Жаңалықтар

17 бала мен 108 жүкті әйел ем алып жатыр

Брифинг

Облыста соңғы тәулікте коронавирус инфекциясы бойынша 382, пневмониямен 5 жағдай тіркелді. Қазіргі таңда инфекциялық ауруханаларда 1316 адам ем алуда. Аурудың тәуліктік өсу қарқыны 1,8 пайызды құрап отыр.

Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялық қызметі орталығында өткен брифингте

облыс әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен  облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев баяндады.

— Жалпы, пандемия басталғалы коронавирусқа шалдыққан 24940 адам анықталды. Бүгінде оның 74 пайызы жазылып шықты. Өкінішке қарай, жыл басынан бері 307 адам індеттен көз жұмды. Барлығы 368 балаға және 190 жүкті әйелге СОVID 19 диагнозы қойылды. Қаіргі таңда стационарларда 17 бала мен 108 жүкті әйел ем алып жатыр. Реанимацияларда өкпені жасанды желдету аппаратына 12 науқас қосылды.

Инфекциялық кереуеттердің 70 пайызында науқас жатыр. Облыстың 37 медициналық ұйымында 173 мобильді бригада жасақталды. ПТР жүргізуге арналған зертханалар тәулігіне 5 400 сынама алып жатыр.

Биыл ақпан айынан бастап өңірімізге 536 000 доза вакцина жеткізілді. Екпенің бірінші компонентін 269 000, екінші компонентін 208 114 адам алды, — деді Руслан Хамбаров.

Биыл көктемнен бастап өңірде вирус жұқтырғандар саны артып отыр. Мәселен, сәуір айында 3909 жағдай тіркелген. Бұл көрсеткіш мамыр мен маусымда сәл түссе, 21 маусымнан бастап вирустың «дельта» штамы тіркеле бастаған. 2-8 тамыз аралығында індет жұқтырғандардың саны 2655-ке күрт өскен.

— Қазіргі таңда аурудың тәуліктік өсу қарқыны — 1,8 пайыз. Негізінен, 40-49 және 60-65 жас аралығындағы адамдар арасында вирус жұқтыру дерегі жиі тіркеліп отыр. Биыл 14 жасқа дейінгі балалар арасынан 2391 жағдай анықталды. Балабақша тәрбиеленушілері арасында — 139, студенттер арасында 137 жағдай тіркелді. Қазіргі таңда үй карантиніне 9504 адам алынды, оларға медициналық бақылау жүргізілуде, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Оның айтуынша, қазір аймақтағы эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. Сондықтан карантиндік шектеу шаралары туралы қаулы әзірге күшінде қалады.

Қазіргі таңда облыстағы инфекциялық ауруханаларда 1316 адам ем алуда. Оның 985-і Ақтөбе қаласында болса, қалған 331-і — облыс аудандарында. Аудандар бойынша ең көп науқастар Хромтауда тіркеліп отыр.

— Жалпы, биыл облыс бойынша 522 000 адам екпе алуға тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар белсенді жалғасуда. Вакцина қоры жеткілікті.

Қазіргі таңда вирусқа шалдыққан екі баланың жағдайы ауыр. Сондай-ақ өткен аптада екі жүкті әйел індеттен қайтыс болды. Себебі олардың бұрын да созылмалы аурулары бар екені анықталып отыр. Жан сақтау бөлімшесінде бір айға жуық ем алса да, құтқару мүмкін болмады. Бүгінде 108 жүкті әйел Ақтөбе медициналық орталығында ем алып жатыр, — деді Рүстем Исаев.

Руслан Хамбаровтың айтуынша, биыл қазан айында елімізге коронавирусқа қарсы  «Pfizer» вакцинасы жеткізілмек. Бұл екпе түрін 12 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер алатын болады.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button