БілімБасты жаңалықтар

Жаңа оқу жылы: қандай өзгерістер бар?

Санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. Оқу жүйесінің дәстүрлі форматқа ауысуы мектебін сағынған оқушылар үшін жақсы жаңалық. Бірақ әлі де болса қауіп сейілген жоқ. Осы ретте қазір білім ордаларында қызу дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектеп оқушыларына кітаптар үлестіріліп, санитарлық талаптарға сай сыныптар әзірленуде. Биылғы оқу жылындағы өзгерістер туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменовадан білген едік.

«Әліппе» қайта оралды

Биыл облыс бойынша 18 323 бала 1-сыныпқа барады. Жаңа оқу жылына мектеп формасын сатып алудың қажеті жоқ. Пандемияға байланысты классикалық үлгідегі ыңғайлы киіммен баруға да рұқсат етіледі. Білім күні өтетін салтанатты іс-шара 1-сынып оқушылары үшін ғана ұйымдастырылмақ.  Қазір мектеп табалдырығын алғаш аттайтын оқушылар екі апталық дайындық курсынан өтіп жатыр.

— Қазір білім саласы үшін басты міндеттердің бірі — оқушылардың денсаулығы мен өміріне қауіпсіз жағдайда білім беру. Биылғы оқу жүйесі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің нұсқауымен барлық қауіпсіздік талаптары сақталып, дәстүрлі форматта басталмақ. Ең алдымен, облыстың эпидемиологиялық жағдайы ескерілетін болады.

Биылғы оқу жылының ерекшелігі, Білім күні мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге салтанатты түрде «Әліппе» және «Букварь» оқулықтары табыс етіледі. Сондай-ақ «Цифрлық сауаттылық» пәні 1-сыныптан бастап енгізіледі.

Мұғалім жүктемесі 18 сағаттан 16-ға азайтылды. Білім алушылардың оқу жүктемесі төмендетілді. Сабақ ұзақтығы 2-11 сыныптарда 45 минутқа қайта көшірілмек, — дейді Гүлназ Сүлейменова.  

Биылғы оқу жылында еліміздің мектептері ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын, ағартушы-ұстаз Ы.Алтынсариннің 180 жылдығын атап өтеді. 1 қыркүйектегі салтанатты жиындар мектеп ауласында өткізіледі. Іс-шараға 1-сынып оқушылары ата-аналарының біреуіне ғана қатысу ұсынылады. Ал, 2-11 сынып оқушыларына «Тәуелсіздік жетістіктері» атты республикалық сынып сағаты кабинеттерде ұйымдастырылмақ.

Індеттен сақтану үшін қазіргі таңда жан-жақты сақтық шаралары жалғасуда. Осы ретте облыс бойынша барлық білім беру ұйымдары «Ashyq» жобасына толық қосылды. Оқу орындарынына кірмес бұрын ата-аналар мен мекеме қызметкерлері QR-кодты сканерлеп, әкімшіге қосымшадан шыққан нәтижені көрсетуі тиіс.

— Жалпы білім беретін орта мектептегі педагогтер (медициналық қарсы көрсетілімі барларды қоспағанда) 100 пайыз вакцина алды. Сондай-ақ жаңа оқу жылында оқулықтар сатып алу үшін облыстық бюджеттен 1,7 миллиард теңге қаражат бөлінді. Мектеп жасындағы балалар контингентінің жыл сайын 7000 оқушыға дейін ұлғаюына байланысты барлық сынып пәндері бойынша оқулықтарды қосымша сатып алу жүргізіледі. Қазір 2-11 сынып оқушыларына оқулықтар 100 пайыз таратылып болды, — дейді Гүлназ Сүлейменова.

Оның айтуынша, биыл эпидемиологиялық ахуалға байланысты әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, орта білім беру ұйымдарына тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық үлгідегі ыңғайлы киіммен баруға рұқсат етіледі.

Анықтама үшін:

Ұлдардың мектеп формасы:  классикалық біртүсті шалбар, ақшыл түсті жейде. 

