«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Халің қалай, қалалық кітапхана?

Қай кезде болсын, оқу-білімге ұмтылған адамның жиі баратын орны — кітапхана. Ақтөбе қаласында үлкен-кішінің рухани азық алуын мақсат еткен осындай 14 мемлекеттік мекеме жұмыс істейді. Ал бұлардың жалпы  қорында әртүрлі 326 575 дана кітап сақтаулы.

Біз Мәдениет және спорт министрлігі жариялаған биылғы Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы аясында шаһардағы кітапханалардың тыныс тіршілігін білген едік.

Кітап қоры толығып тұрады 

Ақтөбеде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бар. Облыс орталығындағы 14 кітапхана — жоғарыда аталған мекеменің құзырында. Сапалы кітапхана қызметін көрсету, білім салалары бойынша әдебиеттерді насихаттау, заман талабына сай ақпараттық технологияның мүмкіндіктерін пайдалану бағыттары бойынша жұмыс істейтін мекеме туралы:

— Бізге қарасты 7 қалалық және 7 селолық кітапхана бар. Барлығы — 14. Бұлар шаһардың әр бөлігінде орналасқан.

Қазіргі таңда кітапханалар ақпараттық ресурстарды дамытуға баса назар аударып жатыр. Айталық, 2017 жылдан бері «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Web-Rabis» бағдарламасы бойынша кітапханалардың электрондық каталогын құруды қолға алдық. Биылдыққа сондай жүйемен электрондық каталогқа 22002 дана кітап енді. Ал қаладағы 14 руханият пен мәдениет ордасында барлығы 326 575 дана кітап бар. Соның ішінде сирек кездесетіні — 459, — дейді «Қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» мекемесінің директоры Бақтылы Қошабаева.

Оның айтуынша, жылма-жыл кітап қорын молайтуға айрықша көңіл бөлінеді. Мәселен, былтыр осы мақсатта жергілікті бюджеттен 3,5 миллион теңге қаржы бөлініп, 1800 кітап сатып алынса, биыл кітап қоры 3,7 миллион теңгеге 1547 кітаппен толыққан. Сондай-ақ оқырмандар арасында «Теңдессіз сый», «Ақтөбе қаласы кітапханаларына кітап сыйлаймыз»  акциялары ұйымдастырылып, сол арқылы да бұл істе оң өзгерістер болып тұрады екен.

«Оқырмандармен онлайн байланыс та орнаттық»

Кітапхананың басты байлығы оқырман екендігі даусыз. Ақпараттық технологиялар дамыған жаһандану заманында оқитын қауымды жинау, оларды мәдени-қоғамдық жұмыстарға тартудың өзі қиынға соғатыны рас. Дей тұрғанмен мекеме басшысы кітапханаға келушілердің әлі баршылық екенін, көркем әдебиеттен қол үзбегендердің барын алға тартады. Одан білгеніміздей, ақтөбелік оқырмандардың дені — мектеп оқушылары мен зейнеткерлер. Бұл қатарда мамандығы бойынша арнаулы әдебиеттерді іздейтін студенттер де бар.

— Бұрынғыдай үйіне кітап алып кетіп, әкелмей қоятындар жоқ. Кітапқа қарыз адамдар болса да, саусақпен санарлықтай. Өйткені кез келген кітапханадан бірден ксерокөшірмені жасатып алуға мүмкіндік бар. Баяғыдай кітап арқалап жүрудің қажеттілігі жойылды.

