Жаңалықтар

Ебейті ауылындағы жүздесу

Газет-оқырман

Бір кездері аудандағы ірі шаруашылықтардың бірінің орталығы болған Ебейті ауылы бүгінде заман ағымына қарай жаңаша тірлік кешуде. Ауыл тұрғындары қолдарына ұстаған малдарының басын көбейтіп, жеке қожалық шаруасын жолға қоюда, бірқатар жастар мұнай компанияларында еңбек етеді.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС-на қарасты облыстық «Ақтөбе» газетінің Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және Конституция күніне орайластырып осы ауылда өткен оқырмандармен кездесуіне бірсыпыра жұртшылық жиналды. Қопа ауылдық округінің әкімі Әміржан Жұмабаев елде атқарылып жатқан шаруалармен қысқаша таныстырып өтті.

Жиында сөз алған «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин компанияға қарасты басылымдардың жұмысы туралы айта келіп, баспасөздің бүгінгі күнгі рөліне тоқталды.

«Біздің негізгі оқырмандарымыз — ауылдық жерлерде тұрады, сондықтан да газет бетінде ел тіршілігі, ауылға қамқорлық мәселелері жиі көтеріледі. Қазіргі уақытта мемлекетіміз тарапынан мал шаруашылығы мен егіншілікті дамытуға көп көңіл бөлінуде, субсидиялар беріліп жатыр, осы жайларды да кеңінен қамтып отырамыз. Біздің мақсатымыз — оқырманмен тығыз байланыс орнатып, олардың қатарын толықтыру.

Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің оқырмандармен кездесуі өткен жылы «Жыр арқауы —Жарқамыс» деген атаумен өткізілген болатын, бұл шара соның жалғасы іспетті болып отыр. Сіздердің ой-пікірлеріңізді тыңдауға біз әрқашанда дайынбыз»,- деді ол.

«Қазақстан Республикасы Бейбітшілік және келісім» қоғамдық бірлестігінің облыстық ұйымының жетекшісі, облыстық қоғамдық кеңестің комиссия төрағасы Келдібай Еспағамбетов газет жанашыры ретінде осы кездесуге арнайы келді. Ол осы өңірде өскенін, жоғары оқу орнын бітіріп келген соң алғашқы еңбек жолын да осында бастағанын айта келіп, бүгінгі қоғамдық ахуал, ауыл шаруасын көтеру, еңбек адамдарын қолдау жөніндегі ойларын ортаға салды.

«Қазір табиғат та, өмір де өзгерді. Бір кездері осы далада бірыңғай мал бағылатын болса, енді мұнай өндірілуде. Қалай болғанда да, ең бастысы — белсеніп еңбек ету, жастарымызды соған тәрбиелеуіміз керек. Биыл қуаңшылық нышаны байқалады, сондықтан да қолайлы жағдайды пайдаланып, мал азығын молырақ дайындап алу керек деп ойлаймын. Бұл ауылға газ жеткізу мәселесі әзірге оңды шешілмей келе жатқанын білеміз, оны да бірігіп ойластыруымыз керек»,- деп ол өз пікірін білдірді.

Облыстық «Ақтөбе» газетінің қызметкері Нұрмұханбет Дияров газет пен оқырман байланысы, газет бетінде көтерілетін тақырыптардың мәні туралы әңгімеледі.

Жиын барысында кезінде Крупская атындағы кеңшарда жылқышы болған еңбек ардагері Тәжіғали Жетпісбаевқа Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» куәлігі тапсырылды. Ал шаруашылықта көлік жүргізіп, мал баққан Қойлыбай Табынбаев Ауыл шаруашылығы министрлігі кәсіподағының бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісімен марапатталды.

Қаламгер-ұстаз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Аманғали Жалдыбек «Білім және ғылым саласына еңбегі сіңген» төсбелгісінің иегері атанды.

Көп балалы ана Құралхан Раушанова, Қопа орта мектебінің еңбек пәнінің мұғалімі Ардақ Қалыбаева, ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның қызметкері Гүлжан Жиенғазы облыстық «Ақтөбе» газетіне 2022 жылға жазылым сертификатына ие болды.

Кездесу барысында ауылда атқарылып жатқан рухани жаңғыру бағытындағы іс-шаралар әңгіме арқауына айналды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғамдық кеңестің мүшесі Шаңғытбай Нәбиев жастар тәрбиесі, ұрпақтар сабақтастығы, білім сапасын көтеру мәселелерін көтерді. «Біз баспасөз қызметкерлерімен кездесуді әрқашанда асыға күтеміз. Өйткені, келелі мәселелер қозғалады. Менің өзім «Ақтөбе» газетін ұзақ жылдардан бері жаздырып алып отырған тұрақты оқырманымын»,-деді ол. Тұрақты оқырманға да лайықты құрмет көрсетілді. Ол келесі жылы «Ақтөбе» газетін тегін алдырып тұратын болды.

Қопа орта мектебінің 1981 жылғы түлектері Ебейті ауылында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәуелсіздікке тағзым» акциясы аясында орталықтағы саябаққа сән-салтанаты жарасқан ротонда орнатып беріпті. Бұл жер қазір тағылым мен тәрбие орталығына айналған іспетті. Бір жағынан тұрғындар осында келіп демалыстарын өткізе алады.

Ауыл тұрғындары кездесу барысында өздерінің ұсыныстары мен ой-пікірлерін ортаға салды.

Өз тілшіміз.

Байғанин ауданы.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button