Басты жаңалықтарЭкономика

Алға ауданы: ауылдарға газ тартылып, жол салынды

Сенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс бабымен Алға ауданына барды. Аудан орталығының, ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысқан өңір басшысы мұнда салынып жатқан жаңа нысандардың, жүргізіліп жатқан коммуникациялық желілердің құрылысын қадағалап, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.

Бесқоспаға газ құбыры тартылды

Алға ауданының орталығы облыс орталығынан 45 шақырым жерде тұр. Ауданның артықшылығы да сол. Бір қала, 12 ауылдық округ пен 29 ауылдық елді мекеннің тыныс-тіршілігінен бұл жақсы байқалады. 21 елді мекен Ақтөбе агломерациясының құрамына енгізілген.

Алдымен облыс әкімі  Бестамақ ауылдық округінің Бесқоспа ауылына барды. Ауылдағы жаңа тұрғын үй массивіне тартылып жатқан газ құбырының құрылысымен танысты. Мердігер компания «StroyGazCompany» ЖШС ұзындығы  29,8 шақырым болатын газ құбырын жүргізіп қойған. Мердігер компанияның учаске басшысы Аслан Танабаевтың айтуынша, бұл 375 дана жер учаскесін немесе 1200 тұрғынды газбен қамтамасыз етеді.

— Газ тарту жобасы былтыр мамыр айында басталып, биыл шілдеде толығымен аяқталды. Болашақта салынатын 380-ге жуық үйдің ауласына дейін тартылды. Сонымен бірге осы газ құбырының тартылуы Бесқоспа ауылындағы газдың қысымын арттыруға да септігін тигізіп отыр, — деді ол.

Бестамақ ауылдық округінің әкімі Қанат Дәулеталиннің айтуынша, жеке тұрғын үй құрылысы үшін 517 азамат кезекте тұр. Бесқоспа ауылының бас құрылыс жоспарына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысына 375 жер учаскесін бөлу қарастырылған, жаңа тұрғын массивтен жеке тұрғын үй құрылысы үшін 4 жер учаскесі бөлінген. Биылға 220 жер учаскесін бөлу жоспарланып отыр.

— 375 жер телімін газбен қамту мәселесі толық шешілді. Сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы осы жыл біткенше аяқталады деп жоспарлап отырмыз, келесі жылы жарық жүргіземіз, сол кезде жер телімдері кезекте тұрғандарға беруге дайын болады,  —  деді құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров.

Аймақ басшысы сумен қамту мәселесін ыждағаттауды және жерді үй салуға дайын адамдарға беру мәселесін қадағалауды тапсырды.

Ауыл тұрғыны Жұбаназар Балғожин ауылда жүргізіліп жатқан мұндай жұмыстарға ризашылығын білдірді.

— Осында 30 жылдан бері тұрамын. Бес жыл бұрын ауылымызға газ келіп, еңсеміз бір көтеріліп қалып еді, енді, міне, ауыл іргесінде 400-дей үй салу үшін тағы да газ тартып жатыр. Бұл ауылымыздың одан әрі кеңейіп, көркейетінін көрсетеді, —  дейді ол.

Облыс әкімі Маржанбұлақ ауылында тұрғын үй құрылысына берілген 420 жер телімінің көшелерін жарықпен қамтамасыз етуді тапсырды.
— Қаржыландыру келесі жылға жоспарланған, бұл мақсатқа облыстық қазынадан 10 миллион теңге қарастырылды. Қазір конкурсқа хабарландыру беріліп қойылды. Қалған қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Сіздің тапсырмаңыз бойынша бұл мәселені жыл соңына дейін шешуге тырысамыз. Жарын, сондай-ақ сумен жабдықтау мәселесін реттейміз. Бұл жұмыс қосымша су қорын іздестіру жұмыстарына байланысты сәл созылыңқырап кетті. Қараша айында бұл жобаның сараптамасын жасап, алдағы жылы бюджетке енгіземіз, — деді Н.Алдияров.

