдардың қатарына қосылып отыр. Сондықтан мұнда ауылды көркейтуге, оның тірлігін тіктеуге бағытталған істер жалғаса беретін болады.

Жалпы, облысымызда биыл ауылдарды газдандыру жұмыстарына 5,9 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бұл 14 ауылға газ апару үшін жұмсалады. Соның нәтижесінде, жыл соңында өңірімізде тұрғындардың газбен қамтылу көрсеткіші 92,6 пайызға жетпек. Естеріңізге сала кетсек, бұдан 30 жыл бұрын бұл көрсеткіш 40 пайыз ғана еді.

Тарих және туризм

Облысымызда туризмді дамыту үшін бірнеше бағыт бойынша жобалар әзірленген. Солардың бірі — Қобда бағыты.

Облыс әкімі жұмыс сапары барысында Бұлақ ауылында болып, қазақтың батыр қызы — Әлия Молдағұлованың туған жеріндегі музей-үйінің ашылуына қатысты. Шағын ғана музей Әлияның туған үйінің маңынан ашылып отыр. Мұнда болашақта келетін туристер үшін құнды мағлұматтар жинақталған. Осы жерде Әлияның ата-анасының суреті де тұр. Өкінішке қарай, ол кісілердің фотосуреттері сақталмаған. «Қос шынар» — Әлия, Мәншүк атындағы қайырымдылық қоры» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ғалымжан Байдербестің айтуынша, бұл суреттер олардың көзін көрген жандардың бейнелеуі, айтып отыруы арқылы салыныпты.

Мұндағы «Әлияның отбасы», «Әлияның туыстары» деп топтастырылып, суреттері ілінген жандар — өткен ғасырдың 30-жылдарына дейін осы топырақты мекен еткен, осында өсіп-өнген әулеттердің өкілдері. Бірақ 20-30 жылдардағы қудалаулар салдарынан жан-жаққа тарап, бытырап кеткен. Бүгінде бірі Ресейде, бірі Тәжікстанда, көпшілігі еліміздің әр қиырында жүр.

— Мысалы, Бақдәулет Өрбісінов Қарағанды жағында қызметте болды. Ол 2006 жылы дүниеден өтті. Көптеген құнды деректерді, соның ішінде Әлияның анасының жерленген жерін де сол кісіден білдік, — деді Ғалымжан Байдербес.

Әлияның туған ауылындағы музейін кәсіпкер Жолдас Сүйін салып берді. Бұл үлкен сауапты іске ол 10 миллион теңге қаржы жұмсаған.

Бұлақ ауылынан кейін облыс әкімінің іссапары Абат-Байтақ кесенесінде жалғасты. Биыл мұнда электр желісімен қамту және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол үшін облыстық бюджеттен 62 миллион теңге бөлінген. Қазір қорым түгел қоршалып, кірер ауызға үлкен арка салынған және кесенеге дейін тасжол төселген.

Осы жерде БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Оңдасын Сейілұлы:

— Біздің аймақта туристер үшін тартымды жерлер көп. Олар туристер үшін ғана емес, туризм саласын жолға қоюға, дамытуға атсалысатын кәсіпкерлер үшін де тартымды болуы керек. Яғни инфрақұрылымдар апарып, жолдарды жөндеу, тарихи-мәдени ескерткіштер маңын ретке келтіру, абаттандыру қажет. Бұл — сол мақсатпен қолға алынған істің бірі, — деді.

Облыс басшысы туризмді дамыту ісінің жан-жақты ойластырылатынын айтты.

— Мысалы, бұдан миллион жыл бұрын метеорит құлаған Жаманшың, сондай-ақ Айдарлыаша геологиялық қимасы — сол саланың мамандары, зерттеушілер, ғалымдар үшін өте қызықты нысандар. Бұлар — осы тектес нысандардың арасында әлемдік деңгейде қызығушылық туғызатын жерлер. Ал енді қарапайым адамдарға табиғат аясындағы демалыс, әдемі орындар керек. Бұл орайда бізде Байғанин ауданындағы ғажап шатқалдар, Ырғыздағы табиғи қорық, басқа да көптеген жерлер бар. Туристердің үшінші бір тобы тарихи орындарды аралағанды ұнатады. Міне, Қобда ауданы осы бағытқа лайық. Бұл — тарихи-мәдени ескерткіштерге бай өңір. Мұнда Әлияның туған топырағы, ортағасырлық Абат-Байтақ кесенесі, оның айналасындағы өткен ғасырлардан қалған құлпытастар, Жиренқопадағы Қобыланды батырдың жерленген орны, сақталып қалған бірнеше көне мешіт бар. Олардың бәрі де ата-бабалар тарихының куәсі, — деді Оңдасын Оразалин.

Баспаналы болды

Енді ауылдарда мамандар тұрақтануы үшін коммуналдық пәтерлер салынатын болады. Осы жұмыс сапарында облыс әкімі Әлия ауылында жақында ғана пайдалануға берілген екі пәтерлік коммуналдық үйде болып, олардың иелерінің хал-жағдайын білді. Үйдің жалпы ауданы — 150 шаршы метр, әр пәтердің ауданы — 75 шаршы метр. Құрылыс жергілікті бюджет қаржысына салынған.

