«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Жаяу жүргіншілер жолы қауіпсіз бе?

Қазір қала көшелерінде жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты көліктердің қозғалыс бағыты өзгеріп, жаяу жүргіншілер жолдары да жөнделуде.

Жол белгілері жаңартылды

Жақында жаңа оқу жылы басталады. Әсіресе ата-аналар балаларының жолдағы қауіпсіздігіне алаңдаулы. Өйткені соңғы уақытта жол-көлік оқиғаларының жиілеп кеткені белгілі.  Жолдың арғы бетіне өту үшін де жауапкершілік керек. Себебі бұл сіздің және жүр­гізушінің, сон­дай-ақ айналаңыздағылардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан жүргінші де, жүргізуші де жол жүру ережелерін мұқият сақтауға тиіс.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ресми дерегі биылғы жылдың 7 айы ішінде жаяу жүргіншілер жолына қатысты 90 жол апаты тіркелгенін айтады. Оның салдарынан 82 адам жарақат алып, 10 адам қайтыс болған.

Жол ережелерін біле тұра, оған бағынбайтын жүргізушілер де бар. Мәселен, биыл

жаяу жүргіншіге жол бермегендерге 40 миллион теңгеден астам көлемде айыппұл салынып, 2357 хаттама толтырылған.

Жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік кейде жаяу жүргіншілер жолындағы адамды көрмей қалуы мүмкін. Сол себептен жаяу жүргінші де өзіне белгіленген жолдан өтер кезде өте мұқият болып, алдымен жан-жағына қарап алуы керек. Өзіне қауіп жоқ екенін білгенде ғана жолдан өтуге тиіс.

— Әрине, бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды. Жауапкершілік тек жүргізушілерде ғана емес, сондай-ақ жаяу жүргіншінің өзінде де болуы керек. Жол бойында белгіленбеген жерлерден өткені үшін 6813 адамға айыппұл салынды. Сондықтан екі тараптың да салғырттығы бар екендігін айта кету керек, — дейді облыстық полиция департаментінің баспсөз хатшысы Ерболат Сарқұлов.

Оның айтуынша, тұрғындардың жолда жүру ережелері туралы түсініктерін одан әрі кеңейту мақсатында түрлі акциялар мен профилактикалық шаралар ұйымдастырылып тұрады. Белгіленген ережені сақтамау, әсіресе мектеп жасындағы балаларға өте қауіпті.

— Полиция қызметкерлері Ақтөбе қаласының жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығының  мамандарымен бірлесе отырып, бірқатар жұмыстар атқаруда. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында білім беретін мекемелердің жанына жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар, жасанды жол кедергілері, сары түсті жеке жобалау жол белгісі орнатылуда. Сондай-ақ «Абайлаңыз, балалар!», «Максималды жылдамдықты шектеу» жол белгілері, қосымша шақыру батырмасы бар жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршамдар орнатылуда. Биыл аталған орталық мамандарымен бірге 500 жол белгісі жаңартылды, — дейді Ерболат Сарқұлов.

64 бала жол апатынан зардап шекті

Биылғы жылдың 7 айында балалардың қатысуымен 54 жол апаты тіркеліп,  64 бала зардап шеккен. Ал екеуі алған жарақаттарынан қайтыс болған.

Мамандар жол-көлік оқиғаларының өсуі жазғы демалысқа байланысты екенін айтады. Бұл ретте балалардың жолда тыйым салынған жерлерден кесіп өтулері жиілеп кеткен. Сондай-ақ қала көшелерінде велосипед, скутер, ролик тепкен жасөспірімдер де жол ережелерін сақтамайды. Полиция өкілдері велосипед немесе мотороллермен жүрген кезінде баланың киімінде көзге бірден түсетін элементтер болуы керек екенін айтады.

