«Ақтөбе — құтты мекен»

«Барбер болу — арманым»

18 жастағы ақтөбелік Бақыт Бекбосынов өз кәсібін ашуды армандайды. Бүгінде ол қаладағы ер адамдардың ғана шашын қиятын барбершоптардың бірінде шеберлерден тәлім алып, тәжірибе жинап, шаштараз ісіне машықтанып жүр.

Бақыт қалалық мәслихаттың хатшысы Анар Даржановаға өз жоспарларын айтыпты. Жас шаштараз көпбалалы отбасының екінші баласы екен. Қалалық мәслихаттың депутаты Азамат Үсімбековтің және жергілікті биліктің қолдауымен Бақыт барбер ісі курсын бітіріп, жаңа құрал-жабдықтарға ие болды.  Барбер —  соңғы кездері шыққан атау, ерлерге арналған шаштараз маманы. Ал «барбершоптың» шаштараздан айырмашылығы, мұнда ер адамдар тек шашын алдыртып қана қоймайды, сақал-мұртын да түзеп-күзейді.

— Мен Nur Otan партиясының жастар Кеңесінің мүшесімін. Жас жігіттің талабы мен ықылас-ынтасын көрген сәттен көмектесуге тырыстым. Себебі оның көзінен от көрдім, осы іске ынта-жігерімен кіріскенін байқадым, — дейді Азамат Үсімбеков.

Болашақ бизнесмен тәлімгерліктен өтіп жүрген салонның бастығы да — жас кәсіпкер.

— 2018 жылдың күзінде жинаған аз-маз қаражатыммен кәсіп аштым. Әуелі бізде төрт шебер жұмыс істеді. Қазір Бақытты қосқанда, жетеу. Үш жыл ішінде біз 90-нан астам барберді оқытып, жұмысқа орналастырдық. Мемлекет пен жергілікті билік өкілдері жас мамандарды қолдауға ерекше көңіл бөліп отыр. Білікті шаштараз болу үшін де қаражат керек. Оқу мен құрал-жабдықтарға шамамен 200 мың теңгеден астам ақша қажет. Бұл — шаштараз ісіне енді талаптанып жүрген адам үшін үлкен жүк. Сосын да кейбір талантты қыз-жігіттер бұл істі жарты жолдан тастап кетіп жатады. Ал Бақыт бізге шілдеде келді. Жарты ай оқыды, енді тәлімгерліктен өтіп жүр, — дейді «The Jigits barbershop» шаштаразының директоры Рауан Төлеш.

Бақыт болашақта шаштараз салонын ашып қана қоймай, соған қоса осы іске қызығып, өзін дамытқысы келетін замандастарын қолдағысы келеді.

Нұрдана ҚАНИЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button