Екі пәтердің біріне Бұлақ, Талдысай ауылдық округтерінің учаскелік инспекторы Нариман Улянов қоныстанған. Нариманның отбасында екі бала бар. Осыған дейін олар пәтер жалдап келген.

— Үш рет пәтер ауыстырдық. Енді пәтерден қашан шығарып жібереді деп алаңдамай, жұмыс істейтін болдым, — дейді ол.

Ауылдарда учаскелік инспекторлар, ауыл әкімдері, мал дәрігерлері, т.б. қажетті мамандардың тұрақты тұрып, алаңсыз жұмыс істеуі үшін алдағы уақытта үйлер салу жалғаса бермек. Аудан әкімі Болат Құловтың айтуынша, келесі жылы Өтек, Қызылжар ауылдарында үй салу жоспарланған.

Сондай-ақ Әлия ауылындағы екі қатарлы мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. 1974 жылы пайдалануға берілген мектеп ғимараты «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында түбегейлі жаңартылмақ. Есік-терезелері, шатыры, едені, инженерлік желілері түгел ауыстырылған.

Жалпы, ауданда бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Терісаққан ауылында 60 орындық мектеп (жалпы ауданы — 1200 шаршы метр), И.Білтабанов атындағы ауылда дәрігерлік амбулатория, Қобдада аудандық прокуратура, аудандық музей ғимараттары, т.б. салынып жатыр. Облыс әкімі осы құрылыстардың бірқатарын аралап көрді.

Сондай-ақ ол И.Білтабанов ауылындағы клубта жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысып, осы жерде ауыл адамдарымен жүздесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Жолдар жөнделіп жатыр

Қобда өңіріндегі абаттандыру жұмыстарына келсек, бірқатар ауылда көше жолдары жөнделіп, тіпті асфальт та төселіпті. Облыс әкімі Талдысай ауылындағы асфальт төселіп жатқан екі көшені көріп, кей жерлерде өзінің ескертулерін де айтып, жұмысты тиянақты аяқтауға тапсырма берді. Талдысайдағы орталық көшеге жарық та апарылған. Кәсіпкер Әсет Тілеуов жуырда балаларға жап-жақсы спорт алаңын салып беріпті. Облыс әкімі енді осы алаңның айналасын жарықтандыруды тапсырды.

И.Білтабанов атындағы ауылдағы орталық Астана көшесінде, сонымен бірге аудан орталығындағы И.Білтабанов атындағы көшеде де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы көшенің аяқталар тұсындағы ашық алаңқайда жаңа гүлзардың құрылысы қазір қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімі осы жерге біраз аялдап, Қуандық Әлішев, Кеңес Бірмановтар бастаған еңбек ардагерлері және жастардан құралған еріктілер тобымен бірге ағаш екті.

— Қобдада қазір «Мәңгілік ел» және «Отан-ана» сынды үлкен саябақтармен қатар, Денсаулық саябағы, басқа да кішігірім гүлзарлар бар. Бірақ осымен тоқтап қалмаймыз. Әдемі гүлзар, шағын саябақтар салына беретін болады. Биыл Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толып отыр. Біз осы мерейтой аясындағы жақсы, ізгі іс болып қалсын деп, жаңа гүлзар құрылысын қолға алдық. Мұндағы ағаш, гүлдерді баптауға ауылдың ерікті жастары атсалысатын болады, — деді аудан әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Мәрия Кустуртова.

Жаңа гүлзардағы жұмыстарды қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен бірге аудан орталығында қатты-тұрмыстық қалдықтар полигоны да салынып жатыр, оның құрылысы қарашада бітеді.

Аса қажет техника алынды

Аудан орталығындағы биылғы жаңа құрылыстың бірі — өрт сөндіру бекеті. Ол екі көлікке есептелген. Төтенше жағдай қызметінің мамандары отыратын кеңсе осыған жапсарлас салынған. Мұндағы бөлмелер кең, жарық. Құрылысқа 152,2 миллион теңге жұмсалған.

Осы жерде облыс әкімі Оңдасын Оразалинге төтенше жағдайлар қызметіне алынған жаңа техникалар көрсетілді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаевтың айтуынша, биыл облыста құтқарушылар үшін өте қажет бірнеше көлік алыныпты. Мысалы, жол талғамайтын екі «ТРЭКОЛ» көлігі (бұрыннан алтауы бар екен), 25 тонна жүк көтеретін кран алыныпты. Мұндай кран жол бойында ауыр жүк көліктері аударылып, құлап қалған жағдайда өте қажет екен.

— Облыс аумағынан бір өңірден екінші өңірге, бір елден екінші елге жүк тасып жүрген көліктің көп өтетінін білесіздер. Солардың бірі құлап қалған жағдайда көмектесу оңайға түспейді. Оған арнайы кран керек. Міне, соған биыл қол жеткізіп отырмыз. Ал жол талғамайтын көліктер әсіресе боран соғып, қалың қардың астында қалған адамдарды құтқаруға өте-мөте қажет. Осындай көліктің арқасында былтырғы қыста біздің қызметкерлер, басқаны айтпағанда, босануға келе жатып жолда қалған аяғы ауыр үш әйелді құтқарып қалды, — деді Марғұлан Аманбаев.