Оқырмандарды қызықтыру мақсатында көрмелер, акциялар, кездесулер, байқаулар, басқа да шараларды жиі өткіземіз. 2017 жылдан бері ақтөбеліктер жаппай жиналатын орындарда «Ашық аспан астындағы кітапхана» жобасы іске асырылып келеді. Биыл да қалалық кітапханалар жұма, сенбі күндері кешкі уақытта «Нұр Ақтөбе», Әуе қалашығы шағын аудандарында, қалалық Мәдениет үйінің алаңында және Сазды, Қурайлы, Кеңес Нокин елді мекендерінің Мәдениет үйлерінің алдында кітап көрмелерін ұйымдастырып, іс-шаралар өткізді. Сол сияқты әдеби жәрмеңке, байқаулар, түрлі танымдық ойындар өтіп тұрады. Пандемия кезінде онлайн шараларға да ден қойдық. Әлеуметтік желілер арқылы онлайн көрмелер, тікелей эфирлер, сұхбаттар ұйымдастырып, оқырмандармен байланысты үзбеуге тырысамыз, — дейді Бақтылы Қошабаева.

Сөз басында айтқанымыздай, Мәдениет және спорт министрлігі 2021 жылды Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы деп жарияланды. Осыған орай «Біз бүкіл отбасымен оқимыз!», «Оқы да, биіктен көрін!», «Кітапхана және жастар: үміт, тілек, арман…», «Оқы, талқыла, суретте» жобалары қолға алынған.

Тәуелсіздікке арналады

Ресми деректерге сүйенсек, Ақтөбе қаласында барлығы 38 кітапханашы еңбек етеді. Олардың басым көпшілігі — 35 жастан асқан мамандар.

«Қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» мекемесінің директоры Бақтылы Қошабаева кітапханаларға ортақ мәселе деп компьютерлерді жаңарту жайын атап өтті. Ұзын саны 47 жаңа компьютер керек.

Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толатыны белгілі. Атаулы датаға байланысты

№5 Маршак атындағы балалар кітапханасы «Тәуелсіздік таңы» атты поэзиялық мәнерлеп оқуды, №9 Пригородный селолық модельді кітапханасы «Ғажайып тағдырлы Қазақстан — Отаным» танымдық ойынын, т.б. шараларды ұйымдастыру жоспарланған.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ 

 Ақтөбе қаласындағы ең байырғы кітапхана — 1937 жылы ашылған №2 А.Пушкин атындағы қалалық кітапхана. Ал жаңасы — 2019 жылы пайдалануға берілген «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы №13 қалалық кітапхана.

 

 

КІТАПХАНАШЫ АЙЫМГҮЛ ҮЗДІК ШЫҚТЫ 

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласында «30 еңбек елшісі» атты республикалық байқауда ақтөбелік кітапханашы Айымгүл Дауылбаева «Үздік жастар көшбасшысы» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

«Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігінің, салалық кәсіподақтар, аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің және «Келешек» жастар кеңесінің ұйымдастыруымен өткен жобаның мақсаты — әр сала бойынша алғыр, еңбекқор жастарды марапаттау, оларға қолдау көрсету. Оған еліміздегі 35 жасқа дейінгі жастар қатысты.

Биылғы эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн форматта өткен сында Ақтөбе қаласындағы С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының оқу залы бөлімшесінің кітапханашысы Айымгүл Дауылбаева бақ пен бабын ортаға салды. Кітапханада еңбек еткен жылдары атқарған қызметі, жетістіктері туралы жазылған ақпаратты ұсынған жас маман қазылар алқасының шешімімен «Үздік жастар көшбасшысы» номинациясына лайық деп танылды. Яғни ол үздік «30 еңбек елшісінің» бірі болды.

Ақтөбе гуманитарлық колледжінің түлегінің осы салада қызмет еткеніне 1,5 жыл болыпты. Осы аралықта әріптестері арасында тек жақсы жағынан көріне білген Айымгүлдің бұл алғашқы жетістігі емес. Бұған дейін ол кітапхана қызметкерлері арасында өткен «Көктем аруы» байқауында «Көрермендер көзайымы» атанған. Кітапханашы қыз спортқа да бейім: осы жылы «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының мұрындық болуымен өткізілген қысқы спартакиадада шаңғы тебуден III орынды иеленген.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button