Қыздардың мектеп формасы: біртүсті юбка, сарафан, классикалық шалбар, ақшыл түсті кофта.

 «Балақайлар мектебі» курсы

Ақтөбе қаласындағы әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназия ұжымы да толық вакцина алған. Аталған мектептің директоры Маржангүл Тойшыманованың айтуынша, биылғы оқу жылында 1700 шәкірт білім алмақ. 170 оқушы мектеп  табалдырығын енді аттағалы отыр. Қазір 1-сыныпқа қабылданатын 40-қа жуық бүлдіршін екі апталық «Балақайлар мектебі» курсынан өтуде. Бұл курсқа мектепалды даярлық сыныбынан өтпеген балалар қабылданады.

— Мектепте санитарлық талаптарды сақтау мақсатында дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біз үшін балалардың қауіпсіздігі өте маңызды. Мектепте 107 педагог жұмыс істейді. Оқушылармен және ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс істейтін болғандықтан мектеп ұжымы 100 пайыз вакцна алдық. Сондай-ақ мектепке «Ashyq» жобасы енгізіліп, санитарық талаптарға сай дезинфекциялық құралдар орнатылды. Кіреберісте әр адамның қызуы өлшенеді.

Биыл 1-сынып оқушыларына «Әліппе» оқулығы келіп жатқанына өте қуаныштымыз. 2-11 сынып оқушыларына оқулықтар толық таратылды, — дейді мектеп директоры.

Оның айтуынша, балалар бірінші сыныпта жақсы оқып кетуі үшін мектепалды даярлық курсының маңызы зор. Себебі, бала бірінші сыныпқа бармай тұрып, барлық дүниені курстың өзінде ертерек үйрене бастайды. Бала партада отыруды, берілген тапсырманы мұқият орындауды үйреніп, өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарайды.

— Мектепте орын тапшылығы жоқ. Бірнеше жыл бұрын мектеп ғимараты жанынан қосымша құрылыс салынып берілді, —

дейді Маржангүл Тойшыманова.

Қандай мамандарға сұраныс жоғары?

Облыстық білім басқармасының берген мәліметінше, қазіргі таңда облыста 71 педагог маманға сұраныс бар. Білім беру ұйымдары арасында, әсіресе орыс тілінде сабақ беретін бастауыш сынып мұғалімдері (13 маман), орыс тілі мен әдебиеті (16 маман), математика (11 маман), физика (7 маман), информатика (5 маман) пәндерінің мамандары жетіспейді. Қазақ тілі мен әдебиеті, тарих, география және биология пәндері бойынша педагог құрамы толық.

— Бүгінгі таңда Білім және ғылым министрлігі тарапынан мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін қызметке тағайындау, қызметтен босату қағидаларын бекіту туралы бұйрық жобасы талқылануда. Аталған бұйрық бекітілген жағдайда білім беру ұйымдары кадрларды конкурстық негізде қабылдайтын болады. Бос жұмыс орны пайда болған жағдайда ұйым бұқаралық ақпарат құралдары мен ресми интернет ресурстарында хабарландыру беріп, құжаттарды қабылдайды. Конкурсқа түскен мамандардың біліктілік талаптары зерделеніп, тесттен жоғары балл алған маман жұмысқа алынатын болады. Ал тест нәтижесі бірдей болған жағдайда ұйым жанынан комиссия құрылып, қызметкерлер әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады, — дейді Гүлназ Сүлейменова.

Биылғы оқу жылында жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары білімді мамандарды даярлау үшін 80 грант бөлінген. Еңбек нарығының қажеттіліктері ескеріле келе, гранттар педагогикалық , медициналық , ауылшараушылық, өнер, спорт, дін салаларына берілді. Жалпы, 2018 жылдан бастап жергілікті бюджет есебінен 227 студент әртүрлі жоғары оқу орындарында білім алуда, олар оқу бітіргеннен кейін өңірімізде 5 жыл жұмыс жасауы тиіс.

Республикалық оқу грантына әзірге 2091 түлек ие болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 169-ға жоғары.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button