Жаңалықтар

Доп қуғанға — жаңа алаң

Темір ауданында қатарынан үш жерде футбол алаңы ашылды. Бұл «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында пайдалануға беріліп отырған спорт нысандары.

Атап айтсақ, жасыл алаңдардың екеуі аудан орталығы Шұбарқұдық кентінде, үшіншісі Ақсай ауылында салынды.

Заманауи футбол алаңдарының салтанатты ашылуы рәсіміне қатысқан аудан әкімі Саламат Аманбаев тұрғындарды осынау жаңалықпен құттықтап, игі тілегін арнады. Артынша бұл жас ұрпақты спортқа тарту, жалпы, халық арасында бұқаралық спортты дамыту үшін жасалып отырғанын атап өтті.

Жаңа оқу жылындағы су жаңа спорт алаңдарына риза болған темірліктер бұның салауатты өмір салтын сақтауда атқаратын рөлі зор болатынын айтып, ризашылығын білдірді.

– Әрине, осындай жайлы жерде доп қуған ыңғайлы. Мұнда барлық жағдай жасалған, айналасын қоршап қойыпты. Яғни бұрынғыдай доптың соңынан жүгірмейсің. Біздей спортты сүйетін балаларға осындай қолдаудың жасалып жатқанына зор алғысымызды айтамыз, — дейді мектеп оқушысы Заңғар Құрманбай.

Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында ашылған футбол алаңдары жарықтандырылған. Бұл жеткіншектер қараңғы уақытта да осында ойнай алады деген сөз. Атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, нысандар халықаралық стандарттарға сай салынған.

Темір аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жандос Жарылғасынның айтуынша, бюджеттен үш алаңға барлығы 29 миллион теңге бөлінген.

Айбек СЕРІКҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button