Есет батыр ауылының жолдары жөнделді

Бұдан соң облыс әкімі Есет батыр ауылындағы  «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан нысандармен танысты. Ауыл орталығындағы Ш.Уәлиханов, Е.Мусин және Ә.Молдағұлова көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «NTiger» ЖШС өкілінің айтуынша, бүгінде жұмыс 80 пайызға орындалған, желтоқсанға қарай жөндеу толығымен аяқталады. Облыс әкімі жолдың сапалы болуына қатты мән беру керектігін айтты.

— Есет батыр, Үшқұдық ауылдарында жалпы 6 көше жөнделіп жатыр. Аудандық маңызы бар жолдар да жөнделуде. Жалпы, Алға ауданы бойынша аудандық жолдың ұзындығы — 266 шақырым. Ауылішілік жолдар ұзындығы — 174 шақырым.  «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді, — деді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Үсенғали Қуандық.

Аудан әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары Мирхан Ермағанбетов облыс әкіміне әлеуметтік нысандарда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары мен жаңа құрылыстар туралы айтты.

— Ауданда 29 мектеп бар. Барлығы да екі ауысыммен жұмыс істейді. Онда 8300 бала білім алып жатыр. Бестамақ ауылдық округінде бала өсімінің тез екені байқалып отыр. Алғадағы №3 мектепке жөндеу жұмыстары қажет, сонымен бірге кейбір мектептердің жылыту жүйелерін жаңарту, балаларды таситын көлік алу қажеттілігі бар, —  деді ол.

Облыс әкімі Бесқоспа ауылына алдағы уақытта 400-ге жуық үй салынатын болса, бала саны міндетті түрде өсетінін, сондықтан осы ауылдағы мектепті кеңейту қажеттігін тапсырды.

Есет батыр ауылындағы орта мектеп 1978 жылы салынған екен. 300-ге жуық бала оқитын 2 қабатты мектепке «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық қазынадан 58 млн теңге қаражат қаралып, күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстары биыл қазан айында аяқталмақ. Жауапты тұлғалардың айтуынша, бұл  оқу процесіне кері әсерін тигізбейді.

Ал ауылдағы Мәдениет үйіне орташа жөндеу жүргізу үшін аталған бағдарлама аясында 39 млн теңге қаражат бөлінген. 1990 жылы салынған типтік үлгідегі Мәдениет үйі жанында би, домбыра, баян үйірмелері және ағылшын тілін үйрету курсы да жұмыс жасайды.

Аудандық аурухананың бас дәрігері Нұрболат Медеубаевтың айтуынша, ауылдағы 1964 жылы салынған ескі амбулаторияның 100 пайыз тозығы жетіп тұр. Соған байланысты «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында жаңа амбулатория құрылысы жүргізіліп жатыр.

— Құрылыс жұмыстары басталып кетті. Әзірге ескі амбулатория жұмыс істеп тұр. Ауылда маман тапшылығы жоқ, мұнда 1 дәрігер, акушер және 5 медбике жұмыс істейді, — дейді ол.

Есет батыр ауылында өңір басшысы ауыл тұрғындарымен пікірлесті.

— Ауылымыз өзімізге жерұйық секілді. Жағдайымыз жақсы — газымыз, суымыз бар. Күнкөріске ыңғайлы жер. Бау-бақша егеміз, мал ұстаймыз. Халықтың сұрап отырғаны — жаңа амбулаторияның салынуы еді, міне, оның да құрылысы жүргізіліп жатыр. Жолдарымыз жөнделіп, асфальт төселіп жатыр. Осы ауылда 40 жылдан астам уақыттан бері тұрамын. Мәселелер бірте-бірте шешіліп жатыр. Енді ауылға жаңа  жедел жәрдем көлігі керек. Бұл мәселе де шешілетін болар, —  дейді ауыл тұрғыны Құлтай Қоянбайұлы.

