Тәуелсіздік — 30

Ынтымақты ыдыратпаушы күш

Конференция

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Қазақстан Республикасының «Медиация туралы»  Заңының 10 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясындағы Медиация институтының 5 жылдығына орай «Медиация — уақыт талабы» тақырыбында халықаралық конференция өтті.

Ақтөбе қаласының «Халықаралық келіссөздер академиясы» қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен шараға ZOOM платформасы арқылы АҚШ, Ресей, Болгария және әлемнің т.б. елдерінен медиаторлар қатысты. Шараға Ақтөбе  облысының медиаторлар кеңесінің басшысы, медиатор-жаттықтырушы Светлана  Балпейісова төрағалық етті.

Конференция барысында қазіргі уақытта АҚШ-та тұратын отандасымыз Данна Саммерс «Отбасылық қатынастардағы өзекті мәселелер» тақырыбында қызықты әрі танымдық баяндама жасады. Сондай-ақ кәсіби жаттықтырушы-медиатор, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау орталығының талдаушысы, Ұлыбритания медиаторлар алқасының сертификатталған медиаторы, РФ Ұлттық медиаторлар ұйымының мүшесі, Мәскеу қаласынан жаттықтырушы-медиатор Марина Быкованың «Бала және оның медиацияға құқығы» тақырыбындағы баяндамасы объективті болды. Қазақ-орыс халықаралық университетінің құқық кафедрасының меңгерушісі Нелли Каирова мен кәсіби медиатор Артем Коняхин өз сөздерінде бүгінгі күні медиацияның рөлі қаншалықты зор, оның артықшылықтары мен болашағы қандай деген  сұрақтарға толыққанды жауап берді.

 — Медиация  — қоғамда тұрақтылық орнатып, өзге ұлт арасындағы достық пен ынтымақты нығайтушы күш.  Дау мен жанжалды бітімгершілік жолымен шешіп, азаматтар арасындағы адами құндылықтарды сақтап қалудың бір жолы, — деп атап өтті өз кезегінде сөз алған жаттықтырушы-медиатордың бірі Талшын  Италиева. Конференция барысында қатысушылардың қоғамдағы құқықтық мәдениеттің даму деңгейін жоғарылатуға арналған баяндамалары тыңдалып, сұрақтарға жауап беріліп, алдағы уақытқа  жоспарланған жобалар талқыланды.

 А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button