Сонымен қатар көлік жүргізушілер 12 жасқа дейінгі балаларды арнайы балалар орындығымен тасымалдауға тиіс.
Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде жол қозғалысы ережелері бойынша арнайы сабақтар өткізілмек. Егер әр адам жол қозғалысы ережелерін сақтаса, қалада жол-көлік оқиғаларының саны азаяр еді.

Қазір Ақтөбе қаласында барлығы 421 жаяу жүргіншіге арналған жол бар. Сондай-ақ 3 жерүсті және 2 жерасты өткелі бар.

Солардың бірі — Ә.Молдағұлова даңғылы «ДСК» аялдамасының маңындағы жерүсті өткелі. Заманауи үлгіде салынған бұл өткелге саты арқылы немесе электрокөтергішпен шығуға болады. Екіншісі мүгедектер мен қарияларға, арбамен келе жатқан аналарға арналған. Жерүсті өткелінің төбесі жабық, қоршалған, сонымен қатар жарық жүргізілген. Ұзындығы 32 метрді құрайтын өткел жерден 6 метр биіктікте орналасқан.

Биыл қаладағы 24 көшенің жаяу жүргіншілер жолына мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болу үшін қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұл жұмыстарды «Пандус Ок» ЖШС басшысы Шахан Жолдасбаев бақылауда.

Мұндай жаяу жүргіншілер жолы мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін ғана емес, сондай-ақ балалар арбасы бар ата-аналар үшін де ыңғайлы болмақ.

— Тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдары мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы болуы үшін барлық жағдай жасалуда.
Біз былтыр қала әкімімен шаһарды аралап, бірқатар мәселелерді көтерген едік. Сол кезде жаяу жүргіншілер жолы арбадағы мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайсыздық туғызатынын айттық. Жолдың арғы бетіне өту үшін жиек тастар кедергі келтіреді. Сондықтан жолды айналып өтуге тура келеді.
Бүгінде Астана ауданының әкімдігі  «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында осы жобаны қолға алды. Қазір жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл қаладағы 24 көшедегі жаяу жүргіншілер жолы жөнделеді, — дейді Шахан Жолдасбаев.

Жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеу жұмыстары тамыз айының соңына дейін аяқталмақ.

Тұрғындар пікірі:

Асылзат Айдарқұлова, қала тұрғыны:

— Кейбір жүргізушілер жаяу жүргіншілер жолағына жақындағанда ғана тежегішті басады. Бұл жерде ережені көлік жүргізушілері сақтауға тиіс.

Мен балаларымның қауіпсіздігін әрдайым бақылап отырамын. Мектеп жасындағы екі қызым бар. Жаяу жүргіншілер жолағынан өту оқушылар үшін өте қауіпті. Балаларыма ылғи бағдаршам орнатылған тұстан өтуін әрі  үлкен адамдармен бірге өтуін ескертемін. Өйткені үлкендердің өзі ол жерден абайлап өтеді ғой. Кейбір жүргізушілер көлікті жоғары жылдамдықпен жүргізіп келе жатады. Әсіресе балабақша мен мектептердің маңындағы жаяу жүргіншілер жолын толықтай сызып қою керек.

Ажар Мұхамбеталина, қала тұрғыны:

— Жаяу жүргінші де, жүргізуші де тәртіпке бағынса, жол-көлік оқиғалары болмас еді. Көп жағдайда жүргізушілер жылдамдықты асырып жіберетіні рас. Бұрынғыға қарағанда қазір жағдай түзелген. Бірақ әлі де жолақтар қойылмаған жерлер бар. Кейбір адамдар рұқсат етілмеген жол бойынан өтіп кете береді.

Мысалы, тұңғыш Президент атындағы орталық саябақ аялдамасынан түскен сәтте Өнер орталығына бару немесе жолдан өту үшін келесі аялдамадағы жаяу жүргіншілер жолына дейін баруға тура келеді. Бұл жерде халық көп жүретіні белгілі. Осы жағы ескерілсе деймін.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button