Алға жолдары: 2025 жылға дейінгі жоспарлар

Алға қаласындағы Мәдениет үйінің «Coworking» орталығында облыс әкімі жергілікті жастармен әңгімелесіп, сұрақтарына жауап берді.
— Бүгінде жастардың көбі жұмыс іздеп жүр, сонымен қатар көптеген кәсіпорын лайықты еңбекақысы мен жағдайы бар жұмысқа жұмысшылар таппай жүр. Өйткені тиісті білімі мен біліктілігі бар маман жоқ. Сіздердің білімге деген құштарлықтарыңыз бен мамандықты дұрыс таңдауларыңызға көп нәрсе байланысты. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықты таңдау арқылы өздеріңізді, кейін отбасыларыңызды қамтамасыз ете аласыздар,  —  деді Оңдасын Оразалин.

Жаңадан жабдықталған «Coworking» орталығында жастар семинар, конференция, іскерлік кездесулер мен өзге де қажетті шараларды өткізе алады. Өзін-өзі дамыту жұмыстары бойынша тренингтер ұйымдастырып, заңдық, IT және маркетингтік кеңестер ала алады.

—  «Coworking»  орталығының жұмысы шілде айында басталды. Карантинге байланысты жастарды жинағанымыз жоқ, барлық шаралар онлайн форматта ұйымдастырылды. Орталық қазіргі заман талабына лайықталып жасақталған, шағын кітапханасы бар және ноутбуктермен қамтамасыз етілген. 1 қыркүйектен бастап бізде аптасына екі рет ағылшын және түрік тілдерінен жастарға арналған тегін курстар басталатын болады. Қазір ауданда 8213 жас бар. Оның 4200-і —  қалада, қалғаны ауылдарда тұрады, — дейді аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Темірлан Мейірманов.

Мәдениет үйінде облыс басшысы аудан әкімі Нұрбол Ержановтың экономикалық және әлеуметтік даму туралы баяндамасын тыңдады.

Биылғы қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша Алға ауданында 11,6 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі, 7,3 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімі өндіріліп, 8,7 млрд теңге инвестиция тартылған. Жұмыс істеп жатқан шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2304 бірлікке дейін артты. 1200-ден аса жаңа жұмыс орны құрылды. Тұрғын үй құрылысының өсімі 17,1% болды.  Осы жылдың соңына дейін Алға қаласында жергілікті атқарушы биліктің кезекте тұрған адамдарына алпыс пәтерлік әлеуметтік үй пайдалануға берілмек.
Алдағы жылға жоспарды тыңдап шыққан облыс әкімі барлық жоспарланған жобаларды сапалы әрі уақытында жүзеге асыруды тапсырды.

Оңдасын Оразалин сондай-ақ аудандық маңызы бар Алға-Самбай автокөлік жолының жөндеу жұмыстарын қарап шықты. Жөнделіп жатқан жолдың ұзындығы — 15 шақырым. Жобаны келесі жылы желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.

Алға ауданы әкімінің орынбасары Арман Бошановтың айтуынша, аудан аумағын халықаралық, республикалық, облыстық маңызы бар жолдар кесіп өтеді.

—  Халықаралық Самара-Шымкент жолының 55 шақырымы, Ақтөбе-Астрахань республикалық маңызды жолдың 46 шақырымы, Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық облыстық маңызы бар жолының 75 шақырымы аудан арқылы өтеді. Одан бөлек  266 шақырым аудандық маңызды жол және 174 шақырым ауылішілік жолдар бар. Бүгінде аудандық маңызды жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы — 51 пайыз, ауылішілік жолдар бойынша бұл көрсеткіш — 21,3 пайыз.

Nur Otan саяси партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2021-2025 жылдар аралығында 145,7 шақырым болатын 8 жоба жоспарланып отыр. Бұл шаралар 2025 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық маңызы бар жолдардың үлесін 51 пайыздан 88,2 пайызға арттыруға мүмкіндік береді, — деді аудан әкімінің орынбасары Арман Бошанов.