Оның айтуынша, биыл облыста 6 өрт сөндіру бекеті салынған. Оның төртеуі — облыс орталығында, біреуі осы Қобдада және біреуі Ембіде салыныпты.

Мал басы көбейді

18,3 мың халық тұратын Қобда ауданында ірі өндіріс орындары жоқ. Аудан халқы, негізінен, мал мен егінмен күнелтіп отыр. Соның ішінде бұл өңір мал шаруашылығына қолайлы саналады. Аудан әкімінің айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда биыл мал басы едәуір өскен. Атап айтқанда, жылқы саны — 40 пайызға, ірі қара — 19 пайызға, қой 20 пайызға көбейіпті.

Іссапар барысында облыс әкімі бірнеше шаруашылықта болып, жасалып жатқан жұмыстармен танысты, кәсіпкерлердің алдағы уақытқа жоспарлары жөнінде білді.

Бұлақ ауылынан әріректегі Бесқопа деген жерде орналасқан «Тамбай» шаруа қожалығының басшысы Әсет Тілеуовтің жуырда үлкен бір тілегі орындалыпты. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында шаруашылықтың мал базы тұрған жерге электр желісі тартылыпты. Бұған дейін мұндағы малшылар электр қуатын күн сәулесінен өндіретін қондырғыны пайдаланып келген. Оның өзі де кезінде мемлекеттің көмегімен алынған екен.

— Электр желісінің тартылуы бізге үлкен көмек болды. Бұған дейін мал басын арттыра алмай, 600 бас ірі қара бағып келген едік. Енді мал басын 2 мыңнан асыруды жоспарлап отырмын, — деді Әсет Тілеуов.

Шаруашылық қажетті мал азығын өз жерінен өндіреді. Шөп орып алынған. Сонымен қатар суармалы егіс салып, мал азығындық сорго, жоңышқа өсіреді. Суармалы алқабы — 150 гектар, әзірге оның 80 гектарын ғана пайдаланып отыр.

Жалпы, аудандағы суармалы егістіктің көлемі 2,3 мың гектар болмақ. Облыс әкімі осы алқапты инфрақұрылыммен қамту жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанымен де танысты.

Ал «Сұңқар 7» шаруа қожалығы Қобда мен Алға аудандарының шекарасында репродукторлық мақсатта ірі қара бағу үшін екі үлкен баз салып жатыр. Олардың бірінің құрылысы аяқталған, екіншісі де аяқталуға таяу. Малшыларға арналған екі пәтерлік үй де салыныпты. Әзірге 300 бас мал алынған, болашақта олардың санын 500-ге жеткізбек. Осы жоба арқылы 7 адам жұмыспен қамтылып, олардың орташа айлығы 150 мың теңге көлемінде болмақ. Жобаны жүзеге асыруға кәсіпкер Бақытжан Ержанов өз қаржысын салып отыр.

Сонымен бірге аудан орталығының іргесінде «Қобда BEEF» шаруа қожалығы бордақылау алаңын салып жатыр. Ол 1 мың бас ірі қара малға арналған. Қазіргі күні «Ауыл шаруашылығын қолдау қорының» «Агротехника» бағдарламасы арқылы 3 трактор, мал азығын дайындайтын басқа да техникалар сатып алынған. Сондай-ақ 200 гектар жерге сорго-суданка шөбі егіліпті.

Терісаққан ауылдық округі аумағындағы «Терісаққан 2017» ЖШС-ның басшылары да өз істерін одан әрі ұлғайтуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Мұнда да «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша электр желісін әкелу жоспарланған. Шаруашылық басшылары асылтұқымды «Әулиекөл» малын, сондай-ақ ұсақ малды көбейтуді көздейді. Бұл үшін 6 мың басқа арналған 4 ферма салынбақ. Бұл жұмыстар «Кең жайлау» инвестициялық жобасы арқылы іске асырылмақ. Шаруашылық басшысы Ерлан Қаспақов 30 адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, өз еңбеккерлерінің ауылдан қазіргі үлгімен баспана салуына да көмектесіп отыр. Терісаққан ауылында туып-өскен кәсіпкер, бір жағынан, ауылының, ауылдастарының қамын ойлай жүретіні байқалады.

Егін жайына келсек, аудан әкімінің айтуынша, қобдалық диқандар биыл гектарынан орта есеппен 6 центнер өнім алды.

Жұмыс сапарының қорытындылары бойынша облыс басшысы Оңдасын Оразалин Қобда ауданының әкіміне өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын одан әрі дамыту, сонымен қатар ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған істердің, әсіресе қысқы жемшөп дайындауға бөлінген субсидиялардың шаруашылықтарға уақтылы жеткізілуін қадағалау жөнінде, т.б. бірқатар тапсырмалар берді.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button