Алдағы бес жылда ауданда жолдардың сапасын кезең-кезеңімен жақсарту жоспарланып отыр. Мәселен, биыл Самбай, Қарақұдық ауылдарындағы 22 шақырым жол және Үшқатты, Есет батыр ауылдарындағы 6 көше жөнделіп жатыр. Алдағы жылдан бастап Алға-Қарабұлақ жолының 40 шақырымына орташа жөндеу жүргізілмек, Ақай, Жерұйық, Тамды, Қараағаш, Тікқайың, Ақсазды, Көктоғай ауылдарында, Алға қаласында 5 көшенің жолдары жөнделеді. Есет батыр-Қайнар жолының 36 шақырымына орташа жөндеу жасау жоспарланған. Сонымен бірге Алғадағы «Акроспищепромнан» №1 тұрғын ауданына дейін автомобиль жолы құрылысы жүргізілмек.

Облыс әкімі Алға-Самбай аудандық маңызы бар автомобиль жолының 15 шақырымына жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстары құрылысымен танысты. Жол құрылысын мердігер компания «КМК Строй» ЖШС өз мойнына алған.

— Бұл мақсатта 606,7 миллион теңге қаражат қаралған. Жұмысты биыл шілде айында бастадық. Жоспар бойынша құрылыс алдағы жылы желтоқсан айында аяқталуға тиіс.  Қажетті шикізатты — қиыршық тасты Тоқмансай ауылы маңындағы Қайнар деген жерден тасып жатырмыз. Жұмысты уақытында, сапалы тапсыруға тырысамыз, —  дейді «КМК Строй» ЖШС өкілі Тілеубай Сейтжан.

Бұдан кейін облыс әкімі ғимараты «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020-2021» мемлекеттік бағдарламасы аясында жөнделген Алға балалар өнер мектебінің жұмысымен танысты. Жалпы аумағы 663 текше метр болатын екі қабатты мектеп 1980 жылы салынған. Күрделі жөндеу жұмыстары кезінде шатыры, су құбыры, кәріз және жылу жүйелері жаңартылып, есік-терезелері алмастырылды, айналасы абаттандырылды.

Алға қаласындағы тағы бір нысан — индустриялық-техникалық колледждің ғимараты түбегейлі жаңартылды. Аумағы 2600 текше метр болатын екі қабатты ғимараттың шатыры, терезелері, қасбеті және т.б. өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша жаңартылды. Жұмыс оқу жылы басталғанша бітеді. Колледж директоры Нұргүл Ахметованың айтуынша, қазір мұнда 216 бала білім алып жатыр, биыл оқуға 75 бала тапсырған. «Биылдан бастап «Автокөлікті автоматтандыру жүйесін басқару» деп аталатын жаңа мамандық ашуды жоспарлап отырмыз», — дейді ол.

Амангелді ауылына көгілдір отын тартылды

Бұдан кейін облыс әкімі Қарабұлақ ауылдық округінің Амангелді ауылы тұрғындарымен кездесіп, ауылға газ құбырының келуі салтанатына арнайы қатысты.

— Бүгінде облыс халқының 91,6%-ы газбен қамтылған. Республика деңгейінде облыс газбен қамтылуы жағынан бесінші орында. Биыл 8,6 мыңнан аса адамды қамтитын тағы 14 елді мекен газ желілеріне қосылады. Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың жол картасы аясында 2025 жылға дейін облыстың 104 елді мекенін газбен қамту жоспарланып отыр.

Облыста  300-ден астам елді мекен болса, соның 126-сына газ тартылды. Келешекте басқа да шағын ауылдарға көгілдір отын жеткізіледі. Басқа облыстармен салыстырғанда бізде газ жүргізу жұмыстары айтарлықтай қарқынды жүргізіліп келеді. Қарағанды, Нұр-Сұлтанның өзіне газ енді келіп жатыр, онда да басым көпшілік ауылдар көгілдір отынның игілігін пайдалана алмай отыр. Сондықтан, қолымызда тұрған алтынның қадірін білуіміз керек. Керегесі кең, терезесі тең ел болғанымыздың арқасында осындай иігіліктерге қол жеткізіп отырмыз. Көбі Кеңес одағын аңсайды, бірақ ол кездері бұқара халыққа ешқандай жағдай жасалмаған, ешбір ауылға газ тартылмаған. Алдағы уақытта жол мәселелерін де рет-ретімен шешеміз,  —  деді облыс әкімі ауыл тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтау сөзінде.

Амангелді ауылына жол тарту жобасын «Батысгазстрой» ЖШС жүргізген. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен  119,4 млн теңге қаражат жұмсалған. Жоба аясында 226 тұрғын газбен қамтамасыз етілді.

Облыс әкімі ауыл тұрғыны Қалиевтер отбасына аялдады.

—  Ауылда 2008 жылы жас маман болып келдім. Бұрын от жағу үшін бір қысқа 6 тонна көмір алатын едік, соның өзіне 100 мың теңгедей ақша кететін. Енді газ қондырды, көмір алып, тезек тасымайтын болдық. Жолдасым екеуміз мектепте жұмыс істейміз, төрт баламыз бар. Ауылымыз күн сайын көркейіп келеді, — дейді отанасы Балшырын Қалиева. Ауыл үлкендерінің атынан сөйлеген Саламат Қалдығұлов ауылдың бұл күнгі қуанышы елді мекеннің тіршілігіне тың серпін беретінін тілге тиек етті.

Ақтөбе облысының энергетика, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Ержан Мұздыбаев облыс әкіміне облыстағы, Алға ауданындағы газдандыру мәселелері туралы ақпарат берді.

Бүгінгі таңда  819 мыңнан астам тұрғын — облыс халқының 91,6%-ы газбен қамтамасыз етілген. Республика деңгейінде облыс газбен қамтылу бойынша 5- орында.

Биыл  газ желілеріне тағы да 8,6 мыңнан астам адамды қамтитын 14 елді мекен қосылады. Бұл тұрғындардың 92,6%-ын газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Nur Otan жол картасына сәйкес 2025 жылға дейін облыстың 104 елді мекенін газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Ал Алға ауданының газ құбырларының жалпы ұзындығы — 451,4 шақырым. 30 елді мекеннің 22-сі (73,3%) газдандырылған, көгілдір отынның игілігін 39 919 адам (97%) көріп отыр. Биыл аудан әкімдігі Еркінкүш, Талдысай ауылдарына газ жеткізу жұмыстарының жобалау-сметалық құжатын әзірлеп, оң қорытындысын алған.

Облыс әкімі Амангелді ауылының мәдениет орталығы және тойхана орталығын да аралап көрді. Бұл орталықта  іс-шара өткізетін 100 орындық зал, сахна, 100 орындық тойхана және демалатын бөлмелер  орналасқан. Ауылдық мәдени демалыс орталығы және тойхана заман талабына сай жабдықталған.

«Өрлеудің» өнімі мен «Абылайдың» қымызы

Қызмет сапары Үшқұдық ауылында жалғасты. Үшқұдық ауылдық округ әкімі Берік Ақдәулетовтің айтуынша, Үшқұдық, Жерұйық, Ақсазды ауылдары кіретін округте 1600-дей дам тұрады. Үшқұдық, Жерұйық ауылдары орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған.

Облыс әкімі Үшқұдық ауылындағы жол жөндеу жұмыстарын қарады. Ауылға кіретін және орталық көшенің ұзындығы 2,7 шақырым болатын жолдарының орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Жұмысты мердігер мекеме «АссанаДорСтрой» ЖШС атқарған. Серіктестік директоры Виктор Дращтың айтуынша, «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» аясында жүзеге асырылған жоба үшін облыстық бюджеттен 106,3 млн теңге қаржы қаралған.

Өңір басшысы жол бойындағы жаяу жүргіншілер жолын реттеуді тапсырды.

Ауданға сапары кезінде облыс әкімі дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығына ерекше назар аударды. Оңдасын Оразалин бірқатар шаруа қожалықтарына соқты.
«Өрлеу» шаруа қожалығы сегіз жыл жылыжай ісімен айналысып келеді. Жылыжайдың 6 гектардан астам жеріне қызанақ, қияр және құлпынай егілген.

— Өнімнің негізгі бөлігі Ақтөбеге жіберіледі. Сату жағынан проблема жоқ.
Соңғы үш жыл мал шаруашылығын да игеріп келеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар да өрге басуда. Келесі жылы 4 мың бас ірі қараға арналған жаңа баздар мен бордақылау алаңдарының құрылысы аяқталады. Сиыр малы гидропондық жасыл жемшөппен бордақыланады. Гидропоника 1 келі дәннен 8 келі жасыл жемшөп алуға мүмкіндік береді. Мұндай жем 95% сіңімді болса, дән 50% сіңеді. Кәсіпті кеңейтуге ниеттеніп отырмыз. Ол үшін электр энергиясы керек. Биыл мемлекет біздің баздарға 10,5 шақырым электр желісін тартып, қолдау көрсетті. Бұл — үлкен көмек, сол үшін алғысымды білдіргім келеді, —  деді Ғалымжан Мошқалов.

«Өрлеу» шаруа қожалығына электр энергиясын тарту жобасы «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Мемлекет бұл мақсатқа 49,5 млн теңге бөлді.

Ақай ауылына қарасты «Абылай» шаруа қожалығы — облыстағы қымыз өндірумен айналысатын ірі шаруашылықтардың бірі. Қожалық басшысы Қыдырбай Ксуповтың айтуынша, тәулігіне 150 литр, айына шамамен 3000-3500 литр қымыз өндріледі. Қазіргі таңда   шаруашылықта 500 жылқы, 664 бас ірі қара бар. Егістік көлемі — 1250 гектар. Биыл шаруа қожалығы «ҚазАгро Қаржы» АҚ арқылы 134,2 млн теңгеге  «Трактор Беларус 920», «Беларус 1222», «К-744», «астық орушы комбайн Джон Дир» техникаларын сатып алып, шаруашылықтың техникалық базасын жаңартқан.

Қыдырбай Ксупов облыс әкіміне былтыр берілген жемшөп субсидиясы үшін ризашылығын білдірді.
— Облыс әкімінің тікелей қолдауымен бүгінде мал сатып алу үшін сиырға — 30 мыңнан, жылқыға — 20 мың, қойға 10 мыңнан субсидия беріліп отыр. Бұл — мал шаруашылығын дамытуға және мал басын көбейтуге үлкен көмек, қуатты ынталандыру. Субсидияның арқасында шағын қожалықтар кооперативке біріккісі келеді. Мемлекет басшысына, облыс әкіміне алғыс айтамыз. Сондай-ақ мемлекеттің ауылшаруашылық техникасын сатып алатын шығынның 35%-ын субсидиялауы да үлкен көмек. Бұл ретте 25 пайызын мемлекет, 10 пайызын облыстық деңгейде субсидиялап отыр. Соның нәтижесінде жаңа техникалар сатып алдық. Бұл да шаруаларға үлкен көмек, — деді ол.

Айта кетейік, биыл қожалық ет-сүт өнімдерін өндірушіден тұтынушыға делдалдық үстеме бағасыз тікелей жеткізу үшін Ақтөбеден екі шағын дүкен ашқан болатын. Өткен аптада Ақтөбе қаласындағы 12-шағын ауданда шаруашылықтың «Біздің ферма» деп аталатын дүкені ашылды. Мұнда шаруашылықтан дүкенге тауарлар тікелей делдалсыз жеткізіледі.

Шаруалармен сөйлесіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдаған облыс әкімі өзінің орынбасары Жақсығали Иманқұловқа ауыл шаруашылығын әрі қарай дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді, соның ішінде ауыл шаруашылығын өндірушілерге субсидияның уақытында төленуін қамтамасыз етіп, жемшөп дайындау мәселесін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,

Ақтөбе-Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button